БАЛАҢЫЗБЕН ҚАЙ ТІЛДЕ СӨЙЛЕСЕСІЗ?
2020 ж. 15 сәуір
1601
0
Баланың сөйлеу тілін қалыптастыратын негізгі орта – отбасы екені белгілі. Оған күнделікті өмірде көзіміз жетіп жүр. Көшеде кетіп бара жатқан ата-ана баласымен қай тілде сөйлессе, ол үйдегі сөйлесу тілі де сол деп ұғыңыз. Өз тәжірибемізден түйгендерім мынадай. Біз қалада тұрамыз, отбасында қазақша сөйлейміз. Араласатын туыстарымыз да қазақ тілді. Соның арқасында балаларымыздың тілі қазақша шықты. Әлі де солай. Үлкен ұлым қазақ балабақшасына барды. Мектеп табалдырығын бір ауыз дерлік орысша білмей аттады. Біз мұны оның кемшілігі емес, ұлттық тәрбиедегі бір жетістігіміз деп есептейміз. Өйткені, қабылеті бар бала өзге тілді кез келген уақытта үйрене алады. Екінші, үшінші сыныптарда баламыз орыс тілінде кейбір сөздерді білетінін байқатты. Қайдан үйренді десеңіз, кәдімгі теледидар деген «тәрбиешінің» ісі. Балалар көретін күндізгі уақытта хабарлар мен фильмдер, жарнамалар көбінесе орысша беріледі. Әсіресе жарнамадағы сөздерді жаттап айтуға балалар құмар. Енді міне, үшінші сыныпта орыс тілі пән ретінде оқытыла бастады. Бұған дейін баламыздың қазақ тілінде сөйлеуін мақтан етіп келген біз оған орыс тілін оқытуға өзіміз араластық. Себебі, пәннен берілген тапсырманы орындамаса, түсінбесе, сабақ үлгерімі төмендейді. Тіл білгенінің артығы жоқ, әрине, осыдан бастап, орыс тілінен де сабақты жақсы оқып, бірақ ана тілін бірінші орында меңгерген адам болуына күш саламыз. Екінші сыныпта оқытыла бастаған ағылшын тілі туралы да осыны айтуға болады.
Кіші қызымызды қазақ балабақшасынан орын таппай, аралас балабақшаға бір жыл беруімізге тура келді. Үйде қазақша, балабақшада орысша тілді естіп жүрген балаға қиын болды, дегенмен, отбасындағы сөйлеу тілі жеңіп шықты. Кейінгі жылдары мектеп оқулықтарының сапасына көп сын айтылып жүр. Баламен бірге мектеп бағдарламасын қайта оқып жүрген ата-аналарға бұл да мәлім. «Біздің кезімізде бұлай емес еді ғой» деп жатады. Әсіресе орфографиялық сөздіктердің бірізді болмауынан сауатты жазуға нұқсан келіп жатыр. Мысалы, «әртүрлі» деген сөзді қазір қосып жазып жүрміз. Ал осыдан жиырма жыл бұрын мен шығармада «әртүрліні» бірнеше рет қосып жазғаным үшін жоғары оқу орнынан құлап кеткенім бар.
Жиырма жылдан бері қоғамның күн тәртібінен түспей келе жатқан тіл мәселесін дұрыс жолға қою үміті әлі де үзілген жоқ. сондықтан, әрқайсысымыз өзімізден бастайық. «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген ұран бар ғой. Солсияқты, «Әке баласымен, шеше баласымен қазақша сөйлессін». Бұдан былай дүниеге келген балаға есімді қазақша қояйық, «ов» деген қосымшадан арылайық, сонда болашақта балаларымыз аты-жөнін өзгерту, құжат жаңалау мәселесімен бас қатырмайтын болады. Жеке фирма ашсақ, атын қазақша қояйық.
Қайырбек ШАҒЫР,
Қазақ үні