Елімізде екі адам коронавирустан жазылды

Қазақстанда коронавирус індетін жұқтырған екі адам емделді. Олар ертең ауруханадан шығарылады. Бұл туралы ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев брифинг кезінде айтты, - деп хабарлайды baq.kz.

Министрдің айтуынша, бұл науқастар қазір соңғы тексеру сараптамаларын тапсыруда.

Екі емделуші коронавирустан айықты. Қазір олар соңғы тексеру сараптамаларын тапсыруда. Бұйыртса ауруханадан ертең шығады. Бұл біздің коронавируспен күрестегі жеңісіміз. Басты дүние осы деп айтуға болады. Ең алдымен бұл дәрігердің жанкешті еңбегінің жемісі. Сондықтан Үкіметтің және барша қазақстандықтардың атынан медицина қызметкерлері мен Денсаулық сақтау министрлігінң қызметкерлеріне алғыс айтуға рұқсат етіңіздер. Кез келген маман үшін ең бастысы өз еңбегінің нәтижесін көру. Сол нәтиже үміт пен қуат береді, - деді министр.

Сондай-ақ, ол елде төтенше жағдай жарияланғанымен өңірлерде  тойлар мен жиындар, салтанатты шаралар әлі де өткізіліп жатқанын айтты.

Кафелер мен интернет клубтар, балаларға арналған үйірмелер жұмыс істеп жатыр. Барлығы осындай 313 дерек анықталды, 94 адам жауапқа тартылып, оның 64-ті қамауға алынды, - деді Дәурен Абаев.

Дәурен Абаев ел азматтарының жауапкершілігі артып келе жатқанын жеткізді.

Қазіргі таңда қазақстандықтар қоғамдық бақылауда белсенділік танытып, сауда орталықтарындағы санитарлық талаптардың сақталуын талап етіп отыр. Егер дүкендегі кезек тым жиіленіп кетсе немесе сатушы маскасыз отырса азаматтар оны полицияға хабарлауда, - деді министр.