Елімізде отаншыл, мемлекетшіл банктер неге жоқ?

ҚР Тұңғыш Президенті

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа

ҚР Президенті

Қасым-Жомарт Тоқаевқа

Ашық хат

 Аса мәртебелі Елбасы, қадірлі Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Күллі әлемді әбігерге салып отырған пандемияға байланысты елімізде төтенше жағдай жарияладыңыз. Халқыңыз сізді қолдап тас-түйін бірлесіп, бұл індетке қарсы күресті бастап кетті. Осы қиын кезеңде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының үндеуіне орай Атымтай Жомарттар қолдарынан келгенше көмек қолын созуда. Ал өзіңіздің бастамашылдығыңызбен халыққа 42500 теңгеден әлеуметтік көмек беру мәселесі де қолға алынып жатыр. Ең бастысы жұмыссыз қалған азаматтардың банктерден алған несиелерін уағында төлей алмай қалған жағдайда, 3 айға дейін ешқандай шара қолданбауын пәрмен еттіңіз. Коронавирус пандемиясына және оның Қазақстан экономикасына теріс ықпалына байланысты төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен кәсіпкерлерді қолдау үшін, Ұлттық банк қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасын әзірледі. Сіздің ұсынысыңыздың арқасында қолға алынып жатқан осы игі шаралардың алдағы уақытта ойдағыдай жүзеге асатынына сенімдіміз. Алайда, бұл бастамалардың аясында, өсімқор банктер тарапынан келеңсіз жайттардың туындайтындығы жөнінде азаматтардың үндеу тастап жатқандығын жасыра алмаймыз. Сіздің әлеуметтік желідегі жеке парақшаңыз арқылы халықпен тікелей тілдесіп, олардың мұң-мұқтажына құлақ асып отыратындығыңызды жақсы білгендіктен осы Ашық хатты жазып отырмыз. Бұл ашық хатты сіздерге банктердің әбден шегіне жеткен ашкөздігінен кейін жазуға мәжбүр болдым. Еліміздегі осындай жағдай кезінде де қара жолдан таймауы елдің ашуына тиіп, наразылығын өршітті.

Соңғы күндері әлеуметтік желіде Айжан Балакешова деген азаматшаның сізге бейнежазбамен жіберген жанайқайы таралып кетті. Мүмкін, сіз бұл видеоны көрген де боларсыз. Бұл жердегі Айжан Балакешованың айтып отырғаны қазіргі таңдағы халықтың жанайқайы деп білгеніңіз жөн. Қазіргі кезде Екінші деңгейлі банктер сіздің пәрменіңізді орындағансып, іс жүзінде өздерінің жеке пайдаларын барлығынан жоғары қойып отырғаны анық. Мұны Айжан Балакешова ашына жеткізеді. Мәселен сіздің тапсырмаңыз бойынша, несиені үш айға шегереді де, кейін оның пайызына үстіне тағы да өз пайызын қосады екен. Егер банктер шынымен де бұл ойларын жүзеге асыратын болса, Айжан ханым айтпақшы олардың әрекеттері мына вирустан да қауіпті болайын деп тұр. Біз сізге осы видеоны қоса жіберіп отырмыз. Жүректі шымырлатып жіберді. Біздің ұжымның 99%-ы кредитке байланған, үйсіз-күйсіздері де баршылық. Шынында да екінші деңгейлі банктердің мұндай сорақылыққа баруы халықтың алдында, мемлекеттің алдында қылмыс жасағанмен пара-пар болмақ. Осындай қиын кезеңде бүкіл әлем жұдырықтай жұмылып, адамзатқа төніп тұрған ауыртпалықтан шығуға әрекет етіп жатқанда банктердің мұндайға баруын қалай түсінуге болады?  «Отаншылдық, мемлекетшілдік қайда?» дейді азаматша ашына сөйлеп. Содан кейінгі тағы бір проблема, өзіңіз белгілеген 42500 теңгені халықтың оңтайлы жолмен ала алмай жатқандығы болып отыр. Осы төңіректе де халыққа шұғыл көмек қажет. Қазір адамдар карантин жағдайына қарамастан топ-тобымен пошта, банктердің алдында кезек күтіп тұр.

Қадірлі Қасым-Жомарт Кемелұлы! Видеода айтылғандарды, банктерге аса жоғары пайыздармен несие төлеп жатқан қалың халықтың жанайқайы деп қабылдаңыз. Өзіңіз де білетін боларсыз. Әлемді шарпыған экономикалық дағдарыстар мен сәтсіз экономикалық реформалардың кесірінен елдің әлеуметтік жағдайы төмендеп кетті. Қазіргі күнде қарапайым халықтың басым бөлігі несиемен күн көріп отыр. Ақпарат пен технологияның дамыған заманында, халықты алдау мүмкін емес. Сондықтан барынша шынайы ақпараттардың таралғаны мемлекет үшін де, халық үшін де тиімді екенін дұрыс түсінеді деп ойлаймыз.

