САҚТАНСАҚ ҒАНА САҚТАЙТЫНЫН ЕСКЕРЕЙІК!

ЕНГІЗІЛГЕН ШЕКТЕУЛЕРГЕ ӘР АЗАМАТ ЖАУАПКЕРШІЛІКПЕН ҚАРАУЫ ТИІС

БҰЛ СЫНАҚТАН СҮРІНБЕЙ ӨТСЕК, ЕҢ ҮЛКЕН ТОЙ ОСЫ БОЛМАҚ

 ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлемді жайлаған аты жаман індетке байланысты Қазақстан Республикасының барлық аумағында 16  наурыздан 15 сәуір аралығында төтенше жағдай енгізілгені баршамызға белгілі. Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында карантин жарияланып, халыққа көпшілік адам шоғырланатынын жерлерге бармау туралы қатаң ескерту жарияланды. «Бұл індетпен күресуге толық мүмкіндігіміз бар екенін баса айтқым келеді. Қиындықты бәріміз бір халық, бір қоғам болып міндетті түрде еңсеріп шығамыз. Бұл – уақытша дүрбелең. Осы дағдарыстан абыроймен өтуіміз керек! Енгізілген шектеулерге әр азамат жауапкершілікпен қарауы тиіс. Әр адам барынша сақтанып, вирустың таралмауына атсалысуы қажет. Еліміздің барлық азаматтары өкілетті органдардың қызметіне қолғабыс көрсетеді деп сенемін. Осындай кезде бәріміз сабыр сақтап, тәртіпке бағынуымыз керек», – деген ел Президенті шектеу шараларына әрбіріміздің жауапкершілікпен қарау керек екенімізді баса айтты. Осыдан кейін елордалықтар мен алматылықтардың дені мүмкіндігінше үйден шықпай, сақтық шараларын жасап үйде отыр. Ал басқаларымыз ше? Еліміз Түркістан облысында болғандықтан, әрі ол жақта халық саны да көп әрі жиі шоғырланғандықтан түркістандық ағайынға көңіліміз алаң екенін жасыра алмаймын. Ал Алматы мен Нұр-Сұлтаннан Шымкентке қарай үдере көшкендердің қарасы бұл уайымымызды еселей түсті. Бәрімізде де, туған жер, қара шаңырақ бар. Бірақ, осындай қысылтаяң шақта елге қарай шұбаудың қисынсыз екенін ескеріп, жылы орнымыздан қозғалмай,үйімізде қалдық. Негізінен әрбіріміз, біреуге пайдам тимесе де, зияным тимесін деген ұстанымды ұстануға тиістіміз ғой. Бұл үшін асқан ақылды болудың да қажеті жоқ. Иә, осыдан төрт-бес күн бұрын ғой деймін, үй ішіне тазалық жұмыстарын жүргізіп, телефонға қарауға мұрша болмады. Ал кешкісін ватсабты ашып, өзіміздің «Бауырлар» чатына бас сұқсам, бірі құдағилармен басқосуға, енді бірі туған-туыстың басын қосып Наурыз көже өткізгендерін айтып жаңалықтарымен бөлісіпті. Осыдан кейін, төмендегі жазбамды қалдыруға мәжбүр болдым. "Айналайын, мен үшін аяулы жандарым! Бұған дейін де қаншама рет, қақсап, қақылдап, жалынып, жалбарынып ел ішіне тараған індеттің қауіпті екенін ескерттім. Өйткені, желдің өтінде отырғандықтан, əрі мамандығыма байланысты әр ақпаратпен сəт сайын жете танысып отырғандықтан, əрбір жайтты жан жүрегіммен сезініп отырмын. Жылдағы дəстүрді бұзбайын деп наурыз көже беруді, құдағидың көңілін жықпайын деп кез келген басқосуға желпілдеп жетіп баруды доғарыңыздаршы осымен. Бір тостақ көже бермеді деп ағайыныңыз безініп кетсе, шақырғанда келмеді деп құдағиыңыз тырысып қалса оны көрерсіздер. Бір күннің ішінде бір емес, екі емес, онға жуық адамның тіркелуі бəрімізді ойландыруы керек. "Бізде тыныш қой", "Құдай сақтасын" деген сақтандыруларыңыз сіздерді ешнәрседен қорғамайды. Жаратушы иеміз сақтансаңыздар ғана сақтайды. Бұл карантин тек Алматы мен Астана үшін ғана емес. Бар қалаға ортақ. Сондықтан үйден шықпай, ешкімді қонаққа шақырмай, келем дегендерді де келтірмей, тыныш отырыңыздаршы. Осы чаттағы əрбір жанның өмірі мен үшін қымбат. Сондықтан жазып отырмын. "Бізде тыныш қой" деп бейқам жүрмеңіздерші. Бұл тыныштық сіздер ережеге бағынып үйде отырсаңыздар ғана мəңгілік болатынын ұғыныңыздар. Бұл сынақтан ел болып, сүрінбей өтсек, той да, қуаныш та сол болмақ. Одан кейін барлық қуанышты басқосу жалғаса береді», – деген едім.Бұл сөзімді тек ғана өзімнің бір туған бауырларыма емес, елдегі барша ағайынға арнаймын.

