Жайдары Жарқын

Қазақ музыкасы мен  күйшілік өнерін сөз еткенде  оның алдыңғы қатарында белгілі музыкатанушы, өнер зерттеушісі   Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Жарқын Шәкәрімнің есімі де  аталары анық. Осынау қарапайым жанның қазақтың музыка өнеріне   қосқан  үлесі мен еңбегі ұшан теңіз. Абзал жан өткен жылы 71 жасқа қараған шағында  өмірден озғанына   бір жылдай уақыт  өткенімен, Жарқынның жайдары мінезі, күйшілік өнері,   ғылыми зерттеудегі ізденісі мен қазақ теледидарында  30 жылдай еңбек еткен  өмір жолы  және  жазушылық шеберлігі еске түседі. Қарапайым жанның  қашанда  кең пейіл жүзі, кемелді  келбеті, тамаша талант иесі екенін  ел  ұмытқан жоқ.Үш ішекті домбыраны шертіп тартқан күйі,  салиқалы әңгімесі, жүректен-жүрекке жетіп жатқан  өнер адамдармен  болған бейнелі сұхбаты тарихи сәт деп те айтуға болады. Мен осындай керемет күйшіні сонау 70- жылдарда Мұхтар Әуезовтің үйінде өтетін халық универсиетінің төрінде алғаш көрген едім. Талай сабақта бірге болғанбыз. Қазақтың ұлттық өнерін жоқтап, белгісіз жүрген таланттарды таныстырған. Одан кейін теледидардағы хабарларында жиі көргенбіз.  Кейінгі соңғы жылдары  бірнеше мәрте дастархандас та болғаным  да бар.  Осындай  тума таланттың  өнерге жақындығы  бала кезінен байқалып,  қасиетті қазақ домбырасының  үнімен қанаттанып өскендігі  Жарқынның өмірбаяны айғақтайды.  Балғын бала кезінде-ақ алдына  өзіндік   мақсат қойып, талпынған талабы мұратына жетелей түскен. Сол  талпыныс пен мақсатта жүріп, ол қазақ өнеріне бірнеше жаңалықты ашқанына көз жеткізуге  болады.   Жетінші сыныпта  жүргенде  анасынан айырлып, аз ауыртпалықты бастан кешірсе де ол мойымаған.   Анасы жерленген Таскескен  ауылындағы  зиратына барып жүріп,  таудағы таңбалы тастардағы көп  бейнелер оған қатты   әсер еткен, әрі сүйсіндірген де қызықтырған.  Таудың  жақпар тасындағы   алуан  бейнелі   тарихи  таңбалар да  оған  өткен ғасырлардың  сыр жұмбақтарының  әлеміне  жетелген.  Таңбалы тастардан сан сұрақтарға жауап іздеген бала көңіл   олардың  бейнесін ақ  қағазға  салуға да  итермелеген.  Әсіресе Ұлы Отан соғысынан кейін жер аударып келген  ұлты неміс Вильгельм  Брейш атты мұғалім оқушыларды   тауға саяхат жасатып, сурет салдыруы  да Жарқынға ықпалы   тиген.  Тас бетіндегі   не бір  мүсіндер мен  мықтың үйлері, Тарбағытайдың жықпыл  бетіндегі  «Кемпір тас»  оған қатты әсер етіп, суретінде салыпты.Сол бір құштарлықтың ақыры оған қолына қалам алғызып, мақала жазуына да әсер еткен көрінеді. Жас баланың газетке шыққан мақалалары  көпті елең еткізсе,  бұл жаңалықты ғұлама ғалым Әлкей Марғұланда естіпті. «Таскескен  деген жерде Жарқын Шәкәрімов деген бала тұрады екен. Ол маған керек» деп үйіне шақырып,  «Қарағым мынау   «Үшбұлақ- Таскескен таңбалары» деген  сенің мақалаң ба деп сұрады- дейді Жарқын өзінің естелгінде. – Иә дедім. – Керемет екен. Сен тағы жаза бер, жаза бер деп маған тапсырма берді.  Ағамыздың тапсырмасын мен орындадым. Бірінші жолы бір қап таңбалы тасты үйіне әкелсем, екінші жолы да бір қап тасты жеткіздім. Тасты жеткізу маған да ауыр болды. Сонда да  Әлкей ағаның  тапсырмасын орындадым» дейді. Жарқынның  балалық шағындағы ең бір ерекшелік бейімділігі домбыра болған болса, ол күйшінің ғұмырлық  серігі болғаны да  көпке аян.  «1960 жылдары ауылымызда Қытайдан тарихи атамекеніне оралған Ысқақ Ермекбаев деген сиыршы болды.  