Жылқы – қазақы болмыс символы

Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында атқа міну мәдениеті туралы басымдықты бірінші орынға қоя отырып,  жылқыны халқымыздың қазақы болмысын айқындайтын басты құндылық ретінде дәріптейді. Аталмыш мақаласында Елбасымыз: «Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты. Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің де негізін қалады. Бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды», – деп тілге тиек етеді. Атқа міну мәдениетіне айрықша мән берген Елбасы бұл тұрғыда ат сппортын дамытуды мықтап алу қажеттігін де нұсқап тұрғандай. Атқа міну, яғни ат спорты ішкі жан дүниеге тыныштық сыйлап қана қоймай, адамды физикалық тұрғыдан да дамытады. Ат сабақтары кезінде  барлық бұлшық ет топтары жұмыс істейді, тыныс алу және жүрек-қантамыр жүйесіне елеулі әсерін тигізеді. Атқа міну адам сымбатын тіке ұстауға, артық салмағтан арылуға, ішкі органдардың жақсы жұмысына ықпал етеді. Иппотерапия балаларға да, ересектерге де өз қорқыныштарын жеңуге, БЦП сияқты қорқынышты диагноздардың салдарын, жүрек-қантамыр жүйесі жұмысының бұзылуы, аутизм және басқа да ауруларды жеңуге көмектеседі. Емдік атқа міну адам ағзасын нығайтады. Ол кезінде ат салт атты әр 60 секунд сайын 90-нан 110-ға дейін қозғалу импульстерін береді. Бұл барлық ішкі ағза массажын қамтамасыз етеді. Қазақстанда бұл спорт түрінің өз дәстүрлері бар. Мысалы, қазақтарда ат ойындары аттардың жауынгерлік дайындығын тексеру кезінде қолға алынған. Елімізде ат спортына ерекше көңіл бөлінген, әр аймақта Ат клубтары, арнайы сол аттарды баптап, дайындайтын ипподромдар бар. Қазақстанның салт аттылары 1956 жылдан бастап, Қазақстанда алғашқы ат спорт мектебі құрылғанда, 1993 жылға дейін КСРО-ның барлық чемпионаттарына қатысып, осы жарыстардың бірнеше дүркін жүлдегерлері атанды. Қазақстан командасы XII Азия ойындарына (Жапония), XV Азия ойындарына (Катар), XVI Азия ойындарына (ҚХР), XVII Азия ойындарына (Корея) қатысты. Сондай-ақ 2014 жылы Нормандияда, Францияда (әлем чемпионаты) өтетін Дүниежүзілік ат ойындарында өз шеберліктерін көрсетті. Біздің шабандоздар әлем кубогы кезеңдерінің жүлдегерлері болды, ал 1998 жылдан бері Әлем кубогының кезеңдері Қазақстанда үнемі өткізіліп тұрады. 1999 жылы Қазақстанның бастамасымен әлем кубогының Орта-Азиялық лигасы құрылды. Жыл сайын лиганың мықты салт аттылары Орталық Азия лигасында өтетін  Әлем кубогының кезеңдерінде кездеседі. Нәтижелері бойынша әлем чемпионатының финалына қатысатын жеңімпаз анықталады. 2011 жылы алғаш рет ат спорты Қазақстанның III Спартакиадасының бағдарламасына енгізілді. Ат спорты тарихындағы осынау жетістіктердің барлығы жылқының қазақтың «жаны» екендігін айғақтап тұрғандай. Ат спортын дамытуды қолға алу арқылы біз жаңғырудың жаңа сатысына көтерілетініміз анық. Кенесары СЕЙДАЛИЕВ qazaquni.kz «Қазақ үні» газетінің 06.04.2020ж-13.04.2020ж күнгі саны