Ң ДЫБЫСЫНА УКРАИНАДА ЕСКЕРТКІШ ҚОЙЫЛҒАН

1184
0
Бөлісу:

Қазақтың Ң дыбысына Украинада ескерткіш қойылғанын бүгін Жазушылар үйінде қаламгерлермен өткен латын әліпбиін ашық талқылау барысында естідім.

«Ң қаріпін 19 ғасырда Томсон енгізген. Көне Еуропаға Ң Түркі халықтарының өркениеті арқылы жеткен. Бір кездері украиндарда да Ң дыбысы болған. Бірақ бірнеше ғасырлардан соң олар Ң әріпін сирек қолданатын болып, кейін тіптен жоғалып кеткен. Сондықтан бұл елде Ң дыбысына ескерткіш қойылған», – деді түрколог ғалым, белгілі жазушы Қаржаубай Сартқожаұлы.

Жазушының бұл пікірін құптаған филология ғылымдарының кандидаты Анар Фазылжанова кейбір ғалымдар Ң дыбысын күні батуға жақын, жойылып бара жатқан дыбыс қатарына қосып жүргенін айтты.

Бұл пікірді одан әрі тірілткен Жазушылар Одағының астанадағы филиалының жетекшісі Дәулеткерей Кәпұлы «Мен өзім филология факультетіне сабақ беремін. Көптеген қазақ балалары Ң дыбысын айта алмайды. Кейбірі айта алса да, қай жерде қолданылуы керектігін ажырата алмайды» деп өкінішін білдірді.

«Тіпті, оны айтасыз, телеарналардағы бірқатар жүргізушілер Ң-ды айтпайды. Оларды жұрт естіп, үлгі тұтып отыр. Осыған да көңіл аударатын уақыт жетті» дед» жазушы Әлібек Асқар.

Осы тұста әңгімеге араласқан Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Нұрқиса Дәуешев Ң дыбысын айта алмайтын отбасыларды, тіпті ертеректе бүкіл бір ауылды кездестіргенін айтты.

«Бұл мәселені зерделей келсек, әлгі ауылдың тілді оқытатын мұғалімі Ң-ды айтпайды екен. Қазақтың әр қаріпінің астарында оның ұлттық болмысы, қазақты қазақ етіп тұрған қасиеті тұр. Сондықтан да біз әліпби жасауда әр қаріпке дейін жіті көңіл бөліп, алдыларыңызға келіп талқылап отырмыз» ,- деді вице-министр.

Министр орынбасарының бұлай деуінің де себебі бар. Өйткені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әліпбиді жетілдіру туралы тапсырмасынан кейін 70- ке жуық ғалымнан тұратын 4 Жұмыс тобы соңғы 3 ай ішінде 4 отырыс өткізді. Халықтан, ғалымдардан түскен 40-тан астам жобаны талқылап, әрқайсысының озық тұстарымен әліпбиді жетілдіре түсті. Іріктелген 3-4 жобаны білім, банк, цифрландыру, нақты ғылымдар салаларында сынамадан өткізіп, аймақтардағы филолог ғалымдарға ашық талқылауға ұсынды. Талқылау барысында айтылған ұсыныстар ескерілген 3 жоба ақпанның 20- да Алматыда ғалымдардың Жұмыс тобына ұсынылды. Ғалымдар талқылай келе нәтижесінде, үш жобаның артықшылықтарын ала отырып, бір нұсқаны мақұлдады.

Мақұлданған нұсқаны Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев тәуелсіз сарапшы ғалымдарды қатыстыра отырып талқылап, кейбір дыбыстарға қатысты сарапшылар тарапынан айтылған ұсыныстарды тағы бір рет пысықтауды тапсырған болатын.

Міне, бүгінгі Жазушылар үйіндегі талқылау осыдан негіз алып отыр.

Көріп отырғандарыңыздай, оның Ң дыбысына да тікелей қатысы бар. «Ң-ді қалай таңбалаған оңды? Ң – әріпін латында жоқ Ŋ-таңбасымен берген дұрыс па, әлде N әріпінің үстіне тильда немесе бревис қою арқылы таңбалауды құптайсыз ба?» деген сауалға жауап іздедік.

Бұдан бөлек «әліпбиге Ww, Xх, С- қаріптерін қосу керек пе?». Сондай-ақ «Ч және Ц дыбыстарының қажеттілігі қандай?» деген де сұрақтар төңірегінде де пікір алмасу болды.

Жазушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Құныпия Алпысбаев «Ғалымдар бұрынғы кириллицадағы қазақ әліпбиіне қатысты оның орыс грамматикасының көшірмесі екенін айтып келді. Енді ұлттық болмыстағы әліпби жасайтын, соған көшетін уақыт жетті деген пікір білдірді. Ал жазушы Қуаныш Жиенбаев екі немесе үш қаріптің қосылып бір дыбысты беруінің қазақ әліпбиі үшін қолайсыз екенін айта келіп, мақұлданған әліпбиде бір қаріп бір дыбыс қағидасын ұстанғаны өте дұрыс деген пікірін жеткізді.
Жазушылар үйіндегі әліпби талқылау ерекше әсер қалдырды. Түркітанушы ғалым Қаржаубай Сартқожаұлының «Бабаларымыз Көктүрік империясы бір әліпбимен әлемнің төрт бұрышының басын қосқан» деген сөзі көңілде қалып қойды.

Әділбек Қаба,

Қазақ үні

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Пікір немесе жауап жазу