Ысқақ аға  менің  домбыраға әуестігім мен қабілетілігімді  байқап, үш ішекті домбыра жасап берді. Домбырамен   күй тартып, талай  сарынды күйлерді үйретті.   Кішкене бала болсам да неше бір күйдің сарыны есімде сақталып қалды. Ол жылдары ешкім үш ішекті домбыра тартқан емес. Ондай домбыра  ауылда кездеспейтін. Тек  үлкен қариялардан  Абай мен Шәкәрім және Шәкір  Әбенов  үш ішекті домбыра тартатынын талай естігенмін. Домбыраның тарихы тым алыс  екенін де  кейін білдім. Сонау ежелгі Сақ дәуірінен бастап, Түркі қағанаты уақытысында, одан кейін Алтын Орда замандарында, кейін қазақ хандығы кезіне дейін үш ішекті домбыра ел ішінде болған. Кейін әр өңір өз жолымен кетіп, ол домбыраны ұмытта бастаған. Мен  Ысқақтан кейін  кәдімгі  домбыра  тартуды  мектептегі мұғаліміз Сапаржан Торсықбаевтан   үйреніп,  домбырашы бала атандым» деп жазады ол өзі кітабында.  Мектеп бітіріп, Қарағанды қаласындағы музыкалық училищеге  түсуі де домбыра тартуы  себепші болыпты. Қолында домбырасы  бар балаң жігіт қала аралап жүріп,   бес қабатты  бір үйдің алдына келгенде музыкалық училище деген жазуды  көріп, ішке кіргенде: «Не қығып жүрген баласын» депті бір кісі.  Ол  училищенің директоры Төлеген Тоқтаров екен. Маған домбыра тартқызды. Сапаржан ағайдан үйренген  «Арнау», «Маңқабыл», «Екпін», «Ақ арал» т.б. оншақты күй тартып бергенім де,    ана кісі таңғалды да бүкіл мұғалімдерінің  кабинетіне жинап алып, «сен дәлізге шыға тұр, жауабын айтамыз» деді.  Сөйтіп учидищеге  емтихансыз қабылданып,  студент атандым» деген еді  бір кездескенімізде. Жарқынның училищедегі студенттік өмірі домбыраның қыры мен сырын үйренуге жол ашады. Талай атақты күйшілердің күйін үйреніп ғана қоймай, оны еркін ойнауға дәрежесі жетеді. Сөйте жүріп,  өнерге жақын  белгілі адамдардың  өмірілеріне  жете мән беріп,  ел ішінде назардан тыс қалғандарды зерттеп білгісі  де келген.   Соның бірі Ақтоғай ауданында  тұрған 60 жасқа келген  шертпе күйдің  шебері   Аққыз Ахметованы да іздеп баруы. Күйшінің күйін тыңдап,   күйінде  үйренеді және әнінде тыңдайды. Көп кешікпей  Аққыз күйші туралы    бірінші рет мақала жазып, елге  танытады.  Жарқынның енді бір ізденістен тапқаны  Арқаның  атақты әнші, «Қаракесек» әнінің авторы  Мәди Бапиұлының суретін тапқандығы да  ел үшін үлкен жаңалық болған.  Сурет  Мәдидің қарындасының күйеуі Тоқаш Кәдікеев  деген ақсалқалдың үйінде 46 жыл сақталып келгенді  жөнінде   «Орталық Қазақстан» газетіне мақала жариялайды. Материалды  оқыған белгілі жазушылар- Әлжапар Әбішов, Сапарғали Бегалин және ғалым Рымғали Нұрғалиев:  «Мәдидің суреті жоқ еді, бұл тың дерек болды, оны тапқан  жап-жас бала екен» деп,    еңбегін  жоғары бағалайды және  де  қошеметте көрсетеді. Талапты  жасты  Алматыға шақырып, жоғары білім алуға  ақыл кеңестерін береді.  Жарқын Шәкәрім Алматыдағы консерватория түскеннен соң   оның музыка өнеріндегі жаңа кезеңі басталғанын  байқау қиын емес.  Өйткені  өзімен  қатарластары өнерден құры алақан болмаған. Бәрі қабілетті, өнерге бейімі екендіктерін алғашқы  кездерінде танытып үлгерген. Жарқында олардан қалыспайтын және өзіне тән нәрсені қабылдап та жүрді.  Сонымен  қатар өнер ордасының қара шаңырағы атанған Құрманғазы атындағы білім ордасында  ол  талай  атақты адамдармен кездесіп жүздесуі көңілінде  жүрген көп  ойға  себепші де болады.  