Бастауыш сынып оқушыларында латын әліпбиін қолдануда қиындықтар туындауы мүмкін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың латын графикасына негізделген жаңа әліпбиді жетілдіру керек дегені белгілі. Осыған орай, Алматы қаласында «Латыннегізді қазақ әліпбиі: ұсыныстар, талқы және нәтиже» атты Ұлттық комиссия жанындағы жұмыс топтарының бірлескен кеңесі 2020 жылғы 20 ақпанда өтті. Аталған жиында «акут», «умлаут» және А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты ұсынған әліпби нұсқалары талқыланды. Жаңа әліпбиге көшер кезеңде дұрыс таңдау жасау – ұлт болашағы үшін жауапты іс. Сондықтан да дұрыс таңдау жасап, іргелі іске оң баға бере білгеніміз абзал. Осы ретте ұлт болашағы жас ұрпағымыз, мектеп табалдырығын енді аттағалы отырған балапандарымызды бір сәт көз алдымызға елестетсек. Бұл жерде оқушыға әріп танытып, сол әріпті үйрету процесіндегі мұғалімнің біз ұсынғалы отырған жаңа латыннегізді әліпбиді үйретіп, санасына сіңіруге талпынғанын ойлап көрейікші. Әр әріптің каллиграфиялық жазу үлгісі бары баршамызға белгілі. Әрине, осы ойға келгенде кирилл жазуының каллиграфиялық үлгісі көш ілгері екендігін айтқан жөн. Себебі, әріпті жазғанда бала қолын жазу дәптерінен үзбей, белгілі бір қол икемі қозғалысымен бірде ауада жазып дағдыланса, енді бірде түрлі әдістер арқылы әріптің жазылуын жылдам меңгеретіні белгілі. Ал ұсынылып отырған латыннегізді әліпбидің каллиграфия мәселесіне келер болсақ, ағылшын алфавитін жазуда каллиграфиялық үлгісі жоқтың қасы. Сондықтан латыннегізді қазақ жазуының каллиграфиялық мәселесінде неміс алфавитінің каллиграфиялық нұсқасын басшылыққа алған жөн. Себебі, латыннегізді неміс жазуында сөздерді үзбей жазу үрдісі сақталған. Сондықтан да, кейбір әріптерді меңгертуде бастауыш сынып мұғалімі қандай қиындықтарға тап болуы мүмкін деген мәселені қарастырғым келеді. Бұл ретте, ұлт болашағына саналы білім беру мақсатында мектеп мұғалімдерінен шағын сауалнама алынып, сараланды. Берілген сауалнамада: «W» таңбасын латыннегізді жаңа қазақ әліпбиінде қосуға Сіздің пікіріңіз?; «і» мен «й» таңбаларын қолдануда әліпбидегі таңбалардың орындарын ауыстыруға Сіздің көзқарасыңыз?; «V», «F» әріптерін латыннегізді жаңа қазақ әліпбиінде қолдану керек пе? (керек болса/болмаса неге?) «Сөздерді таратып жазуға (қалай естиміз, орфоэпия заңдылығы бойынша солай жазамыз) Сіздің пікіріңіз?» және т.б. Сауалнама жүргізудегі мақсат – мектеп оқушысының қолына қалам ұстатып, оны әрі қарай саналы, сауатты, дұрыс жазғызып, әріп танытып, әріптен буын, буыннан сөз, сөзден сөйлем құратып үйретуде, яғни, көзшалымға ыңғайлы, нұсқасын таңдап беруге кішкене болса да септігімізді тигізу. Осы ретте ең көп сынға ұшырағаны «W» таңбасы. Мұғалімдер тарапынан латыннегізді жаңа қазақ әліпбиінде қолдануға өте тиімсіз және әріпті оқушыға меңгерткенде қиындық туғызатын жайіттер де аталып өтті. Мәселен, каллиграфиялық жазу үлгісі: әріптің баспа үлгісі, әріптің фонематикалық мазмұны мен сипаттамасы, фонеманың негізгі дыбыстық қоры, әріптің атауы, әріптің каллиграфиялық үлгісі, жазба бас әрпінің жазылу сипаттамасы, жазба кіші әрпінің жазылу сипаттамасын қамтиды. Сондықтан «W» таңбасын белгілегенде аталған талаптарды қалайша жүзеге асыруға болады деген ой келеді. Себебі, берілген таңбаны жазуда бірде «u» әріпінің, енді бірде «w» болып берілетін тұстары бар. Бұл дегеніміз баланы үлкен шатасуға әкеліп соқтырары әбден мүмкін. Сондықтан, бастауыш сынып мұғалімдерінің пікірінше берілген таңбаны әліпбиге мүлдем қоспаған абзал болар. Жүргізілген сауалнама негізінде I мен İ әріптерінің латыннегізді әліпбиде таңбалану орындарын ауыстыру бойынша мұғалімдердің көзқарасын білу еді. Әрине, аталған өзгеріске мектеп