ЖАС ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІНДЕГІ ҰЛЫ АБАЙДЫҢ ҮЛГІСІ

"Бұл сөзді тасыр ұқпас, талапты ұғар"...

Абай

«Бала тәрбиесі-баршаға ортақ!– деген қанатты сөз баяғыдан бағалы. Абыройлы іске атсалысу– әрбір азаматтың міндеті.Ақыл-есі түзу кісі болашақтың қамын жейді. Алақанға сап, «алдына алған еркесінің», «көз қуанышының» маңдайына кімнің жел тигізгісі келеді. Есіңізге алыңызшы,сүйікті перзентіңіздің қатпаған қабырғасына,он екіде бір гүлі ашылмаған нәзік қанатына нәр беріп, әл беруден ,қажыған, шаршаған күніңіз бар ма? Жоқ шығар? Лайым,жоқ болсын! Ұлы Абайша айтсақ, әр бала дүниеге кірпіш болып қаланады. Егер, бір кірпіш қисық түсіп, орнын таппаса, еңбегіңіз еш. кезіңіздің кеш болғаны. Құрылысыңыз құлайды. Алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқынды, «жаңа өспірім,көк өрім» қолдың саласындай жас ұрпақты сөзіміге көндіре аламыз ба, айтқанымызға сендіре аламыз ба? Жас кірпішті қабылдауға қабырғамыз дайын ба? «Ат арықтамайтын тон тозбайтын,қадір кетпейтін» етіп сақтаған қандай сабағымыз бар? «Мал табарлық» қандай жол-жоба ұсына аламыз? Осы салихалы сауалдардың жауабын «қазаққа қара сөзден дес бермеген» Абай өлеңдерінің өнегесінен іздегім келді. Ұлы Абайдың бала тәрбиесіндегі бағалы үлгісі туралы жеке ой-пікірімді ортаға салуды жөн көрдім. Сөз патшасының иесі «Жаздым үлгі жастарға бермек үшін» деп өлең жазудағы мақсатын ашып айтты. «Іші алтын,сырты күміс, сөз жақсысын» кестелеген Абай үлгісінің, Абай тәрбиесінің құпиясын ұғып,сыны мен сырын сындармай қалың елге тарату –осал шаруа,оңай сыбаға емес. Білімдіден шыққан сөзді талаптыға еншілеп, жүрегіне байлау-ауыр салмақ. Өлең сөздің нұрын, сырын көре алатын көкірегінің көзі бар тыңдаушыны таңдай аламын ба, таба аламын ба? Қисынын келтіре алмай қызыл тілді тек қинамасам болғаны.Осындай уайым мен ойға түстім. «Ары бар,ұяты бар, өздеріңіздей үлкенге сендік»,я, осы сөзді құлағына ілген, көкірегіне жиған жастар да ұлғаяр деген үмітке бекіндім. «Сынық қанат көбелек-ол да өмір іздемек»(Абай). Әйгілі Абайтанушы ғалымдармен таласып, Абай үлгісі туралы сөз қозғау қиын, әрине,үлкен. Бірақ әлсіз де болсақ ,тар да болса, өз соқпақымызбен жолға шықтық.

Мен осы кеңес басталар алдында қатысушылардың бірнешеуіне «Балаңыздың өскенде кім болғанын қалайсыз?» деген сарында сауал тараттым.Көбісі баласының биліктің,әйтеуір, шенді-шекпенді қызметтің айналасында жүргенін ұнататын болып шықты. Жарайды келістік. Атқа мінгеннің белін буайық. Ал,бірақ, барлық баламыз төрде төрелік қылып,кеңсе жағаласа,олар кімге жең, кімге жаға болмақшы? Кімді

