Ақмолалық ауыл шаруашылық тауар өндірушілері дабыл қағуда

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес ел экономикасының басты тірегі – ауыл шаруашылығына барынша назар аудару жүктелген. Тіпті, коронавирус инфекциясына байланысты төтенше жағдай жарияланғаннан кейін осы жылдың 31 наурызында ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге жанармай бағасының литрін 165 теңгеден асырмау туралы тапсырма да берілді. Алайда, жергілікті өңірлерде Президент жүктеген міндеттер орындалмақ түгілі, аграрлық серіктестіктер орасан шығынға бататын түрі бар... Мәселенің мәнісін жіліктеп жеткізейік.     Жыл сайын көктемгі егіс науқаны басталар шақта жанармай бағасының шарықтап, ауылдағы диқан жұрттың шаруасы шатқаяқтап қалатыны бар. Үкімет нарықтық бағаға сәйкес ауыл шаруашылығын қолдау үшін қолжетімді деңгейде бағаны бекіткенімен, жылда жер емшегін емген жұрт мұндай жанармайға қол жеткізе алмай-ақ келеді. Өкінішке орай бұл шындық болып тұр. Биыл да сол баяғы жартас бір жартас күйі қалар ма екен деген қауіп басым. Бір жағынан әлемді алаңдатқан коронавирус салдарынан егінін қалай саларын білмей абдыраған ауылдағы диқан қауымға жанармай бағасының тым қымбат болуы жығылған үстіне жұдырық болған. Өңірлерде іргелі жанар-жағармай құю станциялары бағаны төмендетуге үзілді-кесілді қарсы. Өйткені, олар бұған дейін төленіп қойған жанармай көлемінің шығыны Мемлекет басшысы белгілеген бағадан асып кеткенімен түсіндіреді.     Иә, жылда көктемгі егіс пен күзгі орақ науқанына мемлекеттен қомақты қаражат бөлінеді. Ауыл шаруашылығы тауарөндірушілеріне жанармай мен қажетті тұқым алуына межелі баға бекітілген. Бұл жылы саясат сахнасындағы ахуалдар мен мұнай бағасының шамадан тыс құлдырауына байланысты жанармай бағасының шекті құны үш мәрте өзгертілді. Алғашында жанармайдың нарықтық құны тоннасына 194 мың теңге (1 литр -  161теңге) деп белгіленген. Бірақ кейін түрлі өзгерістерден шекті жанармай бағасы тоннасына 184 мың теңгеге (1 литр – 153 теңге) арзандаған. Ал мемлекет басшысының 31 наурыз күні жасаған мәлімдемесіне сәйкес ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін жанармай құны литріне 165 теңгеден асырылмауы тиіс. Жанармай өндірушілердің шығару құны тоннасына 174 мың теңге яғни литрі 144 теңгеге саудалануы тиіс еді. Бірақ... Жергілікті жерде бұл мәселе әлі де болса аса өткір тұр. Мәселен Ақмола облысына жанар-жағармай жеткізу үшін 13 оператор мен ірі ауыл шаруашылығы тауарөндірушілеріне 6 жеке оператордан белгіленген. Облыста көктемгі егіс науқанын өткізу үшін Павлодар мұнай-химия зауытынан 30 мың, «ПетроҚазақстан ОйлПродактс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен 32 мың, Атырау мұнай өңдеу зауытынан 6 мың барлығы 68 мың тонна кепілдендірілген жанармай бөлінген. Былайша айтқанда, жанармай жеткілікті. Арба сау, өгіз де аман.     Жергілікті биліктің пәрменімен наурызда бөлінген жанармайдың 30 мың тоннасы көктемгі егіс науқанын бастауға бөлінді. Оның ішінде 1 сәуірде мұнай өңдеу зауыттарынан жергілікті операторларға литріне 161 теңгеден 23 мың тонна жанармай берілген. Яғни жанармай құю станциялары  тоннасына 177 мың теңгеден сатып алуға мәжбүр болған. Ал мемлекет басшысының тапсырмасымен бағаны түсіру жүктелгенімен, мұнай өңдеуші кәсіпорындар операторлармен сатып алынған жанармай үшін қайта есептесуді жүргізбеген. Ал, жанармай құю станциялары өздерін шығынға батырып, Президент жүктеген бағада сатпайтыны тағы түсінікті. Екі ортада тағы да қарапайым ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері еселенген бағада жанармай алуға мәжбүр.   Мәселен Ақмола облысының Ақкөл ауданында 5 ірі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері жанармай құнын төлеген кезде арадағы айырмашылықтан 100 миллион теңгеден астам шығынға батқан.
