Бішкектегі қазақстандық балалар әскери ұшақпен елге оралды

368
0
Бөлісу:

24 наурыз жергілікті уақытпен сағат 7.00-де Атырауға Бішкектен әскери ұшақ келіп қонды. Ұшақ бортында 21 жолаушы болды. Оның 11-і – ана, ал, 10-ы – церебралды сал ауруымен ауыратын балалар, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

Олар Қырғызстанда екі апта ем алған. Бірақ, әуе рейсі тоқтатылып, елге қайта алмай қалған.

«Балаларды тасымалдау үшін айрықша жағдай қажеттілік туындады. Сондықтан, бұл іске ҚР Қорғаныс министрлігінің авиациясы тартылды» -деп мәлім етті ҚР ҚМ Қырғызстандағы әскери атташесі, полковник Ахтан Әбілдаев.

Елге оралғандардан арнайы аймақта коронавирусқа жедел тест алынды. Тест қорытындысы 7-8 сағат ішінде белгілі болады. Егер тест теріс нәтиже көрсетсе, аталған ұшақ жолаушылары үйіне жіберіледі.

«Бішкек әуежайында да жан-жақты тексеруден өттік. Дене қызуымызды өлшеп, өзіміздің де, балалардың да жағдайын қарады. Қауіпті дерттің белгісі байқалған жоқ. Бұл тест те теріс нәтиже көрсетіп, үйімізге баратынымызға сенеміз» – дейді ерекше баланың анасы Венера Әділова.

Арнайы аймақ тамақ, гигиеналық құралдармен, киімдермен қамтылған. Бұл шара коронавирустың таралмауына бағытталды.

«Бішкектен келген 11 ана мен 10 балаға Атырау облыстық әкімдігі тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетіледі. Осы мақсатта облыс әкімдігі жанынан арнайы комиссия құрылып, жолаушылар жан-жақты бақылауға алынды» -деді Атырау облысы әкімінің орынбасары, арнайы комиссия төрағасы Бақытгүл Хаменова.

Еске сала кетейік, бұған дейін сал ауруына шалдыққан балалар мен олардың аналары Қырғызстаннан елге қайта алмай қалғанын жазған болатынбыз.

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Пікір немесе жауап жазу