Ахмет Жұбанов, Бурсловский, Латиф Хамид, Болат Сарыбаев  және басқа өнер майталмандарын көзі көрсе,   домбырадан сабақ берген Құлыш Мұхитов, Бақыт Қарабалина, Қабидолла Тастановтардан   сан қырлы  күйшілерді жан-жақты  танып білу, олардың  ойнау шеберліктерін де үйренеді. Әсіресе   қазақтың  ұмытылып  бара жатқан  көне аспаптарын қайта жаңғыртуда игілікті жұмыс жасаған Болат Сарыбаев ізденісі Жарқынға да қанат бітіреді.  Бала кезінде үш ішекті домбыраны ұстап,  ойнағанын консерваторияда қайта жалғастырып, есінде қалған күй сарындарын тірілтуге  қадам жасайды. Жарқынның бұл бетбұрыс құп көрген ұстазы Болат Сарыбаев  өзінің Абузар Аухадиев деген шебер жасаған  үш ішекті домбырасын әдейі сыйлап,   аспапты терең меңгеруіне   үміт артқан. Алайда ол кезде үш ішекті домбыраны тартатын ішкім болмағандықтан Жарқын ауылдағы Ысқақ күйшінің сарындарын біртеңдеп есіне түсіріп тарта бастайды. Ертелі кеш қолынан домбырасы түсірмей,    неше бір күйлерді  қалпына келтіріп, өмірге әкеледі.  Және де  сан ғасырлық тарихи бар  үш  ішекті домбыраны жаңғыртуға барынша  күш салады.  Шәкірттер тәрбиелеу ісінде қолға алады. Жарқын ағамыз бұл жайтты бір кездесуде:  «Болат ағам  сыйлған үш ішекті домбыраға  40 жылдан астам уақыт болды.  Сол жылардан  бері  аға сыйлаған  домбыра менің жан серігім болып келеді, талай күйлер орындам, шәкірт тәрбиеледім. Осындай  домбыраны   Абузар Аухадиев деген шебер   Нұрғиса Тілендиевке жасапты. Үш ішекті домбыраның  кәдімгі домбырадан ерекшелігі бір дауысы мен бір дыбысының  артықшылығы және астыңғы екі ішегі теріс бұрау болса, ортаңғы ішекпен үстіңгі ішек оң бұрау болып келеді. Қазақтың екі ішекті домбырасында теріс бұрау, оң бұрау деп күйлер орындалып жатса, үш ішекте бұл жоқ. Ертегі күйлердің сарыны үш ішекте келе береді.  Менің  үш ішекті домбыраға жақын болуым, жас кезімде ойнағанымды Болат аға  естіп,  «сенің қолыңнан келеді деп, домбыра  сыйлауы  содан.  Және де ағамен жақын жүруім ұлттық өнерімді жете түсінуме де көмегі  көп тиді. Ол кісі  қазақтың ерте қолданысқа болған 30-дан астам  көне  аспаптарын тапты, өмірге әкелді. Өшіріп бара жатқан жетіген мен шертер  1968 жылға дейін  болмады. Осы жылдан кейін қайта жаңғырды. Бұдан кейін Болат Сарыбаев ағамыз саз сырнай, асатаяқ, үскірік және басқа  көне аспаптар өмірге қайта  әкелді. Қазақтың көне   музыкалық аспаптарының кестесін жасаса, тұңғыш рет этнографиялық-фольклорлық ансамбльді құрды. Болат Сарыбаевтың осы еңбегі үшін ескерткіш тұрғызуына болады » деп айтқаны бар еді. Ұлт жанашыры болған Болат Сарыбаевтың еңбегіне жанашыр болған Жарқын  көне аспаптардың  негізінде «Сазген» атты ансамбль құрып, оның көркемдік жетекшісі болып жұмыс іскен болса,  Өзбекәлі Жәнібековпен бірге қазақтың  ұлттық аспаптарға арналған мұражайдың негізін қалауға атсалысты және директоры болып та қызмет жасаған. Сондай-ақ үш ішекті домбыраға арналған «Арнау» оркестінің дүниеге келуіне де себепші болып, оның негізін қалағаны ізденісің ілгерлегенін байқайсын.  Мұның бәрі Жарқынның ұлттық  өнерге жанашырлығынан туған нәрсе еді. Жарқын Шәкәрімнің тағы бір айырықша еңбегі ұлтымыздың мақтанышы болған  әнші Әміре Қашаубаевтың даусын   1974 жылы Мәскеудің мемлекеттік мұрағатынан табуы да ерен еңбек. Әншінің фонографқа сақталған  «Ағаш аяқ», «Смет», «Бесқаракер», «Жалғыз арша», «Үш дос», «Балқадиша» және «Дудара-ай» әндерінің үн таспасын тауып, баспасөз бетіне жариялап, елімізден сүйінші сұрағаны да тың  жаңалық болған. Араға бір жыл салып барып, бұл әндердің күйтабағының шығуына да  Жарқын үлесін қосқан. Сонымен қатар  1975 жылы академик Ахмет Жұбановтың  орындауындағы тоғыз күйін Санкт-Петербург пен Мәскеу архивтерін тауып, Алматыға әкелуі де өнер зерттеушінің ізденісінің жемісі. Ал оның қаламгерлік шығармашылығының көбі өнер саңлақтарының өнегелі өмірі мен таланттық қырларына арналған зерделі еңбектер.   