жазалап,кімді ақтап, қандай дауды шешпекші? Өндірісті өсіріп,құрылысты кім құнттамақ? «Жасында ғылым барын ескеріп, пайдасын кім тексермекші?» «Әуесқой болмай әрнеге,өнерпаз болып кім арқаланбақшы!» Ақпараттың асқынған, жаңалық пен жаңғырудың жарысқан ғасырында асау заманмен алысып,жүйрігімен жарысып,еңбектің елге , ұлтқа жарамдысы мен жақсысының жалына кім жабыспақ ? Кімнің ақылы мен тақымы мықты? Атадан қалған ел арқанын ие кім? «Балы тамған жас қамыс, ормасаңшы көктесін», дейді жастарға жанашыр Абай,сонда қазірден билікке сүйреп, ұлықтыққа қосақтап көктемі келіп, көктемей жатып оның жас өмірін орып жатқан жоқпыз ба? Шөп басын шалмаған шөпке тышарлар онсыз да толып жүрген жоқ па? « Баламды медресеге біл деп бердім, қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім.» деген Абай атамыздың алысты мегзеген асыл арманын аяқ асты еткен жоқпыз ба? «Би болған, болыс болған өнер емес,» деген ескертуге елең еткен ел бар ма? Қасымыздағы ала тақиялы өзбек ағайындар Тәуелсіздік алған соң, бар көліктің жаңа түрлерінигеріп, пайдасын көріп, аты бар да желіп,жер танып ел танып,көкірегі көкте жүр. Халқының саны қаудандай қаптады. Саудасының да,ауласын да сәні бәз қалпында. Шығысымыздағы Қытай халқы еңбекқорлымен, тынымсыз тірлігімімен шырайланып барады. Жаңашылдығымен, жанкештілігімен жалпақ әлемді таң қалдырды.Біз ше, жаяу да емеспіз,жалаңаш та емеспіз. Бірақ, еншімізде тигені- әлдебіреудің арзаны.Тозғаны. Өзіміздікі жоқ. Бар болса,таздың тарағындай. Арзанның тұзы татымайды. Жол апаты көп. Қайғыға қайғымыз жамалуда.Өз кезеңінде Абай атамыз қазақ бойындағы «Арсыз, малсыз, ақылсыз, шаруасыз, елірме,ергіш» тағы басқа да жат қасиеттеріне төзбей, аяусыз сынады.. Қазаққа қарап: «Жұртым деуге арлымын, өзге жұрттан ұялып»деп «улы сия,долы қолын» сермеді. Кейінгі жас ұрпаққа «сүйсінерлік адамды сүй,қызмет қыл» деп ағалық айтып, «ақырын жүріп,анық басудың»тағлымын іжадағаттады.. «Сөз танырлық кісі бол», « Кісіге қарап сөз алма, сөзіне қарап кісіні ал» деп, арқасынан қақты. Әлі де алақанының табы жылуын шашып тұр. Көреген Абай «егіннің ебін, сауданың тегін үйрен» деп нарықтық заманға көшетінімізді ерте танып, ұрпағына аманат тапсырды.

Ақын Абайды «қазақтың жауы–қазақ»деп айтты деп айып тағатындар бар. Бұл– «мыңмен жалғыз алысқан, соқтықпалы, соқпақсыз жерде өскен» ақылы асық Ақынның жүрегіне терең бойлап, жұмбағын түсінбеген жанның арзан өкпе,артық реніші. Абай туған ұлтының надандығына налиды. «Не залал,не пайда екенін айыра алмай жүрген» даңғойлығын жеккөреді, « өзінен сөзі ұзын»,«малын жауға,басын дауға» қалдырған бейқамдығына күйінеді, «,құлағын салмас,тілін алмас »бойкүйездерден түңіледі. Жалқаулығына, «өз малын өзімдікі дей алмайтын» жалтақтығына жараланады. Кейінгі ұрпақты білім мен ғылымға, жақсы өмірге шақырады. «Өнімсіз іске шеп-шебер, майданға түспей несі өмір?»деп жас керуеннің жалынын қозғап, қайратын қайрайды Қалың елінің қатарынан қалмауын қалайды,заман көшіне бас болғанын тілейді. Адам мен адамның айырмашылығ білімінде екенін көп қайталайды. «Онын алып, тоқсаннан дәме қылған» құдай атқан жат қылық,

