Есболат АЙДАБОСЫН, журналист, жазушы: «Жетісу» телеарнасы болашақта теле-радио компания болуды көздейді

 Тек Алматы облысының ғана ақпарат жаршысы ғана емес, республикалық маңызды мәселелерді қозғап, олардың оң шешім табуына ұйтқы болып жүрген еліміздегі бірден-бір телеарна – былтыр ғана 20 жылдығын атап өткен «Жетісу» арнасы десек қателеспейміз. «Жер жәннаты – Жетісудың» жан-жақты даму барысымен халықты дер кезінде құлақтандырып отырған аймақтық арнаның ауқымы да күн санап кеңейіп келе жатқаны көңіл қуантады. Осынау телеарнаның тыныс-тіршілігімен толығырақ танысу мақсатында журналистика мен жазушылықтың жүгін қатар арқалап келе жатқан әріптесіміз Есболат Айдабосынмен тілдескен едік.            – Есболат аға, əңгімемізді өзіңіз қызмет атқаратын "Жетісу" арнасының бүгінгі тыныс-тіршілігінен бастасақ? Өткен жыл «Жетісу» телеарнасы үшін ерекше болды. 20 жылдық мерейтойды тойладық.  1999 жылдың 28 сәуірінде Алматы облысының сол кездегі әкімі  Заманбек Нұрқаділовтің бұйрығымен құрылған екен. Бастапқыда  2-3 қызметкер, жалғыз камера ғана болған көрінеді. Жасаған дүниелерін «Қазақстан» телеарнасының эфирі арқылы көрсетіпті. Кейіннен жеке-дара отау тікті, облыс орталығы Талдықорған қаласына көшірілді, жаңа ғимарат салынды. «Жетісу» телеарнасы жиырма жылда жиырмаға толған жігіттей өсті, өнді. Қазір біреуден ілгері, біреуден кем тіршілік етіп жатыр. Алдыңғы жылы “Тұмар” ұлттық байқауында үздік аймақтық телеарна атанды. «Жетісу» телеарнасының стратегиялық мақсатының бірі – теле-радио компания болу. 20 жылдық қарсаңында осы бағытта алғашқы қадам жасалды. Телеарна ішінен арнайы бөлім құрылып радиохабарлар өндірісі басталды. Басшылар ақылдаса келе ол бөлімге жетекші қылып мені жіберген. Аз уақыттың ішінде редакция жасақтап, іске кірісіп кеттік. Алғашқы хабарымыз 2019-жылдың 7-мамырында эфирге шықты. Осылайша 22 жылдық үзілістен соң Талдықорған жерінде радиохабар тарату ісі қайта жанданды. Қазір біздің бағдарламалар жерігілікті 99.9FM (бұрынғы «Nostalgie» радиосы) толқыны арқылы елге таралып жатыр.  Таңғы жетіден түнгі он екіге дейін қазақша хабарлар мен музыкалар беріліп келеді. Бірер ай бұрын «Audio Kitap» жобасын қолға алып, жетісулық жас ақын-жазушылардың шығармаларының аудио нұсқасын жасауды бастадық. Қазірге дейін елуге тарта проза, жүзге жуық поэзиялық шығармаларды дыбыстап қойдық. Болашақта өзіміздің төл толқынымызды алып, жеке-дара радио арна болсақ бұл бағыттағы жұмыстарға серпін береміз деген ойдамыз. – Аймақтық телеарнаның басты мәселесі неде? Республикалық телеарнада бар мәселелер бізде де болуы мүмкін. Оларға тоқталсақ әңгіменің өрісі ұзарып кетеді. Мен телеарнаның қаптаған идеологиялық, шаруашылық, техникалық мәселелерінен көрі маманға байланысты бір ғана мәселені айтайын. Біріншісі, өзіңіз білесіз аймақтық БАҚ республикалық БАҚ-тың басты кадрлық доноры. Республикалық телеарнада қызметте жүрген қыз-жігіттердің өмірбаянын қарасаңыз дені еңбек жолын өңірлерде бастаған. Яғни отандық телеиндустрияның бастапқы ұстаханасы Алматы мен Нұр-Сұлтанда емес, жан-жақта жатыр. Бірақ “ұста пышаққа жарымайды” демекші сол ұстаханаларда “өткір пышақ” яғни білікті маман тапшы. Өйткені жақсы жұмыс істеп, шеберлігін шыңдаған жастардың дені төрт-бес жылдан соң республикалық эфирге ұмтылады. Оларға артар кінә жоқ, елге