Ғарифолла Есім: ОСЫ БІЗ КІМБІЗ?!.

екінші эссе

    Қазақ этносы Ақ Орда мемлекетінде қалыптасты. Ақ Орданы құрушы Шыңғыс хан. Ол мемлекет басшысы етіп, тұңғыш немересі Жошының үлкен ұлы Еженді тағайындады. Ежен Орда деп аталған ұлыс – қазақ этносының тұңғыш мемлекеті. Бұл жағдай Шыңғыс ханның қазаққа қатысы қандай деген мәселенің басын ашады. Ақ Орда – қазақ этносының ұлысы, оны құрушы Шыңғыс хан болса, сонда оның кім болғаны. Қазақ этносының басын құраушы тарихи тұлғаның кім болғаны. Шыңғыс хан қазақ тарихынан басты кейіпкері әрі тұлғасы. Бұған, сірә да талас болмаса керек. Енді Ақ Орда қай жерде, қай тарихи мезгілде құрылған дегенге келсек, айтарым мынандай мағыналы жайлар. Ақ Орда 1226-1309 жылдары, яғни 83 жыл ғұмыр кешкен мемлекет. Осы мерзім ішіндегі билеушілер: Ежен (1226-47/50), Күнқыран (1250/51-80), Қоныша (1289-1301), Баян (1301-09). Ақ Орданың алғашқы қазығы қазіргі Абай ауданы өңіріндегі Орда деп аталатын жерде қазылған. Бұл Шыңғыс ханның көзі тірі кезіндегі оқиға. Ол заманда мемлекет астаналары көшпелі болған, кейінірек Ақ Орда Алакөл маңында болғанға ұқсайды. Қазіргі Баян-ауыл деп аталып жүрген Ақ Орданың соңғы билеушісі Баян ханның мекен еткен аймағы, содан Баян ауылы атанып кеткен. Ақ Орда басынан қилы замандар өткеріп, Ұрыс хан тұсында қуатты мемлекетке айналды. Ұрыс ханның баласы Құйыршық, оның ұлы Барақ. Барақ хан Ноғай мырзаларымен болған ұрыста 1428 жылы қаза тапты. Барақ ханнан кейін Ақ Ордада Ежен әулеті құлады. Билік Шайбанилер әулетіне (1428-69) көшті. Шайбанилерден іргесін аулақ салған сұлтандар Керей мен Жәнібек Қазақ Ордасын құрды. Бұл мемлекеттің басқару формасы Шыңғыс хан салған дәстүрмен Хандық деп аталды. Қазақ Ордасы – мемлекет, Қазақ Хандығы – басқару формасы. Одан бергі тарих көпшілікке аян.   ***   Керей мен Жәнібек сұлтандардың Қазақ Ордасын құрудағы түпкі мақсаттары бабалары Шыңғыс хан, Ежен хан құрған Ақ Орданы қалпына келтіру еді. Қасым хан тұсында бұл мақсат орындалды деуге де болады. Орыс жылнамашылары Қасым ханның миллион атты әскері бар деп жазған. Бұл аса қуатты мемлекеттің сипаттамасы. Қасым хан заманында Қазақ Ордасы өрлеу жағдайында болды. Еуразия өңіріндегі геосаясат, кейінірек өзгере бастады. Тарихқа жаңа ойыншылар араласты. Қазақтар хандық басқару жүйесінен 1822 жылы Ресей патша жарлығымен мүлдем айырылды. Аз мерзім өмір сүрген Бөкей хандығы соңғы тамшы.   ***   ХІХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан қазақ халқы, әуелі саяси, одан әрі де экономикалық бодандығына мықтап түсті. ХІХ ғасырдың екінші жартысында Ресейдің әкімшілік тәртібі қазақ еліне әбден орнықты.   ***   ХХ ғасыр басындағы Ресейдегі саяси дүрбелең қазақ еліне бұрыңғысынан асқан қысымшылық әкеліп, нағыз қилы заман бастады. Ресей әкімшілігі жасай алмай кеткен әлеуметтік, саяси, экономикалық, рухани эксперименті коммунистер орындап, ойлаған ойларына, мақсат еткен нәтижелеріне қолдары жетті. Халық аштан қырылды, азды-тозды. Дін, дәстүр тапталды. Тіл жойылуға бет алды. Қазақтың жауы – қазақ коммунистері өсіп шықты. Халық оларды «шолақ белсенділер» деп атады. Коммунистік режим қазақ халқын, өздеріне қатысы жоқ қырғын жаһандық соғысқа салды. Ерлер аз болғандай қазақтың қыз-келіншектері қолдарына қару алып, өздері көріп-білмегендерімен жанқиярлықпен соғысты. Бұл коммунистік идеологияның улы іс-әрекеттерінің салдары еді. Әйтпесе, социализм отызыншы жылдары халықты аштықтан қырды. 