Арман Қани: Коронавирустан қызыл вирус қауіптірек

Коронавирус пандемиясының өте қауіпті жұқпалы індет екенін Италиядағы жағдайдан көріп біліп отырмыз. Біздің Ақ орда көзге көрінбейтін қатердің таралуын тежеу және жою мақсатында түрлі шараларды жүзеге асыруда. Бұл індеттің қашан тоқтайтыны Аллаға ғана аян. Солай бола тұра, менің пайымдауымша, Кремль сәуір айында коронавирустың РФ аумағында толық жойылғанын мәлімдейді я оның қауіптілігін жоққа шығарады. Өйтпесе, жеңістің 75 жылдығы мерекесін тойлау мүмкіндігінен айрылады! Бұл дегеніңіз – Ресей билігінің халықтың ұлы державалық патриотизм рухын көтеріп жұмылдыруға негізделген ішкі саясатына үлкен соққы! Бұған жол берсе ел экономикасы мен халықтың әлеуметтік тұрмысы деңгейін көтере алмаған, денсаулықсақтау, білімберу, ғылым, мәдениет салаларын көркейтуге дәрмені жетпеген, сөйте тұра бұлардың орнына халыққа игілікті ештеңе ұсына алмаған ВВП-ның абыройы айрандай төгіледі. Сондықтан, ол Ресейдің әскери қуатын жарнамалау мен соғыс культын дәріптеу саясатынан бас тартпайды! Керісінше, қазірден бастап 9 мамырда Қызыл алаңда Қызыл империя кезеңіндегідей әскери парад өткізіп, Ресейдің әскери айбынын әлемге танытуға дайындық шараларын қызу жүргізеді! Тіпті мұны қанағат тұтпай, Белоруссия, Қазақстан секілді елдердің басшыларын Ресейден үлгі алуға шақырады. Біздің қалаларда қызыл жалауларын бұлғаңдатып «Мәңгілік полк» шеруін өткізуге дағдыланған ресейшіл күштер, сепаратистер, шовинистер, нигилистер сол шақта бас көтеріп, 75 жылдықты асқан сән-салтанатпен өткізу жөнінде Қазақстан билігіне талап қояды! Егер Ақ орда Кремльдің идеологиялық қысымына шыдай алмай осалдық танытса, Қазақстанда (Ресейде де) індеттің нағыз ойраны басталады! Сол шақта Кремль халықты алдаусырату мақсатында: «Бұл коронавирус пандемиясы емес, біз оны жойғанбыз, бұл Қытайдың, АҚШ-тың бізге қасақана жіберген жаңа вирусы» деген миф таратып, бүкіл ел аумағында карантин жариялайды. Бірақ оның жаңа вирус емес, қызыл вирус... екенін әркім сезеді. Қазіргі кезде әлеуметтік желілерде коронавирус пандемиясының қатерін жоққа шығаратын жарияланымдардың қаптап жүруі Кремль идеологтарының жұмысты бастап кеткенінің айғағы. Егер болжамым теріске шықса, өзімді бақытты сезінер едім! Арман ҚАНИ, Фейсбук парақшасынан