АҚЫНДАР АҚЫНДАРҒА ҮН ҚАТАДЫ

Свет Оразаев пен Есенбай Дүйсенбайұлы

Әз Наурыз - Жаңа жылымыздағы белгілі ақын Байбота Қошым-Ноғайдың бай идея, бағалы бастамаларының бірі - "АҚЫНДАР АҚЫНДАРҒА ТІЛ ҚАТАДЫ" айдары. Ақындардың бір-біріне арнаған жалынды жырларын жариялай отырып, қазақтың сөз ұстаған қаламгерлерін осы бастаманы іліп әкетуге шақырамыз.

МЕРЕЙ

Ақын Есенбайға Елің жаққа барғам талай сені іздеп, Дей алмаймын «баруымда негіз жоқ». Сорлап, Талып, Шөл боп барып өзіңе, Қайтқам сенен бір телегей теңіз боп. Серги түсіп селт еткізер сөзіңнен, Өз қасыңа сәл дем алып, Көз ілгем. Түн боп барып, Қайтқам сенен Күн болып, «Жоқ» боп барып, «Бар» боп қайтқам өзіңнен. Өзің едің маңдайымнан қақпаған, Мені бәйге атындай ғып баптаған. Мүмкін, сонда мынау байтақ даламнан Сенен басқа баратын жер таппағам. Сен ең мені бір қиырдан танитын, Тағдырыма қарғыс айтып, Налитын. Маған кейде сен ұсынған қара су Таңдайыма балдан бетер даритын. Дауа болып даритын-ды… Мен енді Сөйлетуге көшетінмін өлеңді. Дейтін ең ғой өзің сонда: «Әлі-ақ сен Көрсетпессің кей мығымға төбеңді!» Өлең сөзге сен де серттей бекемсің, Дейтін ем мен: «Нағыз ақын екенсің. Аман-есен жүре берші, Түбінде Алты алаштың мақтаны боп кетерсің!» Боз далаға бозторғай-жыр арнап шын, Шабысыңнан әлі де сен танбапсың. Жыр тынысын – тынысына жиһанның, Ақтөбеңді Алматыма жалғапсың. Қазақ елі қамын дәйім ойлаған – Дос мерейі қуаныш та, Той маған. Өлеңіңе қол соғады дүйім ел, Қуатты жыр қуандырмай қоймаған. Таңторғайы әуенінен ұйып қыр, Әндетеді саған басын иіп гүл… Қарға бойлы Қазтуғандай бауырым, Қыран күші қай жеріңе сыйып тұр? Жүрек сөзі дертке дауа лебіз боп, Келем әлі тіршілікте сені іздеп. Сорлап, Талып, Шөл боп сенен қайтпайын, Бара қалсам бір телегей теңіз боп. Бара қалсам, Сілкінейін сөзіңнен, Болып жүр ғой қуанышты кезім кем. Күн боп барып, Қайтпайыншы түн болып, «Бар» боп барып, «Жоқ» боп қайтпай өзіңнен. Тірлік болса, Жүрісімді сөгер кім, Әлі талай барармын да, Келермін. Сырым осы… Тұлғасымен «беделсіз», Тұлпарға тән қарқынымен беделдім! Свет ОРАЗАЕВ.

ҚАЙДАСЫҢ, АҚЫН СВЕТ ОРАЗАЕВ?!

(Жоқтау) Ер демеу сендей ұлды болар айып! Еркіндік құн туса деп, cop азайып, Ақиқат алдаспанын сілтеуші едің, Қайдасың, ақын Свет Оразаев?! "Шындықтан жүрмесе де тауып пайда, Бұл Свет арыстанша шауыпты Айға..." Қарлы қыс Қарауылкелді калды-ау алыс, Қара көз қарындасың Мауыт қайда?.. Айналып ел аузында ертегіге-ай, Сапарың сарқылар ма келте бұлай? Сен едің еркіндікпен егіз сері, Секілді Сегізсері тентегім-ай! Асығың түспесе де алшы күліп, Жырыңды егінші мен малшы біліп, Алдыңнан қараңғылық үйіріліп, Артында үйір-үйір таң шұбырып; Бой бермей асау ырык, арда шабыт, Жолында жүк қалдырмас нар да атанып, Ұлып ап аш қасқырдай айға қарап, Қан саулап жүрегіңнен қарға тамып,– Жайықтан Жемге жортқан тарлан едің, Ажалға амал-айлам бар ма менің – Бір сәуле Сәкен жақтан іздеп келіп, Сөніпсің Ақадырда, ардагерім. Құйып ап көкірегіме құздар әнін, Қайғыдан ішім күйіп – тұз жаладым... Алатау, өлімтігін көрсетпепті-ау Мұзарт шың тасында ескен Мұзбалағың. Есенбай ДҮЙСЕНБАЙҰЛЫ.