37 жылдар «халық жаулары» деп 60 мыңдай зиялы қауым атылды, азапталды. Ендігі 4-5 жылдың ішінде қазақтар коммунистік, социалистік отанды қорған шыға келді. Мыңадаған жас қазақтар коммунистік елді қорғау үшін жандарын қиды. Осы жағдайды әлі түсінбей, ұқпай келеміз. Неге дейсіз ғой?! Коммунистер түйсігімізді, сезімімізді, санамызды, ақылымызды әбден алжастырған болатын. Сондықтан, фашизм мен большевизм арасында болған, содан жаһандық соғысқа ұласқан қырғынды Ұлы Отан соғысы дейміз. Есіме жаһандық соғысқа қатысты бірнеше оқиғалар оралуда. Соғыс деген аты жаман, заты одан да жаман, адам айтып түсіндіретін жағдай емес. Бірде реті келіп, совет одағының батыры, Қазақстан Республикасының Қаһарманы маршал Сағадат Нұрмағамбетовпен майдангерлер мәжілісі президиумында қатар отырып қалдық. Шынын айтқанда, менің бұл кісі туралы пікірім салқындау еді, себебі өзі маған суықтау көрінетін. Әскери адам қанша дегенмен ызғарлы болады ғой, оның үстіне кереметтей жоғарыда айтылған атақ, даңқтары бар. Қазақстан Республикасының Қорғаныс Күштерінің Бас қолбасшысы болды. Биік лауазым иесі. Мен күтпеген жағдай орын алды, маған қарай бұрылып, былай демесі бар ма: – Ғарифолла, сенің «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған барлық мақалаларыңды жібермей оқып жүремін. Кейде сенімен пікір жарыстырғым кеп, телефон шалайын десем, менде номерің жоқ және де сенің қалай қабылдайтыныңды да білмеймін ғой. Суық адамға салқын сезімім жібіп қалды. Сағадат ағамыз мен ойлағандай тым тәкаппар, тік мінезді адам емес екен. Жаны жайдары жан екен. Әскери киім, биік лауазым ғана оны менен алыстатқан екен. мен разы болып бірдемелар айта бастадым, сол кезде Сағадат аға менің сөзімді бөліп, мінберде тұрған подполковникті көрсетіп: – Мынау не айтып тұр? Өзінше соғыс туралы мына халыққа естелік айтуда. Бұл соғыстың не екенін біле ме? Маған бұрылып «Соғыстың не екенін кім біледі, мен білмеймін» - деді. Таң тамаша қалдым. 18 жасынан екінші жаһандық соғыста басынан аяғына дейін қатысып, Совет одағының батыры атағын алып келген батыр ағамыз соғыстың не екенін білмесе, кім білмек?! Кейінірек білдім, Сағадат Нұрмағамбетов соғыс туралы естелік айтуға шақырған жерге бармайды екен. ол соғыс туралы білмейді және білгісі де келмейді, бірақ өзі соғыс қаһарманы. Есіме тағы бір жай оралды. Ол әкем туралы. Менің әкем Фин соғысына, одан кейін жаһандық соғысқа қатысып, бір көзінен айырылып, мүгедек болып елге оралды. Заман өте біздер дүниеге келдік. Жетінші сыныпта оқып жүрген кезім, ол кезде мектепте жоғарғы кластың оқушы қыздарынан пионер вожатый деген болады. Оныншы сыныптың қызы бізге пионер вожатый. Өзі қатал, ол маған