Сәкен Сыбанбай: Көпеннің көркем күлкісі

Ұлттық сатираның ұлағатты ақсақалына айналған Көпен Әмірбек күлкісінің кереметі – оқиғасының қызықтылығында, кейіпкерінің мінез-құлық, болмыс-бітімінің ерекшелігінде ғана емес, қара сөзбен күлкілі бейне жасай білетін сайыпқыран шеберлігінде, ана тіліміздің көркемдік құнарын барынша аша түсетін айрықша стилінде жатыр. Сөзбен салынған суреттер Қазақ сатирасының қазіргі ахуалына қанағаттана қоятын кісі сирек. Бір жағынан, бұған саны көбейгенімен, сапасы көтеріле қоймаған сан-сапалақ сахналық сықақ ұжымдарының күлкіңнен гөрі жыныңды жиірек келтіретін жеңіл-желпі қойылымсымақтары себеп болса, екінші есептен, жазба сатирамыздың жағдайының мәз еместігі де – мұрындық. Оспанхан Әубәкіров, Сейіт Кенжеахметов, Қажытай Ілиясұлы, Ғаббас Қабышұлы, Үмбетбай Уайдин секілді сардарлардың жолын жалғастырып қана қоймай, сатира соқпағында өзіндік із қалыптастырып, төл қолтаңбасын танытқан Көпен Әмірбек, Толымбек Әлімбекұлы тәрізді сықақшыларымыздың өзі аға буынға айналды. Рас, бұлардан кейін де әзіл-оспақ тақырыбына қалам тартушылардың қарасы азая қойған жоқ. Дегенмен, кейінгі буынның сөз саптасынан соны леп, тың көзқарас аңғара қою қиын-ақ. Мұның бір себебін қазіргі «қалжыңбастарымызда» қара сөзден картина салардай қазақы көркем тілдің жоқтығынан деп ұғынған жөн дер едім. Мақамды сөздің майын тамызатын майталманның бірі – ұлттық сатираның бүгінгі ұлағатты ақсақалына айналған Көпен Әмірбек. Бұл кісіде күлдірудің бәріміздің ұстазымыз Темірбек Қожакеев баяғыда айтып-жазып кеткен алуан түрі түгел кездеседі. Яғни, Көпен ағамыз оспақсүйер оқырманды оқиғасының қызықтылығымен де, кейіпкерінің мінез-құлық, болмыс-бітімімен де, сөзбен күлкілі сурет сала білетін сайыпқыран шеберлігімен де ішек-сілесін қатыра алады. Оның бейнелі теңеулерінің қашанда ұлттық ұғыммен қабысып жататын тартымдылығы, аллитерация-ассонанстық әдіс-тәсілдерге аса бай ана тіліміздің көркемдік құнарын барынша аша түсетін сөз қоры, сөйлем құру нақыштары сықақшыны басқа әріптестерінен ерекшелеп, оқшаулап тұрады. Бұған көз жеткізу үшін К.Әмірбектің бір ғана кітабын – «Ауызбастырық» атты жинағын мысалға алсақ та жеткілікті. Мұнда сатиралық хикаят та, сахналық скетч, интермедиялар да, езу жиғызбас әзіл әңгімелер де, өткір фельетондар да жеткілікті. Басқа дүниелерінің «басын ауыртпай», «Есекдәме» аталатын хикаятты-ақ алсақ, көріністі көз алдыңа көлбеңдетіп әкеле қояр бейнелі теңеулердің түр-түрі кездеседі: «Түгі майланған мықыр мысық сығылған кірдей созылып керілді...», «...тал түстегі тапал көлеңке секілді қасынан бір елі қалмай...»,  «...бөрене көтерген бөшке бет піл...», «...бірің самауыр, бірің шәйнек құсамай, жоғалыңдар, түге!..», «...қарғанған суайттай басын шайқап-шайқап...», «...жылан өлтіріп жүргендей тез-тез қимылдап, көр-жер, көди-сөдиін сөмкесіне салды...», «...аяғының тамыры тартылғандай қақшиды да қалды...», «...тоңған адамдай томпаң қағып басекеңнің алдында қашанғы жорғалаймын...», «...зәре-иманы ұшып, қанаты жарым қарғадай қалбалақтап-ақ қалады...», «...жалпақ столды жұдырығымен құлаштап домино соққандай соқты...», «...масаға түтін салғандай көк тұман...», т.