құбылмалы қылықтан арылыт қысы келеді. «Бірі-екі жолы болған кісіге еріп», «өзіміздің иттігімізден» қисық қылыққа еріп, жаны аяулыдан адасып қалмауға шақырып, «Ақыл, қайрат,жүректі бірдей ұста,сонда толық боласың елден ерек»деп адамшылыққа қақпа ашады. Ұлы Абайды қайталап отырып, «Бірлікке, берекеге шын пейілге» ұмтыласың. «Боқ көтерген боқтың қабына » айналып заяға кеткен күндеріңе өкінесің. Төрт қабырғасы түгел толық адам сапына қосылуға еріксіз бет бұрасың. Ұлы Абайдан артық қазаққа бауыр, туыс, ұлтына жанашыр жан жоқ. Ол жалғыз қазаққа жаман тату болғысы келмейді,адамзаттың бәрін сүйеді. Сүй деп үйретеді. Қалың елін мақтаныш тұтады. Арқа тұтады. Ал теріс қылығы есіне түскенде,амалсыз теріс айналады. Ащы ашумен шаңын қағады. Қабырғаң қайысады. «Қалың елім,қазағым, қайран жұртым» деген өлеңінің бір-ақ шумағын еске түсіріп көрелікші.Әуелі қазағын «Қалың елім!» деп,бауырына тартады. Егізіндей еміренеді. Келесі тармағында «Қазағым!» деп одан сайын қабырғасы қайысады. Құшағына құшырлана басқысы бар. Арқасынан қағып, маңдайынан сүюге дайын. Аздан соң :«Қайран елім!»деп денесі түршігіп, өзінің де,сөзінің де реңі қашып, жаңағы тәтті күй даңға айналып, қос білегімен кеудесін жабады. «өз сөзінен басқа сөзді ұқпайтын» ұйқыдағы жұртының болашағына алаңдап,қамығып, қайғыланады. Одан әрі «Ұстарасыз аузыңа түсті-ау мұртың»деп ұры иттей жылмағандаған құбылмалы, қулыққа құмар, қиянатшыл бейнесін жирене суреттейді. «Жақсы менен жаманды айырмадың, бірі май,бірі қан боп енді екі ұртың» деп жеріне жеткізе жекиді. Атадан қалған жол– бұл жол емес екенін, бұл болашаққа қол емес екенін айтпай ұғасың. Жас ұрпақтың жақсы менен жаманды ажырата алатын, бірін бірі дос тұтатын, сүйетін ел болуын аманат етеді. Абай үшін : «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең– істің бәрі бос!» Дана Абайды ойы мен сөзін жүрегінің айнасы бар ғана ұға алады. Абай «Қара басқан, қаңғыған, Қас надан нені ұға алсын, Көкірегінде оты бар,Құлағын ойлы ер салсын» деп, «саусағын күнге жайған жас жүрекке, «талапты ерге» сөз арнайды. Абайдың соңына қалдырған «шыбынсыз жазы бар», «өткірдің жүзі,кестенің бізі сала алмас» шынайы сөзі айнасы бар жүрекке үлкен ой салады, ірі істерге, шықпаған шыңдарға жол бастайды .Абай дүниесі– үлкен әлем. Қарай берсең, қара көңлің ояна береді. Жарығы жарқырай түседі. «Майдағы жұрттың іші қар,бәйшешек қарға өнер ме?– деп төңірегіне мәністі сөз тастайды, мәйегі мықты санадан жауап күтеді. Аңғарған жанға қарапайым қос қатар жолда түйінін шеше алмас, түймесін ағыта алмас пәлсапалық пайым жатыр. Шіркін ,Абайдың өлеңін оқып,түсінгенде жоғарыдағылар он екіде бір гүлі ашылмаған жас өспірімдерге мүше қап таратып тәртіпке салып,тәрбиелейік деп адаспас еді ғой деп қиялданамын.

Ғасырлар бойы аңсаған Азаттығымызды алдық. Алыс-жақынмен араластық. Елбасымыз да, еліміз де абыройдан кенде емес. Тәңірге тәуба, аспанымыз ашық, түніміз тыныш. Бірақ,неге мамыражай күндерде ішіміздегі мұз ерімейді. Қалыбынан танбайды. Қабағымыз қатулы,сәлеміміз сатулы. Жүрегімізде мейірім аз. Бірімізді біріміз жазықсыз қиянатқа қиямыз.Ақынды «қазақ бірін бірі жау көреді» деп айтты деп кінә тағамыз да ,

