АҚЫНДАР АҚЫНДАРҒА ҮН ҚАТАДЫ

271
0
Бөлісу:

Шәһизада Әбдікәрімов пен Байбота Қошым-Ноғай

Әз Наурыз – Жаңа жылымыздағы белгілі ақын Байбота Қошым-Ноғайдың бай идея, бағалы бастамаларының бірі – «АҚЫНДАР АҚЫНДАРҒА ТІЛ ҚАТАДЫ» айдары. Ақындардың бір-біріне арнаған жалынды жырларын жариялай отырып, қазақтың сөз ұстаған қаламгерлерін осы бастаманы іліп әкетуге шақырамыз.

ҚЫРАН

Байботаға

Табиғат берген тағылық
Талпынып тордың астынан,
Толағай тауын сағынып,
Торығып жатыр жас қыран.

Өзекке байлап бершiмек,
Өксiдi, батып мұңды ойға,
Аспанын қайта еншiлеп,
Аспандап самғар күн қайда?

Тауқымет шегiп тордан да,
Жемсауы толар жемiтке,
Жиделi-Байсын жалғанға
Жетiмек болып келiп пе.

Қаталдық неткен,
Сыр аңда,
Қансонар қуып талай бел,
Қызылға қосар қыранға
Қызықтау үшiн қарайды ел.

Бұла күндерге iңкәрмiн,
Жетпей ме жер де бiзге анық.
Нелiктен көгiн сұңқардың
Өзiнен жүрмiз қызғанып?

Уланып мұңға ер жүрек,
Жанына осы батты айып!
Қарға арыз айтып келдi деп,
Қыранға кiнә тақпайық!

Шаһизада ӘБДІКӘРІМОВ.

БІЗДЕ АРМАН ЖОҚ, БАУЫРЫМ!

Шаһизада Әбдікәрімовке

І

(Ақ өлең)

…Екі тарлан бөрі едік.

Махамбет.

Екеуіміз екі тарлан бөрі едік…
«Бөрі арығын білдірмес» деп,
қаймананың көзінше
жүнімізді жықпадық,
жұбымызды жазбадық.
Соңымыздан ерген бөлтіріктерді
баулып,
ауыздандырып,
екі езуін қан қылып,
арлан етіп кере қарыс азуы,
арландардың арасынан ал бірін
абадан ғып асырадық айбынды.
Аз емес ек,
көп емес ек,
сонда да
біріміздің ізімізді біріміз
басып,
шықтық жорыққа!
Бізде арман жоқ, бауырым!

Екеуіміз екі тарлан бөрі едік…
Мені атты мерген сені көздеген,
сені атты мерген мені көздеген.
Қатыгездер құрған қара қақпаннан
аман өттік,
бізде арман жоқ, бауырым!

Алты қырдың астынан
жонын көрсе екі тарлан бөрінің,
құты қашып,
қыңсылап,
ит құйрығын қысатұғын арасына бұтының.
Бөрі болмай,
ит боп тусақ қайтер ек.
Таңымыздан тартты талай желігіп
лақтырылған сүйек мүжіп,
быламыққа былғанған,
жегенге мәз,
тойғанға мәз,
қарғылы
«бөрібасар» бәйтөбеті қазақтың.
Байғұстарды бәрібір
басып тұрды мысымыз!
Бізде арман жоқ, бауырым!

Жапан түзді бетке алып,
жанарымыз от шашып,
таңға дейін Тәңіріге тәжім ғып,
Айға қарап ұлыдық,
зарлы үнiміз сай-сүйегiн сырқыратты ел-жұрттың
бейне қара қобызындай Жаппас Қаламбаевтың.
Жарамызды жалап жаздық қап-қараңғы түндерде.
Бізде арман жоқ, бауырым!

ІІ

(Қара өлең)

Мені алпыстан өтті дейді ел, мейлің,
сені алпысқа жетті дейді, сенбеймін.
Алпыста өзім алты жасар аттаймын,
қылығы жоқ қызға сәлем бермеймін.

Қос жанарың жай отынан жалқын ап,
бойды кернеп жас күніңдей әл-қуат,
тізгініңді жан адамға ұстатпай,
сен де алпыста тұрсың, Шәки, арқырап!

Алдыңда жыр оқи алмай бір ақын,
мың кісіні мысың басып тұратын.
Көруші едік Алатаудың шыңынан
біз қазақтың өлеңінің мұратын.

Алты алашқа жетті қазір үніміз,
алты құрлық асармыз да түбі біз.
Ертегідей ертеңі бар елміз ғой,
сәл күрмеліп тұрғанменен тіліміз.

Керенаулар күлсе дағы миықтан,
тілін қазақ қорғайды әлі қиып қан.
Сенің жырың, менің жырым демейді,
сөз асырса біреу біздің иықтан!

Байбота ҚОШЫМ-НОҒАЙ.

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Пікір немесе жауап жазу