КІТАП ОҚУ ЭСТАФЕТАСЫН ПРЕЗИДЕНТ ТЕ ҚОЛДАУДА

Қазіргі карантинді "үйқамақ" деп, тарлан ағам Талғат Теменов тауып айтқандай, бұндайда кітап оқығаннан не артығы бар шынында! Елордадағы Ұлттық академиялық кітапхана ұйытқы болып, қазақ зиялылары қолдап, өтіп жатқан "Қандай кітап оқып жатсыз?" эстафета-челенджі бұндай тар кезеңде жанға дауа екені анық. Қазақстанның басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Жазушыларының басшысы Ұлықбек Есдәулеттен осы эстафетаны қабылдап алғаны бұл челендждің көрігін қыздырды. Қазақ әдебиетінде детектив жанрының негізін салған, кезінде шытырманды шығармаларын әр қазақ жастығының астына жастап оқыған көрнекті жазушы Кемел Тоқаевтың ұлы Қасым-Жомарт Кемелұлы өзі оқып жатқан және оқуға ұсынатын кітаптар тізімін жариялады. Тізім ұлыларымыз Жүсіп Баласағұн мен Абай шығармаларынан бастап, алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбайдың "Құнанбайы" қостап, көп саланы қамтыпты. Қазақ басылымдарының ішінде қаламгерлердің "Қазақ әдебиеті" газетін, "Ана тілі", "Жұлдыз" журналы "Түркістан" газеттерін оқитынын біліп қуанып қалдық. Ана тілі дегеннен шығады, Ана тілімізді заңды төрге шығару мақсатында Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау үшін әлемге әйгілі ұлт зиялылары бастаған Ашық хатқа халықтың қолын жинап, бүгінде бір аптадай уақытта 75 мыңнан асырып жіберген "Қазақ үні" газеті мен ұлттық порталын да тізімге қосып қойса дұрыс болар еді деп біз отырмыз. Бұл енді Президенттің баспасөз хатшысы, қазақы қанды журналист Берік Уәлиге айтып жатқан құлаққағысымыз...   Мемлекет басшысы отандастарына ұсынған эстефетаны біз де қабылдаймыз. Өз кезегімізде қазір қысылтаяң уақытта қолымыздан табылып, оқып жатқан және оқуға ұсынатын кітаптар: 1.Рашид ад-Дин. «Жамиғ ат-тауарих» 5 томдығы 2.Абай өлеңдері 3.Мағжан Жұмабайұлы шығармалары. 4.Бердібек Соқпақбаев. Балалық шаққа саяхат. 5.Дулат Исабеков. Таңдамалы шығармалары. 6.Төлен Әбдік. "Парасат майданы" 7.Бексұлтан Нұржекев. "Әй, дүние-ай" 8.Смағұл Елубай. "Ақ боз үй" Сонымен қатар мен бұл кітап оқу эстафетасын Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке, Қазақстанның Халық әртісі Талғат Теменге, саясаткер Әлихан Бәйменге, ақын Сұраған Рахметке, журналист Арман Сқабылұлына жолдаймын. Қазыбек Иса, Қазақ үні