«ЖАҚСЫ СӨЗ АЙТАЙЫҚ НЕМЕСЕ ҮНДЕМЕЙІК»

Осы аты жаман індет алғаш рет Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында тіркелісімен, әлеуметтік желілерде базбір сәуегейлер енді «Шымкентте тіркеледі» деп жазғанын оқып, денем түршігіп кетті. Бұрындары әжелеріміз жаман нәрсе айтқандарға: «жағыңа жылан жұмыртқалағыр» деп кейуші еді. Дәл осы сөз осындайларға қарата айту керек-ау бүгін. «Жындының айтқаны емес, сандырағы келеді» демекші, күні кеше аталмыш дертпен ауырған науқас Шымкент қаласында да тіркелді. Сонымен, Қазақстандағы коронавирус бойынша 25 наурыздағы 09:30 сағ. жағдай төмендегідей. Коронавирус індетін жұқтырған тағы 7 адам тіркелді. Осы сағатта Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 41 адам, Алматы қаласында – 31 адам, Қарағанды қаласында - 2, Алматы облысында - 1 адам, Ақтөбе облысында - 1 адам, Шымкент қаласында – 1 адам, Жамбыл облысында -1 адам, Солтүстік Қазақстан облысында - 1 адам жалпы 79 науқас тіркелді. Қарап, отырсақ жаман індеттің таралу аумағы сәт сайын кеңейіп бара жатыр. Кешқұрым Шымкентте бір науқас тіркелісімен, «Шымкентте бұл дертке шалдыққандардың саны бұдан да артады. Сөйтіп, қаланы карантинге жабады», – деп тағы бір «жазғыш» шимайлай салды. Артынша тағы біреу, жоғарыдағы ресми мәліметтерде келтірілген қалалардан бөлек, тағы да бірнеше қалалардың атын атап, енді осы қалалардан шығады деп жазды. Айналайындар-ау, «жақсы сөз сөйлейікші немесе үндемейікші». Жоқ әлде өз еліңе қастығың бар ма?  «Бояушы, бояушы дегенге, сақалын бояпты» дегеннің керін келтіріп тұрғандарыңызды түсінесіздер ме? Егер шын жаныңыз ашыса, сақтық шаралары туралы өзіңіздің айналаңызға, ағайын- туысқа, дос-жаранға айтыңыз, жазыңыз. Саналарына жеткізіңіз. Бірақ, алдын ала жамандық шақырып, «ана қаладан шығады», «мына қаладан шығады» деп сәуегейлік танытпаңыздаршы. Ертеңгі күн тұрмақ, бес минуттан кейін алдымызда не болатынын білмейміз ғой. Бәріміз бір АЛЛАНЫҢ құлымыз. Әрбір адамзат баласы АЛЛАҒА аманат. Сондықтан, аузымызға абай болайық. Қолдан келсе, халқымызға демеу болайық. Ал, қолымыздан түк келмесе, жаман нәрсе айтпай, үйімізде тыныш отырайық, ағайын! «Әр қазақ менің жалғызым» деп ақын Сабыр Адай айтпақшы, Қазақстанның ешбір қаласынан аталмыш індет тіркелмеуін тілейік. Үрей мен қорқынышқа бой алдырмай, тек жақсылықтан үміт үзбейікші, ағайын!   Гүлмира САДЫҚ qazaquni.kz