Абдолла Дастанов: Сексеннен асқан ақсақал әке дерегін енді ғана білді

ЖЕТПІСБАЙ ЕМЕС ДИЖИКЕБАЛ деп жазылудың салдарынан сексеннен асқан ақсақал әке дерегін енді ғана білетін болды Соғыстан оралмаған әкелерінің, аталарының сүйегі қайда қалғанын білмек ниетпен іздестіріп жатқандарды көріп қалсам, шама келгенше көмектесуге ұмтылу штаттан тыс жұмысыма айналғалы 5 жылдан асып барады. Өйткені, соғыста хабарсыз кетті деген атам Дастан Самырзаұлының қайда жерленгені туралы нақты дерегі 2014 жылы табылған еді. Ресейлік Хатира Мансұрқызы Марданшинаның арқасында атамыздың дерегін тапқан соң, мұны жергілікті газетке жарияладық. Содан соң жан -жақтан көмектесуге өтініштер түсе бастады. Біршамасының алғысын алдық. Өзіміздің шамамыз жетпей таба алмасақ Хатира Мансұрқызының көмегіне жүгіндік. Осыдан бірер күн бұрын ОБД сайтына кіріп , Ерқанат Бақтыкерей деген бауырымыздың атасының әкесін, яғни Жетпісбай Тұрлыбаев деген жауынгердің дерегін іздестірген жазбасын көзіміз шалды. Хатира Мансуровна да одан білетін бар мәліметтерді жазуын өтініпті. Мұндайда барлық деректердің бірі болмаса бірінің көмегі тиюі мүмкін. Ерқанаттың қосымша мәлімет жіберуін күтпестен іздестіріп көргенде Тұрлыбаев Жетпісбай деген кісі туралы дерек шықпады. Есесіне Турлубаев Дижикебал деген кісінің қайтыс болғаны туралы дерек бар екен. Туған жылы да, шақырылған өңірі де, мезгілі де, хабар үзілген уақыты да Ерқанат іздестірген кісіге келеді. Бірақ, Жетпісбайды осыншама бұрмалап Дижикебал деп жазу маған мүмкін еместей көрінді. Жәкебай , Жетібай шығар, әлдебір сәйкестік болатын шығар деп ойладым. Бір тәуірі табылған құжатта ол кісінің әйелінің де есімі жазылған екен. Ерқанатқа хабарлама жіберіп, атасының анасының есімі, яғни үлкен атасының әйелінің есімін білетін болса жазып жіберуін сұрадым. Міне, ғажап. Ерқанат Жетпісбай іздестірген атасының әйелінің есімі Дәкүл болғанын жазыпты. Ал, Дижикебал Турлубаевтың құжатында оның әйелінің есімі Дакул екені көрсетілген. Бұдан соң Дижикебалдың Жетпісбай екеніне еш күмәнім қалмады. Хатира Мансуровна да ОБД сайтында Ерқанатқа "Осы Сіздің атаңыз болу керек" деп хабарлама салып қойған екен. Ерқанатпен де хабарластым. Өте қатты қуанышты екені даусынан байқалып тұрды. Атасы Бақтыкерей ақсақал 1937 жылғы екен. Осы уақытқа дейін әкесінің сүйегі қайда қалғанын армандаумен келеді екен. "Жыл сайын 9 мамырда атаның көңілі түсіп отыратын еді, енді биыл бәрі басқаша болатын болды. Өзім Алматыда тұрамын, ата ауылда" деген Ерқанатқа атасының қуанышына ортақтастығымызды білдірдік. Ол кісінің көңілі көл болып жатқан шығар ендігі. Құдай қуаныштан айырмасын! Абдолла Дастанов, Фейсбук парақшасынан