«Жаңалық» мемориал кешенін дамыту - жаңа буынның қастерлі борышы

«Жаңалық» мемориалды кешені – тоталитаризм жылдарында Алматы қаласында атылған саяси қуғын-сүргін құрбандары көмілген қорымға қойылған ескерткіш. Ол Республикалық сакральды объектілер тізіміне енген. Бұрыннан тарихи-мемориальдық кешен ретінде Республикалық және Алматы облыстық өкілетті органдардың шешімімен мемлекетттік қорғауға алынған.

Кешеннің ашылуы Қазақстанның «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы қызметіне тікелей байланысты. 1990 жылы Алматы түбіндегі Жаңалық елді мекені жанындағы саяжайлар үшін бөлінген аумақтан бас қорабын оқ тескен адамдардың сүйектері табылған-ды. Саяжайлық жерлерден ҚазТАҚ «Әділет» мұрындық болып қазып алынған сүйектерге соттық-медициналық сараптама жасалды, республикалық Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті олардың саяси қуғын-сүргін құрбандарының сүйектері екенін, Үлкен террор жылдары атылғандардың сол маңға, ашаршылықта босап қалған Әли ауылының орнына көмілгенін мойындады. Сот-медициналық экспертизадан өткізілген құрбандар сүйегі 1993 жылы Жаңалық аумағында қаралы-салтанатты рәсіммен жер қойнына берілді. Қорым ретінде танылған аумақ 15 га жер Алматы облысы Талғар ауданы билігінің шешімімен саяси репрессиялар құрбандарын есте қалдыруға бағытталған құрылыс нысандарын салу және тиісті еске алу әрі тарихи-ағарту шараларын жасап тұруы үшін 1997 жылы мемлекеттік актімен ҚазТАҚ «Әділетке» бөліп берілді.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев «Әділет» қоғамының құрылуына он жыл толуына орай 2000 жылы қабылдауында болған қоғам төрағасы, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҚР ҰҒА академигі, т.ғ.д., проф. М.Қ. Қозыбаев бастаған делегация айтқан өтінішті тыңдап, атқарушы билікке тиісті тапсырмалар берді. Сол кездегі Алматы облысының басшысы З. Нұрқаділовтің бастамасымен қорым басына «Жаңалық» мемориал кешенінің басты ескерткіші салынып, оны 2002 жылы 31 мамырда салтанатты түрде ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың өзі ашты.

Міне, жиырма жылдан бері жыл сайын 31 мамыр күні осы жерде сонау 30-шы жылдарғы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған шара өтіп тұрады. Атап өтерлік бір жайт, 2017 жылға дейін бұл шараны Алматы облысы мен Алматы қаласы әкімдіктері бірлесе ұйымдастырып, кең көлемде атап өтілетін. 2017 жылы Алматы қаласында Ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш ашылған соң (ол жерде «Әділет» қоғамы орнатқан тас белгі ширек ғасыр тұрды, жақын жерде екі жыл жұмыс істеген Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі болды) қаралы жиынға қатысушылар екіге бөлінетін болды. Өйткені екі жиын да бір күні (31 мамыр), бір уақытта (сағ. 10.00-да) өтетін болып белгіленеді.

Сол 2017 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алматы облысы әкімдігі Жаңалық мемориалды кешеніне көңіл бөліп, облыс әкімі А.Ғ. Баталовтың бастамасымен ұзақ жылдардан бері республикалық деңгейде сөз болып келе жатқан Саяси қуған-сүргін құрбандары музейі салынбақшы болды. «Әділет» қоғамы (төрағасы проф. Ғ.Әнес) өзіне тиесілі 15 га жерден заңды түрде 1 га жерді мемлекеттік акті арқылы Музей құрылысына бөліп беріп, 2018 жылы құрылыс жұмыстары басталды. Жоспарға сәйкес музей құрылысы 2019 жылы наурыз айында бітуі тиіс болатын. Әйтсе де облыс әкімі А.Ғ. Баталовтың тікелей қадағалауының нәтижесінде құрылыс қазан айында толық аяқталды. Одан соң М.Тынышбаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейінің тікелей араласуымен Музей іші толық жабдықталып, 2018 жылы 27 желтоқсан күні Тәуелсіздік күніне орайластырып, облыс басшысының қатысуымен Музей салтанатты түрде ашылып, өз жұмысын бастады.

Мейіржан Мусабаев,

«Саяси қуғын – сүргін құрбандары» музейінің меңгерушісі