мұғалімдері оң көзқарастарын білдірді. Латыннегізді жаңа қазақ әліпбиіндегі І әріпінің каллиграфиялық жазылу үлгісін мектеп мұғалімдері оқушыларға әріпті жазып үйрену машығын қалыптастыруда қосымша ұсыныстарды да береді. Бұл ретте мұғалімдер İ-нің бас әрпі 3 элементтен тұратындығын, оның: жазу жолының жоғары жағынан ілгек жасай отырып, төменгі жазу жолына дейін көлбеу сызық түсіріледі де төменгі жазу жолына жеткенде солға қарай имек жасалады. Әріптің үстіне нүкте қойылады. Имек келесі әріпке үзбей жалғанады. Ал, i-нің кіші әрпі де 3 элементтен тұрады. Олар: үстіңгі жұмыс сызығынан төменгі жазу сызығына дейін көлбеу сызық түсіріледі. Жұмыс жолының төменгі сызығына жеткенде оңға қарай иіледі. Әріптің үстіне нүкте қойылады. Имек келесі әріпке үзбей жалғанатынын атап өтті.   Сол секілді I-нің бас әрпі де 3 элементтен тұратындығын, оның: жазу жолының жоғары жағынан ілгек жасай отырып, төменгі жазу жолына дейін көлбеу сызық түсіріледі де төменгі жазу жолына жеткенде солға қарай имек жасалады. Имек келесі әріпке үзбей жалғанады. Ал, ı-нің кіші әрпі де 3 элементтен тұрады. Олар: жұмыс жолының үстіңгі сызығынан басталып, төменгі жазу жолына дейін көлбеу сызық түсіріледі. Жұмыс жолының төменгі сызығына жеткенде оңға қарай иіледі. Имек келесі әріпке үзбей жалғанады. Бастауыш сыныпқа келген әр оқушыға осы элементтердің барлығын үйретіп, әріпті жазуда қолдағды мен көздағдыны қалыптастыруда үлкен еңбек жатқаны мәлім. Сондықтан бастауыш сынып оқушысы латыннегізді ағылшын алфавитін үйренген кезде шатасу туындамас үшін екі тілдегі «и» әріпінің таңбалануын бірдей қалдырған дұрыс деген пікір білдірді. Сауалнамадағы келесі сұрақтардың бірі - «V», «F» әріптерін латыннегізді жаңа қазақ әліпбиінде қолдану керек пе? (керек болса/болмаса неге?) деген сұрақ болды. «V» әрпі - қазақ тілінде тек кірме сөздерде ғана кездесетін әріп. V-ның үлкен әрпінің каллиграфиялық жазылуы үш элементтен тұрады. Жазу жолының үстіңгі жағынан ілмектеліп басталған көлбеу сызық төменгі сызықты жанай, ойық жасай жоғары көтеріліп, алдыңғы элементпен теңесе отырып, оңға қарай қысқа ойықпен аяқталады да, келесі әріпке көмекші сызықтар арқылы жалғасады. Ал, v-ның кіші әрпінің жазылуы да үш элементтен тұрады. Алдымен үстіңгі жазу жолының сызығынан көлбеу төменгі сызығына дейін келгенде оңға иіліп ойық жасай жоғары сызыққа дейін көтеріледі де, оңға қарай қысқа ойық салынады. Ff әрпі де Vv әрпі секілді тек кірме сөздерде ғана кездесетін әріп. Жалпы, Ff <f> жасалымы: астыңғы еріннің күрек тіске жуысуы арқылы жасалады. Жасалу орнына қарай тіс-ерін дауыссызы дыбысы. Жасалу тәсіліне қарай қатаң жуысыңқы дауыссыз дыбыс. Фонологиялық жағдай: жуан, езулік дыбыстармен іргелес келгенде кірме сөздің барлық жігінде. [fy] «Ff» әріпінің каллиаграфиялық жазу үлгісіне тоқталсақ, F-ның бас әрпі – 3 элементтен тұрады. Бұнда: жұмыс жолының жоғарғы жағынан төмен қарай көлбеу сызық арқылы жазу жолының астыңғы сызығына дейін соза отырып, солға қарай иіледі. Екінші элементі төменнен жоғары қарай иілген имек арқылы басталып, көлденең түседі. Үшінші элементі көлбеу сызықтың үстіңгі жұмыс жолымен түйіскен жерінен белдік сызық салынады. f–ның кіші әрпі 2 элементтен тұрады. Жазу жолының ортаңғы нүктесінен басталып, жоғарылап оңға қарай көтере ілмек жасай отырып, көлбеу сызықпен төменге көлбеу сызық түседі. Қолды үзбей көлбеу сызықты жазу жолының төменгі сызығынан түсіреміз. Жазу жолының төменгі сызығымен түйіскен жеріне ойық белдік салынады. Келесі әріпке ойық белдігі арқылы жалғанады. Бастауыш сынып мұғалімдерінің пікірінше, аталған әріптер тек кірме сөздерде ғана кездесетіндіктен, Әліппедегі оқытылатын әріптер тізбегінде соңына қойылуы керек. Себебі, бұл