Ардагерлер атаусыз қалмайды

Парламент  Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар Екінші дүниежүзілік соғысының ардагерлеріне Жеңіс күні қарсаңында берілетін біржолғы ақшалай көмекті біркелкі мөлшерде бөлуді ұсынды. «Жергілікті атқарушы органдар жыл сайын Жеңіс күні қарсаңында Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне, оларға теңістірілген адамдарға және тыл еңбеккерлеріне біржолғы ақшалай көмек көрсетеді. Ардагерлермен кездесулер барысында олар әр өңірде төлемдер әртүрлі екенін айтып отыр.  Себебі, оның мөлшерін жергілікті органдар айқындайды. Биыл Жеңіс күніне орай берілетін төлемдер қандай мөлшерде болады? Біздің ойымызша, мұндай төлемдердің бірыңғай мөлшерін айқындау орынды», - деді Мәжіліс депутаты Балайым Кесебаева. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Үкіметте Жеңіс күніне берілетін төлемдер Қазақстан бойынша біркелкі болғанын назарға алып отырғанын жеткізді.  «Қазіргі қиын жағдайға қарамастан Екінші дүниежүзілік соғыстың қатысушыларына, мүгедектеріне ең төменгі сома 300 мың теңгеден кем болмайды Бірақ өңірлерде егер мүмкіндіктері болса, кейбір облыстар одан да жоғары береміз деп жоспарлауда», - деді министр. Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин бұл ұсынысты қолдап, іске асырылуын қадағалау керектігін тапсырды. Зейнолла Қабиоллаұлы qazaquni.kz «Қазақ үні» газетінің №13-14(883-884) 06.04.2020ж-13.04.2020ж. саны.