Қаламгердің қаламынан «Әміре», «Ән жұлдызы», «Домбыра сазы», «Амре Кашаубаев» орыс тілінде, «Малайсарыдан Шәмілге дейін», «Ән асқары», «Құрманғазы», «Нұрғиза Тілендиев»  және басқа  он шақты кітаптардың авторы атануы  өнерге жақын жүргендіктен  туындаған шығармалар. Жарқын  бір ғана Әміре Қашаубаев туралы аз кітап жазбаған. Әнші туралы терең зерттеп, ой елегіне өткізіп барып жазған. Ол кітаптарды оқи отырып, Жарқынның әміретанушы екенін білесін. Үлкен талант иесі  қарымды  журналист ретінде танымалдығы қазақ теледидарында жарқырап көрінгені көптің есінде қалды.  Оның телевизияда көрермендердің сүйдікті бағарламасына айналған «Замана бұлбұлдары», «Домбыра сазы», «Терме», «Шашу», «Күй-шежіре», «Інжу-маржан» тәрізді хабарлары  көптің көңілінен шыққан болса, оның танымдығы жағынан да ерекшеленді. Әр  хабарың  өзіне тән бөлекшелігі   болумен қатар, еліміздің әр түкпірінде жүрген не бір өнердің жүйріктерін іздеп, сөйлетуі, елге танытуда үлкен еңбек сіңіріп жұмыс істегенін байқауға болады.   Хабарды көре отырып, атақты күйшілер Төлеген Момбеков, Мағауия Хамзин, Боранқұл Қошмағамбетов, Елемес Таласбаев, Омархан Керімқұлұлы, Шардара Ақылбеков, Уәли Бекенов сияқты дарын домбырашылардың  өзіндік келбетін көрсек, айырықша  қолтаңбасы  бар шеберлерді  танисын. Жарқын тек көрермендерге күйшілер ғана емес, белгілі ғалымдарды, ел ішінде танылмай жүрген жыраулар мен жыршыларды да танытқан журналист болды.   Жомарт жүректі, алғыр ойлы Жарқын Шәкәрімнің бойындағы ерекше болмысы, керемет күйшілік пен  асқақ домбырашылық биіктікті   бар азамат.  Ол халықтың арасында жүрген белгісіз  біраз күйлерді бүгінгі ұрпаққа жеткізіп кетуі де ізденісінен туындаған.  Оның орындауында «Құртқа тәуіп», «Қыз мұңы», «Жорға аю», «Көк қаршыға» сияқты халық күйлері сахнаға шықты,  халыққа жетті.  Жарқын компазитор ретінде танылған күйші де. Оның  «Толғау», «Таскескен», «Қабанбай» және «Абыралыдағы ата зары»  және  басқа  күйлердің авторы екенін  ел жақсы біледі.   Елімізде  бірінші  рет үш ішекті домбыраның негізін қалап, мектебінде қалыптастырған Жарқын Шәкәрім сегіз қырлы, бір сырлы деп те  айтсақ, қазақтың ұлттық өнері күйді  көкке көтерген  еңбегінен таниды. Ол кісімен соңғы бір кездескенде  «қазіргі жасқа келгенде өзімді-өзім енді ғана танып білдім. Өмірімде бірнеше тың ізденістер жасаптым.   Әнші Әміренің дауысы, күйші   Аққыз Ахметова туралы,   Мәдидің суреті және академик Ахмет Жұбановтың күйі, үш ішекті домбыраның өмірге келуі.  Осыны  кейінгі ұрпақ біліп жүрсе бір ғайнабет» деген еді.  Ол студент кезінде бірге жүрген замандастары  Қаршыға Ахмедияров, Шәміл Әбілтаев, Айтжан Тоқтағанов, Әбдіманап Жұмабекұлы, Ермұрат Үсенов   және басқалар туралы  да көп айтатын. Олар ұлттық өнерді елге емес,  әлемге танытты деп,  қашанда құрметтеп жүретін. Жан дүниесі кең, көкірегі күйге толы Жарқын Шәкәрімнің өткен ғұмыры  міне осындай. Бар ғұмырын қазақ өнеріне арнаған асыл жанның   мұрасы  тарихта алтын әріппен жазылып қалары анық.   Жексен АЛПАРТЕГІ qazaquni.kz "Қазақ үні" газетінің №13-14(883-884) 06.04.2020ж-13.04.2020ж саны.