мынадай тапсырма берді: – Сенің әкең Ұлы Отан соғысына қатысқан. – Иә, деймін мен. – Ендеше әкеңнен сұра, неше неміс өлтірген екен. – Ойымда ешнәрсе жоқ, пионер вожатыйдың тапсырмасын орындау мақсатында кешкі тамақ үстінде әкеме сұрақ қойдым. – Әке, соғыста неше неміс өлтірдіңіз деп. Әкем сау бір көзімен маған қарағанда, сұрақты мүлдем қабылдамайтындығын білдім де үндемей қалдым. Уақыт өте әлгі пионер вожатый тағы да маған сол тапсырманы берді. Мен бір ретін тауып, әкеме: – Әке, соғыста қанша неміс сіздің қолыңыздан опат болды дедім. Байқаймын, сұрақ әкеме өте ұнамады. Әкем балам, отыршы мен саған айтайын деді. – Мен соғысқа тіленіп барған жоқпын. Бәрімізді соғысқа топырлатып айдап апарды. Менің немістермен ешқандай бас араздығым жоқ. Мен оларды танымаймын, олар да мені танымайды. Сонда мен неге оларды өлтіруім керек. Мен ойлаймын, аман-есен елге барып, үйленіп бағалы-шағалы болсам деп. Сірә, немістер де солай ойлайтын шығар. Бәр жап-жас жігіттер. Кім оларды өлімге қияды деп ауыр күрсінді. Мен сұрағымның орынсыз екенін енді ғана түсіндім. Әкем соғыс туралы айтуды ұнатпайтын. Тек өзінің қалай жараланғанын ғана айтатын. Өзін комиссияға салғанда, татар дәрігердің айтқанын жиі қайталайтын. Татар дәрігері былай депті: – Сен қазақсың ба? – Иә - дедім. Олай болса мен сені соғысқа жарамсыз деп еліңе қайтарамын. Сендер қазақтар орынсыз ерлік көрсетіп қырылып жатсыңдар. Еліңе қайт, үйлен, қайтадан соғысқа сұранушы болма депті. Сөйтіп, әкем аман-есен елге оралды. Жуырда Шыңғыс Айтматовтың «Жамиля» деген шығармасын қайта бір оқып шықтым. Сонда соғыс мүгедегі Даниярдан, соғыс туралы сұрағанда, оның айтқаны: « – О войне, говоришь? – спросил он и, будто отвечая на свои собственные раздумья, глухо добавил: – Нет, лучше вам не знать о войне!». Соғыс туралы мақтанып сөз айту – надандық. Лев Николаевич Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романында соғысты адамзаттың қасіреті екені жеткілікті баяндалған. Сондықтан, екінші жаһандық соғыстың өткеніне 75 жыл болды. Ендігі кезде кімді өлтіргені несіне мадақ болуы керек? Соғыс туралы сөз ескірмеуші ме еді? Зұлымдық ұмыт болмаушы ма еді, әлде зұлымдықты қайта-қайта айтсақ, одан не пайда табатынымызды ойланатын мерзім болды емес пе? Әкем айтушы еді, 9-шы мамыр күні біздің елде жеңіс мейрамы кеңінен тойланады. Бұл дәстүр үзілмей жалғасын табуда. Көршілес посткеңістіктегі елдер жеңіс тойын тойлауға тиым салғанымен, біз жыл сайын 7-ші мамыр Отан қорғаушылар күні болса да, 9-шы мамырда Жеңіс тойын атап өтеміз. Әкем, маған әлденеше рет айтты: – Балам, сендер қалай Жеңіс тойын тойлайсыңдар, біз қырылып қалдық қой, қандай азаматтар айдалада көмілусіз қалды. Адам айтқысыз қырғын болды ғой, несіне жетісіп тойлайсыңдар деуші еді. Оның үстіне ауылдың жеңіс тойын тойлаушы жастары араққа тойып алып: – Ақсақал, жеңісіңізбен деп келгенде, әкем оларды таяқтап қуып шығушы еді. Біз Ұлы Отан соғысын 75 жылдық мерекесіне арналған жеңіс тойын тойлауға әзірленудеміз. Осы біз кімбіз?!   Академик, жазушы Ғарифолла Есім