б. Мұрнынан тізіп көрсетер мұндай бейнелі сөздерді Көпеннің кітабынан көп бейнеттенбей-ақ табуға болады. Бұларды мысал ретінде тізбелегендегі мақсатымыз – жазушы қаламындағы тілдік қуаттың, көркемдік жарақтың молдығына сүйсіну. Бүгінгі кей сықақшылардыңбір шығармасы түгілі, тұтас жинағынан тұшымды сөз таба алмай, абдырап қалатынымыз жасырын емес қой. Олардың жазғанының оқырман жүрегін жауламауы, кітабының сөз ұғар жұрттың сөресінде тұрмауы, бір есептен,сол ел есінде қалар айшықты образ, құнарлы сөз, тегеурінді теңеудің кемшіндігінен бе дейміз. Жалпы көркем туынды үшін, оның ішінде сатиралық шығарма үшін де ауадай қажет дүние – әлгіндей қазақы ұғыммен әдіптеліп, оқырман жадына тоқыла қалатын бейнелі сурет, бедерлі мінез болса керек. «Есекдәме» – сөзбен салынған сондай күлкілі суреттердің де кені. Мәселен: «Айдаһардың көзіндей бірлі-жарым прожектор би алаңына «тесірейе» қарап қалыпты. Сақалдары сапсиған теке тектес жігіттер шаптарына шоқ түскендей шошаңдап билеп жүр. Бөрте лақты тірідей үйітіп жатқандай шыңғырған беймаза дауыстар құлақ тұндырады. Тарамыстай жіңішке жігіттің барабанды бас салып, сабалағанын көрсеңіз, құдды қояншық дерсіз...».Бұл – дискотека. Немесе мынадай бір дәл кестеленуімен езуіңді екі құлағыңа жеткізетін көрініске назар салайық: «Құлаққа ши жүгірткендей кілтті сұғып, бір-екі бұрағанда қайқыбас қара құлыптың ілгегі мыстан кемпірдің жалғыз тісіндей ақсиып ашылды. Іле-шала дауыстап жылаған нойыс баладай машина аңырап оталды да, сыртқа ытқып шықты. Аңырағаны аздай, күйеуінен таяқ жеген келіншектей сыңсып, ақырында үні өшті...».Байқадыңыз ба, эпизодтар суреткерлік шеберлікпен дәл көз алдыңа келіп орнап қана қоймайды, сонымен қатар сөйлем сайын кездесетін уытты теңеулер арқылы үнемі күлкі шақырады. Құрылыс басқармасының Дыраудай дөкей басшысы – хикаятта бір рет те төбе көрсетпейді. Тіпті оның «жыртылған матадай дарылдап ісіп-кеуіп күлетін» әйелі – Әлжуаз жеңгей де сөзге тікелей араласпайды. Әйтсе де, Дыраудың түйені түгімен, арбаны жүгімен жұтатын оқпан ауыз обыр екені, әйелінің де соған сайма-сай ынсапсыз саппас екені сол үйдің мысығы, тышқаны, иті үшеуінің арасындағы қилы-қилы әңгіме арқылы қиюластырылып беріледі... Мірдің оғындай дөп тиер мысқыл Сатиралық шығарма тек әзілмен ғана шектелсе, әжуаға, мысқылға қарай аттап баспаса, оның несі сықақ, несі сатира? Құнарлы тіл, көркем бейне, күлкілі оқиға – туындыдағы басты мәселе – қоғамдағы, замандағы, адамдағы кемшілік атаулыны сын садағымен аяусыз түйреу үшін қажет көмекші құралдар. К.Әмірбектің жазған дүниелерінен аңғарылатыны – жаймашуақтау оспақтың өзінің астарында усойқы уыт, мір оғындай дөп мысқылжатады. Мәселен: «– Қамбаның меншігіндегі теріде не әкеңнің құны бар, көзіңе көк шыбын үймелетейін бе?! – Ауылдың асханасы тұрғанда көк шыбын менің көзімді қайтсін...» Әлгі «Есекдәмедегі» осы диалог арқылы ауылдағы асхананың ахуалы айтпай-ақ көрініп тұр. «Ауыздарын таба алмай, көл-көсір арақты көлдетіп дастарханға төккен» қонақтардан қалған, «шайтан су араласқан жуынды-пуындыны... тас қаптырып жеп қойған» иттің өз қожайыны секілді мас болуы да («О, тоба! Иттің де иесіне тартатыны рас болғаны ма?») – кейіпкердің өзін сөйлетпей-ақ болмысынан хабар беретін деталь. Мемлекет мүлкіне жаны ашымастық, жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлық – сықақшы шығармаларында жиі қарауылға ілінер нысаналар. Мысалы, «Жаман ырым» интермедиясынан алынған үзіндіні оқып көрелік: «Бастық: Асығыспын. Мына ведомоске қол қой. Басбух: Ол неғылған қағаз, басеке? Бастық: «Күркіреу өзеніндегі көпірді топансу бұзып кетіп, әйтеуір