Дүрәлі Дүйсебай: Ана тіліміз елді ұйыстыратын күшке айналуы керек

Осы бір аспаннан түскен сын бізді адам қылады, я ада қылады. Далаға безіп кетіп едік, үлкен үйге - қарашаңыраққа орала бастадық. Ластанып бара жатқан секілді едік, күнде бір емес, бірнеше рет жуынып, тазалана бастадық. Бүкіл денеміз ашық-шашық, шашымыз шашылып бара жатқандай едік, орамал тартып, бетімізді күтіп дұрысталып қалғандаймыз. Енді рухымызды түзеп алсақ деп едік. Мына Хабар24 деген арна бар. Құдайға шүкір, күні-түні жұмыс істеп тұр. Бүкіл ақпарат сонда. Үзбей қарап отырамыз. Шынын айтсам, осы арнаның 90 пайыз демей-ақ қояйын, жартысынан астамы орысша. Мына тажал вирус кезінде тіпті күшейіп кетті. Бүгін арнайы брифинг өтіп еді, басқаларын қойшы, Қызылорда облысының негізінен қазақ тілді әкімінен бастап орысша сөйлеп жатыр. Асанқайғыша айтқанда, Қызылорданы орысша сөйлетті деген сөз, енді білмеймін, бұл өңірде қазақша білмейтін, қазақша сөйлемейтін өзге ұлт жоқ. Айналайын жатырынан ана тілді құрметтеп өскен бұл өңірді орысша сөйлеткенде не пайда таппақпыз?! Тағы да "бәрі түсінетін тілде сөйлеу керек" деген түсініксіз түсінікке бой ұрғанымыз ба? Сонда өзіміздің тіліміз түсініксіз болып қала бере ме? Осындай қиын кезде өз ана тіліміз елді ұйыстыратын күшке айнала бастауы керек еді. Әйтпесе, мемлекеттік тілге деген қажеттілік қашан туады. Қай ел екі тілде сөйлейді? Бүгінде ана тіліне әбден төселіп, осы тілде көп сөйлеп жүрген Президентімізді де жалтақтатып екі тілде сөйлетіп қойдық. Түбі бір ұлт, бір тіл болғымыз келсе, басымдық өз тілімізге беріліп жатса нұр үстіне нұр емес пе? Дүрәлі Дүйсебай, Фейсбук парақшасынан