Әлихан Байменов тілдік қорымызды байыту ісіне жұмылуға шақырды

Қазақ тілінің ахуалына алаңдаған Қазыбек Иса жазбаларын оқыған соң, көпшілік үйлерінде екенін ескере келе туындаған бір бастамамен бөлісуді жөн көрдім. Жарияламас бұрын идеяны Қазыбекпен, Дархан Қыдырәлі және Әділбек Қаба бауырлармен талқылап алдым.

Тіліміздің қолдану аясы мемлекеттік мәртебесі мен бүгінгі қоғамның қажеттілігіне сай болуын қамтамасыз етуде өзіміздің ынта-жігеріміз бен мемлекеттің мәжбүрлеу және ынталандыру міндетінен бастап, заманауи әліппеге дейін көптеген факторлар бар екені мәлім. Соның ішінде тілдік қорымыздың да үздіксіз толығып тұруы бар.

Тіл тірі организм болғандықтан да өмірдегі, әлемдегі өзгерістерге бейімделетіні сөзсіз. Сондықтан, мысалы, әлемдік тілдердің арасында көптеген өлшемде көшбасшы деп атауға болатын ағылшын тілдік қоры соңғы бір ғасыр ішінде екі еселеніп, миллионнан асыпты (мамандар оның 600 мыңдайы Оксфорд сөздігіне енгенін, 170 мыңнан астамы пайдаланыста, ал жеке адамдар 20-30 мыңмен шектелетінін айтады). Әрине, жаңа сөздер көбіне табиғи жолмен, түрлі кәсіп иелерінің қолданысқа енгізуі арқылы туындайды.

Түрлі себептерге байланысты осы соңғы бір ғасырда біздің тіліміз осы табиғи даму үдерісінен ауытқып, тек жаңа құбылыс, зат, үрдіс, технодогияны атауда жаңалық енгізу емес, тіпті үйреншікті ортаны суреттеу мен түсіндіруде барымыздан айырылып, жеткіліксіз болатын жағдайға душар болды. Осыны Қазыбекке айтып едім, ол өз достары арасында тек қазақша сөздерді пайдалану жарысын өткізгенде тіпті күнделікті тұрмыстағы заттарды атауда көбісінің қиналғандарын айтты.

Осыған байланысты мен екі жыл бұрын Эстонияда көрген жобаны бізде жүзеге асыруды ұсынамын.Өздеріңіз білетіндей Эстонияда 1.3 миллиондай тұрғын болса,соның миллионы этникалық эстондар. Санның аздығына қарамастан олар эстон тілдік қорын үнемі толықтырып отырады. Жоғарыда ағылшын тіліне байланысты табиғи жолдан басқа бұл істе Эстония жаңа технологияларды қолдана отырып ұлттың әлеуетін пайдалану мен пікірін ескеруді қамтамасыз етуде. Жыл сайын Эстонияда эстон сөз қорында жоқ терминдердің эстонша баламасын табуға бәйге жариялайды. Кез келген адам өз ұсынысын арнайы сайтқа жіберіп, онлайн дауыс беру арқылы жеңімпаз анықталады. Жеңген сөздің авторын Эстония президенті марапаттайды. Біз болған жылы осы жолмен олар infastructure сөзінің эстонша баламасын анықтады.

Біздің тіл комитеті терминкоммен бірлесе осы жобаны қолға алса, тіл жанашырларының, жалпы ұлттың әлеуетін тілдік қорымызды байыту ісіне жұмылдырудың тиімді де тартымды жолы болар еді.

Дархан ініммен пікір алмасқан соң www.termincom.kz сайтымен таныстым. Негізінен ұнады. Ұсынылған жобаны да осы сайт аясында жүзеге асыруға болар еді.

Әлихан Байменов, Фейсбук парақшасынан