әупіріммен қалпына келтірдік» деп аяқ астынан наряд жасадық. Басбух: Көпірді бұзу былай тұрсын, Күркіреу өзенінде тіпті тасбақа тайып жығылатын су жоқ қой. Аңғары кеуіп, қаңсығалы қашан... Бастық: Бып деме! Кешегі кетік ревизордың тісін бүтіндеп, аш құлақтан тыныш құлақ құтылу үшін... өтірік те болса иректетіп, мына нарядқа қол қоя сал. Басбух: Ертең тісі бүтін ревизор келіп, тісімізді қағып, тік тұрғызбай ма? Бастық: Қыңқ етпе! Бір есебін табармыз...». Көпен Әмірбек – халық ауыз әдебиетінің қайнарынан қанып ішкен қаламгер. Қарапайым ғана мәселенің өзін ол қазақы нақышпен бедерлеп, ұлттық ұғыммен байланыстыра ұсынады. Мәселен, «Жырық ауыз»әңгімесінде «бармақ басты, көз қыстымен» ел үстінен күн көріп, тайраңдап жүргендерді кәдімгі... немересінің аузына түкірту үшін абыройлы адам іздеп сандалатын ақсақалдың басынан кешкен хикаясы арқылы әшкерелейді. «Халқына қалаулы, еліне елеулі азамат» деп сенген кісісі шын мәнінде нағыз алаяқ боп шығады. Оның қылмысы дәлелденгенде: «М-м... қалтқыдай қалқып, суға батпайтын неғылған батыр? – деді қария түксиіп, – байқаусызда түкіртіп, баланың аузын былғай жаздаппыз-ау, бәтшағар». Қылмыстыны қорғап шыққан тергеуші де баланың аузына түкіруге жарамайды. Тіпті ақсақал үміт күткен прокурор да әлгілердің сыбайласы боп шығады. «Сірә, сенің де түкірігің түкке тұрмас. Тесік аузыңа телмірген менде де ес жоқ» дейді ақырында түкірігі таза адам таппай шаршаған шал. Тек бұлар ғана емес, «Қазаға ұшыраған қайран темір...», «Соқыр тиын», «Жыртық бәтеңкенің жылуы», «Тон кигізіп сабау», «Сиырқұйымшақ», «Текетірес», «Алақаны қышыған алаяқ», «Даяр ұйқастың дауы», «Көнтек ерін» секілді фельетондар мен әзіл әңгімелерде әжуа болатын тойымсыз обырлық, тамыр-таныстық, өнердегі өресіздік, «көрсетпей сұрап алатын» плагиаттық, зәбір көрушіні қуғындап, зорлықшыны ақтап алғыш әділетсіздік, т.б. қоғамды кейінге сүйрер кертартпа құбылыстар бізде әлі де кездеседі. Яғни, аталған туындылар уақыттың судырлаған парақтарының астында қалып қоймай, әлі де өзектілігін жоғалтпай келеді. * * *     Біз Көпен Әмірбектің бір ғана жинағынан түйген ой, алған әсерлерімізбен бөлістік. Шын мәнінде ол – өте өнімді еңбек еткен сықақшы. Жоғарыда сөз болған көлемді сатиралық хикаятынан бөлек әзіл әңгіме, сықақ өлең, фельетон, эпиграмма, пародия жанрларында қалам тербеген оның қазақ оспағындағы алар орны ерекше. Бұрын «Тамашада» орындалған, Құдайберген Сұлтанбаевтың, Мейірман Нұрекеевтің, Тоқсын Құлыбековтың, Уайс Сұлтанғазиннің, Лидия Кәденованың және т.б. актерлердің жұлдызды рөлдеріне арқау болған «Бітеу тауық», «Ауа райы кінәлі», «Астарлы әңгіме», «Қоғамдық жұмыс», «Құдалар», «Ел естімеген ұрлық», «Адасқан бала», «Тағы да танысайық», «Бірінші орын» тәрізді скетч-интермедиялары – өз алдына бір төбе.     Бүгінгі жас оқырман К.Әмірбекті негізінен «Па, шіркін, пародия!» арқылы ғана білетін секілденеді маған. Ғаламтордағы кей пікірлер осы тұспалды растайтындай да. Шын мәнінде біз сықақшының жазба дүниелеріне басымырақ мән беріп, көбірек көңіл аударуымыз керек. Әсіресе жас әзілкештер. Олар мақаламыздың басында аттары аталған сатира сардарларының туындыларымен қатар Көпеннің көркем тілмен кестеленген қазақы күлкісімен де сусындап, қалыптасуға тиіс. Өйткені, қазіргі балаң сықақшыларымызда құнарлы тіл де, құйқалы сөз орамы да, құбылыс боларлық туынды да жоққа тән. Сәкен СЫБАНБАЙ,  Қазақ үні