  • Мен наурыз айында литрін 177 теңгеден 65 тонна жанармай алдым. Арзандатылғаннан кейін айырмашылығы миллион теңгеге жуықтады. Әрине бұл сома қалтамызда қалса көктемгі егіс кезінде біз үшін үлкен қолдау болар еді, - дейді «Еңбек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Қуаныш Рақышев.
Елдегі жанармай бағасын мен туындаған мәселелерді энергетика министрлігі реттейтіні белгілі. Ал жергілікті атқарушы органдар көктемгі егіс науқанына жергілікті диқанға қаншалықты жанармай қажеттілігін айқындайды. Бұл орайда энергетика министрі Нұрлан Ноғаев айтқан тоннасына литрі 161, ал тоннасы 194 мың теңгеге белгіленген жанармай қайда кетті деген заңды сұрақ туындайды. Ақмола облысының ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметтеріне сенсек 165 теңгелік жанармай әлі келісімшарт жасалмаған яғни сәуір айына бөлінген жанармай үшін жасалады. «Жанармай құю операторларында баға төмендемегендіктен, көктемгі егіс науқанын өткізуге арналған арзан кепілдендірілген жанармайдың қолдан жасалған тапшылығы туындады. Біз палата сарапшылары қалыптасқан жағдайды реттеу мақсатында ауыл шаруашылығы, энергетика министрліктеріне айырмашылықты төлеу жолымен ауыл шаруашылық тауар өндірушілеріне келтірілген шығынды өтеу жөнінде ұсыныстар жолдадық. Мемлекеттік органдардың әрекетсіздігі көктемгі егіс науқанының уақытында аяқтау мүмкіндігін жоғалтып, бұл осы жылғы егін орағына да кері ықпалын тигізбек, - деді Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Жұлдызай Әубәкірова.     Мұнымен қоса ranking.kz сараптамалық агенттігінің зерттеулеріне жүгінсек, кеңінен қолданылатын АИ-92, АИ-95/96 және дизельдік жанармайлар бағасы шарықтап кеткен. Агенттіктің мәліметінше орташа есеппен еліміздегі АИ-92 маркалы жанармай 155 теңе. Зерттеуге Қазақстанның 18 қаласы алынған. Ең арзан бағадағы жанармай Орал қаласында литрі 145 теңгеден саудаланса, қалғандарында 150 теңгелік межеден асып кеткен.     Ал Ақмола олысы дизель жанармай бағасынан көш басына шығып, яғни литріне 198 теңгеден сатылып, елімізде ең қымбат жанармайға ие болған. Иә, Үкімет араласып аталған мәселені біржақты етпесе елдің ырыздығы болған егін егу ауылдағы диқан қауымның онсыз да жұқа қалтасын тақырлайтын түрі бар. Қолдан жасалған тапшылық пен қымбатшылықтың артында кім тұр? Бұл Мемлекет басшысының жүктеген тапсырмасын орындаудан бас тарту ма, әлде белгілі бір тұлғалардың жемсауын толтыратын тиын-тебен бе? Қалай ойлайсыз?!.   Абзал Алпысбайұлы, Қазақ үні