қорғансызға қорлық, панасызға зорлық көрсетуден , адамды айыпсыз жазалаудан, байыпсыз қаралаудан аянбаймыз.Данышпан Абай дәл тауып айтқан,қабырғасы қайысып мінеген атамыздан шенге қалған сол баяғы білімсіз, қауқарсыз, қайратсыз «ала шұбар,аш бақа, күпілдек» мінезден айырылатын түріміз жоқ. Бейбіт күн,айдың аманында қаншама қан төгілді.Қаншама бауырымыздан айырылдық. Өткен жылдың аяғында болған «BekAIR» компаниясының меншігіндегі ұшақтың Алматы маңындағы апаты- әуе көлігінің қанатында қатқан мұздың емес,өз ішімізде қатқан салғырттық мұзының салдарынан болған қасірет. Бойымыздағы жан жылуы мен қайырым тапшылықтан туған қанды оқиға. Қымбат өмір қиылды,жарқылдаған ұлдан,жайсаң қарындастан айырылдық. Ұрпақтар арасындағы тәтті сағыныш жапырақтамай жатып мәңгіге солды. Абай атамыз айтқандай «аяқты алшақ басқанға,мен боламын»деп , «аспанға құр қарап келеміз»,» бір ғылымнан басқаның бәрі де кесел» екенін ескермедік. Абай сөзін ақылға алатын уақыт туды. «Қолымызды мезгілінен кеш сермей» берсек,әлі де талай тасқын мен тосқынға кезігеміз. Келер ұрпаққа «қар жауса да сөнбейтін отымызды» қалдыруды ойлайық,ардақты ағайын!

Абай атамыз «Ақыл мен қайрат жол табар қашқанға да, қуғанға,Әділет,шапғат кімде бар, сол жарасар туғанға» деп әділеттілік пен шапағаттың маңызы мен шарапатын айқындап, ашып айтты.Алыпты ақылмен алып, биікті қайратпен бағындыратынымыз рас.Өкінішке орай, «шапағат пен қайырым бала тастап, қатігездік егіздеп бара жатқандай.» Қайран Абай туған қасиетті топырақты атом қуатымен қайғыға салдық.Қасіретке бөледік. Тауды жардық. Тасты бұздық. Орманды отадық. Суды уладық.Елік безді.Есті сөз ескірді. Қолаң шаш кесілді,Көркем жүз көзден ұшты. Қазақтың «Сәуле».деген ең қасиетті, әуезге толы аяулы сөзін адам жаны түршігетін аяздай құбыжыққа айналдырдық «Сәуле» десе, зәр жұтамыз Әміренің әнімен оянған ел атомның сәулесінен үрейленіп көзін ашады. Ақылды айлаға, қайратты пайдаға айналдырдық. «Арқаға ұлық қаққанға мәз болдық»,«Аузымен орақ орған өңкей қырттар» кімді аяймыз, кімді аялаймыз? Түзеуге құлық жоқ. Жанда мейірім, қанда қайырым аз. Бірімізге біріміз айып тағып, бірімізді екіншіміз жіпсіз байлап беруге дайын тұрамыз. Аудандағы ауқымды бір жиында – Неге жоғары жақтың тәртіп сақшылары ауыл арасындағы құқық бұзушылықты қадағалап, ұрлық-қарлыққа тыйым салып, тыныштығымызды қорғап тұрмайды?– деп сауал қойып сәуегейсіді бір ақсақал. – Ау,көке,сабыр сақтаңыз, ақылға келіңіз, ат төбеліндей азғантай ауылдағы, атасы бір,арманы бір,қуанышы мен қайғысы ортақ ағайын арасындағы телі мен тентекке сіз бен біз ие бола алмасақ , айдағанымызға көндіріп, айтқанымызға сендіре алмасақ, алыстан қорғаушы іздегеніңіз қалай?– деп айта алмадық. Айтқан ешкім де болған жоқ. Іштен тындық.Осындындай мінездіні көргенде «күйеді жаның,қайнайды қаның.»деп Абай бекер күйінбеген екен. «Дін ісін,құдай ісін айыра алатын»сауап пен сауатты түстей алатын әділетті қайда? «Әз тұтуға, сыйласуға қалмады жан бір татыр»деп Әз Абайдың алдынан ақыл,аузынани

нақыл сұраймыз. Қазір қадір тұтар қариядан қажы атанып сақал сауғандар озып тұр. Есімізді жиып,етегімізді қашан тиямыз? Аз тентекті қашан тиямыз?