әріптерден сөз, сөзден сөйлем құруда қиындық туындайтыны белгілі. Сауалнамадағы қойылған сұрақтардың енді бірі – «Сөздерді ашып, таратып жазуға (қалай естиміз, орфоэпия заңдылығы бойынша солай жазған) дұрыс па?» - деген болатын. Бұл жерде, мұғалімдердің көпшілігі сөздерді ашып, таратып жазумен келіспейтіндік көзқарасын білдірді. Себебі, сөздерді қалай естиміз, солай жазу керек деген, көптеген шатасуға алып келері анық. Ғылым мен техниканың дамыған, жаһандану заманында өмір сүріп жатқан қазіргі балалардың қабылдауы да өзгергені белгілі. Қазіргі жастар көп ақпаратты қысқа түрде қабылдап, одан өзіне керегін ғана алатын жағдайда. Сондықтан да, сөздерді қалай естісек, солай жазудың өзі оқушы үшін артық уақыт пен күш жұмсауға алып келері белгілі. Себебі, қазіргі жастардың хабарлама жазу үлгісінде «ғойдың» орнына «ғо»-ны; «қалың қалайдың» орнына «қал қалай?», «қалайсың?» «че там?» және т.б. паразиттерді қолдану белең алып бара жатыр. Бұл ретте, сөздерді таратып, ашып жазудың бүгінгі жастар үшін қажеті жоқ деген шешімге келді сауалнамаға қатысқан мұғалімдер. Сауалнаманың енді бір сұрағы «брефис», «седиль», «умлауттерді» жазғанда бастауыш сынып оқушысы қандай қиындықтарға тап болуы мүмкін?» – деген сұрақ болатын. Алдымен мұғалімдерге берілген сөздердің анықтамасы берілді. Берілген таңбалар UNICODE жүйесінде жиі қолданылатын: седиль (Ş) – әзірбайжан, өзбек, түркімен, түрік және т.б. тілдердің әліпбилерінде қолданылатын, бревис (Ğ) – латын графикасы негізінде түркі халықтарының әліпбиінде қолданылатын, умлаут ( ̈) Ә, Ө, Ү – жіңішке дауысты дыбыстарында қолданатын диакритикалық белгі екені айтылып өтті. Бұл ретте мұғалімдер әрине басы артық таңба мен ноқатты қолдану балаға қолдағдыны қалыптастыруда қосымша салмақ болатындығын айтты. Жалпы бастауыш сынып оқушысы каллиграфиялық жазуда қолын жазу дәптерінен үзбей әріпті әдемі салғаны дұрыс. Аталған белгілерді қойған кезде оқушы таңбаның суретін салуда қолы жазудан үзіліп, қосымша жұмыс жасайды. Осы жағынан әрине ыңғайсыздық тудырары анық. Мектеп мұғалімдерін қуантқаны латыннегізді жаңа әліпбиде «бір дыбыс - бір әріп» принципінің сақталғаны. Сауалнамада соңында ұсынылған екі әліпбидің қайсысы жазуға ыңғайлы, қайсысын қолданған дұрыс деген сұрақ берілді. Бұл ретте, мұғалімдер көздері үйренген акут негізді әліпбиді таңдады. Ал жазудағы көзшалым мен қолшалымға келгенде, умлаут негізді әліпбидің өз артықшылықтары басым екендігі де тілге тиек етті. Алынған сауалнамаларды саралай келе, ең алдымен латыннегізді қазақ әліпбиін ғылыми тұрғыдан құрып, оны мектептегі бастауыш білім берудегі мектеп мұғалімдерінің апробациясына ұсынған дұрыс па деп ойладым. Себебі, латыннегізді жаңа қазақ әліпбиін оқушы жастарға үйретуде қиындық туындамас үшін алдымен мұғалім өз ой елегінен өткізіп, жазудағы кем-кетігін дөп басып нақты айтар еді. Сондықтан да осы мәселеге де көңіл бөлу керек секілді. Қорыта келгенде, жалпы білім беретін мектептердің бастауыш сыныбында «W» таңбасын меңгерту өте тиімсіз. Біріншіден, оқушы таңбаны салуда бір қиындыққа ұшыраса, екіншіден, әріптің екі түрлі оқылуы екінші қиындықты туындататыны белгілі. Ал, әліпбидегі «V» мен «F» таңбалары басқа тілден енген кірген кірме сөздерде ғана кездесетіндіктен және берілген әріптерді меңгертуде жиілік жағынан қолданысы аз болғандықтан оқушыға әріпті меңгертуде мұғалімге әдістемелік тұрғыдан артық салмақ түсетіні белгілі. Тіл жанашыры ретінде айтарым, қай әліпбиді қабылдасақ та, жұртшылық жылдам қабылдап, көздағды мен қолдағыға икемді, жазуда каллиграфиялық жағынан көзге әдемі көрінетін әліпбиді қабылдайық. А.Мұқышева, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының жетекші ғылыми қызметкері, ф.ғ.к.