Омархан Өксікбаев: Елбасы мақаласы халықты сабырға шақырып, елдің еңсесін көтереді

Парламент Мәжілісінің депутаты Омархан Өксікбаев Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласына қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Елбасының мақаласын мұқият оқып шықтым. Нұрсұлтан Назарбаев тағы да халқымен бірге екенін көрсетіп отыр. Қазіргі таңда әлемді шарлап кеткен коронавирус дертінің қатерлі екенін, ол Қазақстанға ғана емес, бүкіл мемлекеттерге қауіп төндіріп жатқаны айтылып отыр. Бүгінгі таңда Елбасы халыққа біз бірге болсақ, тәртіпті ел болсақ, жұмыла көтерген жүк жеңіл түсетінін жеткізді. Ең бастысы қиыншылықты жеңе алатын сарабдал саясат пен тиісті қордың барлығы да ұмыт қалдырылмай, мемлекеттің қауқары, қаржылық мүмкіндіктің барын, экономиканың тұрақтылығын көрсетті», - деді Омархан Өксікбаев ҚазАқпарат тілшісіне телефон арқылы айтқан пікірінде. Мәжіліс депутатының айтуынша індетті еңсеру мақсаты – мемлекет пен Үкімет қолға алған шаралардан бөлек халықтың бірлігін де талап етеді. «Тәуелсіздікпен бірге туған жастардың күш-қайратын көрсетіп, мүмкіншілігін танытатын, үлкендердің жастарға ақыл айтып, парасаттылыққа шақырып, ел бірлігін танытатын кезеңнің келгенін көрсетті. Қиын кезеңде елге қол ұшын созған кәсіпкерлерімізден бастап әр салада алдыңғы қатарда жүрген азаматтарымыздың еңбегі ерекше аталып өтті. Бұл мақала - халқымызды сабырға шақыратын, елдігімізді сақтауда бас қосу керектігін баса айтқан, ұнжырғамызды түсірмей, еңсеміздің көтеріп, қазақтың басынан өтетін бұл да бір кезең екенін еске салып отыр деп айтар едім», - деп түйді Мәжіліс депутаты. Еске сала кетсек бүгін таңертең ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты қазақстандықтарға үндеуі жарияланған еді.