Қазақстанның қор нарығында жұмыс істеп жатқан 60-қа жуық екінші деңгейлі банк бар. Халық сол банктердің нағыз иелерінің кім екенін, басты акционерлерінің кімдер екенін жақсы біледі. Сондай-ақ экономикасы дамыған, Батыс елдерінен 3-6%-дық өсіммен алып келген ақшаларын, қазақстандықтарға 20-45% аралығындағы өсімдермен таратып, халықты қарыз дейтін қыл арқанмен матап ұстап отырғандығын да қара ормандай халқыңыз жақсы біліп отыр. Мұндай мен басқарып отырған ұжым қызметкерлерінің кез келгені де бар. Қаншама жылдан бері қарай «екінші деңгейлі банктерді сауықтыруға», Ұлттық қордан талай рет қомақты қаржы бөлінгені мәлім. Ал халыққа жоғары өсіммен ақша таратумен қоса, мемлекет қазынасынан да қыруар көмек алып отырған сол банктердің мынадай қиын жағдайда үнсіз отырғаны нені білдіреді? Керісінше, сіздің «несиелерді 3 айға дейін тоқтата тұру» туралы ұсынысыңызды, өз пайдаларына асырғалы жатыр екен. Бұл не деген жауыздық?! Онсыз да жұмыссыздық кесірінен, банктерден алған несиелерін төлей алмаған қаншама қазақтың шаңырағы шайқалғаны белгілі,жетім бала жесірлер қаншама., ажырасудыңда алдыңғы қатарда тұруымыз  белгілі.Әлде халықтың бастарынан кешіріп жатқан осындай қиын жағдайлары туралы ақпараттар сіздерге жеткізілмей ме?

Тұтқиылдан келген аты жаман індет бірлігімізді бекемдей түскендей. Елдігімізге, халқымыздың ауызбірлігіне күнде куә болып отырмыз. Шүкірлік етеміз. Өзіңіздің осындай қиын күндерде қолға алып жатқан бастамаларыңызға да алғысымыз шексіз! Алайда өсімқор банктердің ел басына күн туған шақта безбүйректік танытуын халық қабылдай алатын емес. Қазірге дейін ешқандай банктің басшысы, халықтың алдына шығып, қиналған адамдарға көмектесетіндіктерін айтқан жоқ. Есесіне қарапайым халық қолындағы бір үзім нанын бөлісіп жеуді бастады. Біздің қоғам онсыз да жемқорлықтың шегіне жетті. Жақында ғана тұтқындалған бір әкімнің былтырғы Арыста орын алған жарылыс кезінде, халыққа деп аталған көмек қаражатты «қызыл өңешінен асырып жібергені» белгілі болды. Не деген масқаралық бұл?! Бұл Отанымыз алдындағы сатқындық! Мұндай жемқорлар халықтың жауы! Қиын күнде халқына көмектеспеген азаматтың арына сын! Банктер де солай. Біз Елбасыға және сізге арнап отырған бұл хатымызды Ұлттық қордың ақшаларының есебін түгендеу үшін немесе сізге жөн сілтеу үшін жазып отырмағанымызды ескертеміз. Қазір «Ашық хат» жазғыштар көбейді. Дегенмен осының барлығының өзіңізге ерекше сенімі бар бар екенін түсінсеңіз .

Жанашырлық, имандылық, отаншылдық, мемлекетшілдік жоқ елде өсіп-өну, даму болмайды. Біздің елімізде жемқорлықтың күшеюінің, банктердің «аңқау елге арамза молда» дегендей халықтың қанын білдірмей соруының түп негізі осында жатыр. Егер біз Елбасымыздың армандағанындай 30-50 дамыған елдердің қатарына тұрғымыз келсе, осындай жегіқұрттарға аяусыз қарсы күресуіміз керек. Қатаң жаза керек! Бізде жемқорлардың ірілері негізінен шенеуніктер арасынан шығып жатқаны ащы шындық. Міне, осы «вирустар» өте қауіпті вирустар. Бұлар халықтың, мемлекетіміздің жаулары. «Жауды аяған жаралы болды» демекші ұсталған жемқорлардың басынан сипағанды қоюымыз тиіс. Жазасын алсын! Анау-мынау емес ең ауыр жаза! Бұл біздің ғана емес, халықтың талабы. Сонда ғана алға басамыз, сонда ғана дамыған, кемелденген 30 елдің қатарына нық тұрамыз.

Банктердің халықты сүліктей сорып, тал түсте тонап жатқаны жайлы талай мәрте айтылған, жеріне жеткізіліп жазылған. Ол ащы пікірлерді, жанайқайларды, шындықты банк естімейді, көрмейді. Керең, соқыр. Орыс ақыны Николай Некрасовтың банк жүйесі туралы атам заманда айтқан мына пікірі әлі де күшінде: «Банкир күн шығып тұрған кезде сізге қолшатыр беріп, жаңбыр сіркірей бастағанда оны тартып алатын адам». Қарапайым бұқараны тонау арқылы байып жатқан банктерге тағы да қандай теңеу айтуға болады? Тәуелсіздік алғаннан кейін капитализм жолына түскеннен бастап банктердің құдайы берді. Біздіңше олардың көзге көрінетін, көрінбейтін пайыздарын тоқтатудың, жолын кесетін қатаң шаралар ойластыруымыз тиіс. Шетелдік банктердің халыққа ыңғайлы деген әдістерін, тәжірибесін пайдалану қажет сияқты. Бәлкім үкімет тарапынан ревизиялық халықтық комиссия құрылып, банктердің жұмысын үнемі бақылап отыру керек шығар. Мұны айтып отырған себебіміз Құдай қаласа мына індет те шегініп, әлем қалыпты өмірге келетіні сөзсіз. «Мұның да артында қайыры бар» дегендей осы індет кезінде болып жатқан, бой көрсеткен олқы тұстарымызды, кемшіліктерімізді дереу жөндеп, еліміздің экономикасын, жағдайын түзеу. Біздің тілегіміз осы қиындықтарды бір кісідей жеңіп, алдағы өмірімізде жарқын шақтарымыз көбейсін. Әмин!

Сәуле Мешітбайқызы «Qazaqstan dauiri» газетінің бас директоры, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Дереккөз: qazdauiri.kz