танылғаны, үлкен бәйгеге ат қосқаны дұрыс. Өзім де салт басты, сабау қамшылы жігіттерге “жас кезде астана жаққа бір барып қайтыңдар” деп кеңес беремін. Дегенмен олар кеткен соң оның орны біразға дейін ойсырап тұратыны рас. Оның орнына келетін жас маман төселіп кеткенше әлгі жоба ақсайды, немесе жабылады. Күндердің күні әлгі жас маман да қанатын қомдап орталыққа қарай самғап кетеді. Оның орнына біреу келеді, ол кетеді. Осындай жағдай... Бұл әрине телеарнаның шығармашылық әлеуетіне, шығарып жатқан өнімдеріне әсер етпей қоймайды. Әрине тұрақты жұмыс істейтін, білім-білігі орталықта жүргендерден кем соқпайтын мықты мамандар баршылық. Телеарнаны ұстап тұрған сол кісілер. – Дегенмен “Жетісу” телеарнасы туралы көп естиміз. Республикалық байқаулардан жүлде алып жатасыздар, ел аузында жүрген бағдарламаларыңыз да бар. Тіпті республикалық арнадан көрмей жүрген дүниені сіздерден көріп қаламыз. – Қазір өзім “Қазспорт” телеарнасын ғана көремін. Онда да спорттық жарыстардың тікелей транслияциясы кезінде қосамын. Онан кейінгі уақытта үйдегі теледидардың қожайыны – балалар. Менің телеарнам қазір мынаған, смартфонға кіріп кетті. Осы жерден көретінімді көремін, оқитынымды оқимын. Ғаламтор келгелі республикалық телеарна, аймақтық телеарна дегендер шартты ұғымға айналып кетті. Қазір әр телеарнаның ютуб желісінде арнасы бар. Бұл біз үшін жақсы құбылыс. Аймақта жатып-ақ айтарыңды айтып, жасарыңды жасап, оны бүкіл ел көлемінде ютуб арқылы көрсетуге мүмкіндік бар. Әзірге компютері аз, интернет игілігіне қосылмаған елді-мекендерге жетпеген шығар, бірақ бірте-бірте бұл мәселе шешіледі. Ол шешілген сайын инетернет телеарнаның тынысы ашылып, көрілім ауқымы ұлғаяды. Өзім күзден бері “Қателік” деген бағдарламаны жасап жүрмін.  Әлеуметтік сауалнама негізінде құрылған жобаны көрермен жақсы қабылдады. Ютуб арқылы Алматы облысының ғана емес, республиканың әр аймағындағы адамдар көріп жатыр. Яғни, аймақта жатып-ақ орталық телеарналармен бәсекелесуге болады екен. Қазіргі уақытта аймақтық телеарналардағы әріптестерім үшін ұлы трансформация басталды.  Олар интернет келгелі бұрынғы шеңберді (аймақтық) бұзып, республикалық аламанға қосылып кеткенін түсінуі керек. “Облыс тұрғындарының рухани сұранысын қанағаттандырып отырмын”, “менің көрерменім солар” деген стероетиптен арылған жөн. Өзгеру керек, ойды өзгерту керек. Аймақтық қана емес, республикалық мәселелерді көтеріп, жалпықазақтық, шама келсе онан да әрірек ойлау керек, бой жеткен жерге дейін бойлау керек. – Саясаттанушы Мұхтар Сеңгірбай “Қазақстанда тәуелсіз журналистика “қайтыс болды” деп ФБ желісіне пост жазды. Оны көптеген сайттар көшіріп басты. Оқыған шығарсыз, келісесіз бе? Оқыдым. Оқып отырып “бізде тәуелсіз журналистика бар ма еді?” деген сұрақ туындады. Біз қазір мемлекеттік емес БАҚтың бәрін тәуелсіз деп ойлайтын секілдіміз. Бірақ олардың бәрі тәуелсіз бе? “Әй, осы тәуелсіз-ау” дегеннің артынан бір партияның немесе саяси амбициясы бар қаржылық, діни топтардың құлағы қылтиып тұрады. Оларды қалайша біз тәуелсіз деп айта аламыз? Оларға “тәуелсіз” дегеннен көрі басқа атау іздестірген жөн шығар. Сондықтан Мұхаң кімнің “жаназасын” шығарғанын түсіне алмадым. – Жалпы Қазақстан журналистикасына айтылған сын деп те қабылдауға болатын шығар. Көп ойымен өз басым келістім. – Сын-пікірлерімен