Серік Ақсұңқарұлы: БІЗГЕ ҰЛТТЫҚ КЕЛІСІМ КЕРЕК!

Белгілі ақын Серік Ақсұңқарұлы "Қазақ үні" сайтында жарияланған Ұлттық Кеңес мүшесі, белгілі ақын Қазыбек Исаның "Ел басына күн туғанда ел ішінде баррикадалар болмауы тиіс" атты мақаласына үн қосып, өз пікірін жазған екен. Аталмыш пікірді оқырманға ұсынуды жөн көрдік. *** Осынау ел басына күн туған кезде билікті кінәлап, біреуіміз олай, біреуіміз бұлай тартпай, еліміздің егемендігін сақтаудың қам, қаракетіне кірісуіміз керек! Бір қоғамдық-экономикалық формация кетіп, екіншісі келген кезде орыны ойсыраған кемшілік пен қателіктер болмай қоймайды. Өркениетті елдердің бәрі де біз өткен өткелектен өткен! Оларды бір кезде жабайы батыс деген, қазір өркениетті елдер дейді! Бір-бірімізді кінәлауды тоқтатып, ұлтты аман алып қалуымыз қажет! Ең бастысы-тәуелсіз Қазақстанның ірге тасы қаланды! Бұл- тарихи факт. Тарихтың не бір өткелегінде Атырау-Арқа-Алатау-Алтайға дейінгі ұлан байтақ жерді сақтап қалған қазақ-ұлы халық! Оның ұлттық буржуазиясының да сол кемеңгер ұлтқа лайық өзінің тарихи шешімін қабылдайтын кез келді! Ұлттық экономиканы осы дағдарыстан аман алып шығатын осылар! Елдің ырзығын құзғынша бауырына басып жемей, қыранша шашып жейтін заман келді! Осыноу сындарлы сәтте өзінің байлығынын мемлекеттік займға айырбастап, не көрсе де кіндік қаны тамған ел-жұртымен бірге көріп, тұралаған жұртын тұйықтан шығарып алса, тарих ақтап, Алла жарылқайды оны! Тарихтың бір сабағы-кедей ел өркениет өріне шыға алмайды! Бір-бірімізді бай, кедей демей, бір жеңнен қол, бір жерден сөз шығарып, Президентіміздің маңына жиналуымыз керек! Кедейге де, байға да Қазақстанның Тәуелсіздігінен басқа Тарихи Құндылық-жоқ! Бізге Қазақстаннан басқа ел жоқ! Одан басқа барар жер, басар тау жоқ бізге! Ұлттық келісімге (Национальный Договор) келейік! Президенттің жанындағы Ұлттық Қоғамдық сенім кеңесі, бүгіннен бастап, міне, осы мәселемен айналысса, шешілмейтін түйін, алынбайтын асу жоқ бізге! Осыған ұлт, ұлысымызға қарамай, бәріміз бір кісідей ат салысайық? Ойланайық? Ғаламға қазақтың қандай ұлт екенін көрсететін күн келді! Ертең кеш болады... Серік Ақсұңқарұлы, Қазақ үні