Қазақ тілін үйрену үшін бар күшімді жұмсаймын - АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі

АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Уильям Мозер forbes.kz басылымына берген сұхбатында қазақ тілінің қолданыс аясының кеңейгенін байқағанын айтты, деп хабарлайды Qamshy.kz.

«Бүгінгі Қазақстанның 1990 жылы мен көрген елден айырмашылығы өте үлкен. Қазақ тілі қолданысының кеңейіп, танымалдығының арта түскеніне куәмін. Бұл, әсіресе, жастар арасында ерекше байқалады», – деген ол, 20 жылдан астам уақыт бұрын Алматыда қызмет еткенде көшеде қазақша сөйлейтіндерді сирек көргенін айтты.

Оның сөзінше, қазір қазақ тілі күнделікті қарым-қатынас тіліне айналып бара жатыр.

«Мен орыс тілін алматылық таксистерден үйрендім деп әзілдейтінім бар. Қазақ тілін үйрену үшін де бар күшімді жұмсаймын. Оған маған елшіліктегі мұғалімім көмектеседі», – деді Уильям Мозер.