мен де келісемін. Кейбір тақырыптарға көңіл аударылмай, қамтылмай қалған шығар. Бірақ журналистика өлді деп айтуға аузым бармайды. Бізде барлық саланың тасы өрге домалап, тек журналистиканың кежегесі кейін тартып тұрса онда әңгіме басқа. Білім, ғылым, медицина, экономика, қаржы секторы, шағын кәсіпкерлік, саясаттану, әлеуметтану, тарих, әдебиет... Қайсысы тірі, қайсысы өлі, қайсысы комада жатыр? Қазба байлықтан бөлек спортымыз әлемге танылған шығар, Димаштың арқасында эстрадамыз шықты. Басқа неміз бар? Сондықтан қоғам қандай журналистика сондай. Журналистиканың қазіргі жай-күйіне журналистер ғана кінәлі емес. – Енді кім кінәлі? – Кінәлілерді іздеп есеп жүргізсек екеуіміз Есілдің сол жағалауына дейін барып қайтамыз. “Қазақтың соры – мұқтаждық” депті Қадыр Мырза-Әлі. Қазақ журналистерінің де басты соры осы. Мұқтаждықтан журналистер не істемеді, кімнің сөзін сөйлемеді, сойылын соқпады. Бірі оңшыл, бірі солшыл, енді бірі діншіл. Бірі мақтағанды екіншісі даттайды. Итырғылжың тірлік. Біз көп жылдан бері жаңа ақпарат құралының ашылуын журналистика дамуының барометрі ретінде көрсетіп жүрміз. Бір басылым ашылса “ақпарат айдынына бір БАҚ қосылды” деп сүйінші сұраймыз жарыса. Бірақ оны кім ашып отыр, не үшін ашып отыр деген мәселеге онша бас қатырмаймыз. Талай науқандық ақпарат құралы өмірге келді де өз миссиясын атқарған соң құрдымға кетті. Саяси науқан қарсаңында бұрын телеарналар құрылып, газеттер ашылатын, қазір сайттарға салмақ салып жүр. Соңғы бір жылда бірнеше сайт ашылды. Бәрі қоғамдық-саяси бағыттағы ресурс. Мақсаты белгілі, артында тұрған адамдардың да көлеңкелері көрініп тұр. Ол көлеңкелер тегіннен-тегін ақшасын шығындап жатқан жоқ, өз мүддесі бар. Олар отандық медиаға жаны ашиды деп өзімізді-өзіміз алдамай-ақ қояйық, жаны ашыса балаларға арналған, денсаулық, ғылыми-техникалық бағыттағы танымдық сайттарға салар еді ақшасын. Ал олар саясатшыл. Әрине сыйлас әріптестеріміз қызмет тауып, жалақы алып отыр. Оған қуанамыз. Бірақ әлгі “көлеңкелердің” пиғылынан қорқам. Билік транзиті әлі аяқталған жоқ, алда сайлау келе жатыр. Әлгі әріптестерім “Қараш-қараш оқиғасындағы” Бақтығұлдың кебін кимесе деймін. –  Енді өзіңіздің жеке шығармашылығыңызға келсек. Бірер жыл бұрын "Сүлікқара", "Қызыл сақа" атты кітаптарыңыз шығып еді. Жазу жағы қалай болып жатыр? – Өткенде “Қазақ әдебиеті” газеті тура осы сұрақты қойып еді. Былай жауап бергенмін. Қаламгерліктің әдебиет пен журналистика деген қос бәйгесіне ат қосқанның әуелгісі біз емес, соңғысы да болмаспыз. Талайлар жүрген жол, әлі талайдың тағасы тозады. Қос тізгінді тең ұстау қиын әрине, көбіне сыңарезулеп кетеміз. Соңғы бір-екі жыл бедерінде тілшіліктің тәртесіне жегіліп кетіппіз. Ара-тұра “мына жақта да жұмысым бар еді” ғой деп мойындағы қамытты шешіп бірдемені түрткенсиміз. Көңіл шапқанда жап-жақсы бастаймыз, сосын тастаймыз. Басы таудай, аяғы қылдай болып тұрған біраз әңгіме бар еді. Осы карантин кезінде соның екеуінің соңғы нүктесін қойдық. Қазір тағы біреуін илеп, иін қандыру басталды. Әр нәрсенің қайыры бар деген. Басқаны қайдам мына мырзақамақта ішім пысқан жоқ, керісінше уақыт жетпей жатыр. Таң атса, кеш батады. Әрине көңіл күпті, ел қатарлы алаңдаушылық бар. Тезірек мына пәле тезге салынса дейміз. Ел аман болсын!   Сұхбаттасқан: Гүлмира САДЫҚ qazaquni.kz