Абайды қалай қайталамайсыз? Қалың елдің алдында қайта-қайта айтпайсыз?! Әр сөзі шырайланып тұрған шындық. Мұрат пен уәж. «Сатып алма, сөз сатса. Ол асылды аңдамас.» Ақиқатын айтыңызшы,сөз мәнісін,сөз дертін,сөз мәйегін Абайдай мәністеп,сөз сырын Абайдай ашқан кісі бар ма? « Пайдасыз тақыл, байлаусыз ақылдың» ауылын тастап,сөзді түзеп, көзімізді ашатын кез келді. Тұлпар мініп,Ту ұстаған Батыр атаның ұрпағы жас ғылымға,озық өркениетке жат қарайтынымыз қалай, өгейсігеніміз-қай озғанымыз? Қай сасқанымыз? Арымыз, абұйырымыз бар емес пе? «Аз білгенді көпсініп, көп қазаққа епсініп»тар кеудемізге симайтын мінезден арылуымыз керек.Артта қалмайық. Алдымызды ойлайық. Сатып алған сөз,өзгеден алған пайда көңілге еп, өмірге сеп болмақ емес.Баурымыздағы төліміздің өрісін ойласақ,жемісін күтсек болашақтың қамын ойласақ –бала тәрбиесіне ұлы ұстазАбай айтқан ақыл қайрат,жүректі бірдей жұмсауымыз қажет. Аталарымыздың: «Бабалар еккен шынарды балалары саялайды» деген нақыл сөзі Абай сөзімен домбыраның қос ішегіндей үйлесіп жатыр. Адам жанының шуағынан,жүрегінің жылуынан артық әділ заң жоқ,ереже жоқ. Бірде балалардың құқығы мен еңбегін қорғау жөніндегі мекеме өкіліне ұзақ жылдар педагогика саласында қажырлы еңбек еткен, мектеп директоры Жамал Төлешова апайымыз төмендегідей сұрақ қойды: –Жесір ананың төрт баласы бар. Үлкендері мектепте. Кішісі қолында. Оларды киіндіру,тамағын табу,ішінара оқу-құралдарымен қамтамасыз ету-жалғызілікті анаға оңай емес. Есі кіріп қалған балаларының бос кезінде мақтаға шығып, анасына қаражаттан көмектесуіне бола ма? Жауап:– Ешқандай рұқсат жоқ.Анасының баласын асырауына мүмкіндігі жетпесе, Заң бойынша құжат толтырып, балалар үйіне тапсырамыз.

Не деген қатігездік. Салт пен дәстүрге жасаған жауыздық. Қай қазақтың анасы көзі тірісінде баласын қиып, балалар үйіне өткізуге көнеді.Біз өмірімізге қажетсіз салтымызға жат қағидалар арқылы баланы, бірінші, еңбек етуден шеттетсек, екінші өз нанын өзі табу,былайша айтқанда,өмір сүру тәжірибесінен тыс қалдырдық,мектептен тыс уақытын текке өткізіп, қаршадайынан құқықбұзушылыққа баруына оңай жол аштық. Кейде қатып қалған заң сөйлегеннен гөрі Абай атамыз айтқан жүрек жылуының сөзі пайдалы-ау деймін!

Мектеп бітірушілері ұлттық мемлекеттік сынақ тапсыратын күні түгел мұғалім.барлық ата-ана тест өтететін мекеменің қоршауын бұзып жіберуге шақ тұрады. Тәртіп сақшылары болмаса,сапырылсқан жұрт сындырып та тастар еді.Қисығын келтіріп,қисынын тауып артында жоқтаушысы бар баланың жұлдызы жанады. Болды қалғаны ұмыт. Өкінішке қарай, сол мұғалім, сол ата-ана екінші бір болайын деп тұрған баланың бағын байлағанын, жолын кескенін, он екі де бір гүлі ашылмай тұрған шағында жас өмірін өксіткенін, жүрегіне жазылмайтын жара салғанын сезді ме екен? Сатып алған сөз, бойында жоқ ынта,баянсыз білім көктей ме,көгерте ме? Абай бала басым тәрбиені ата-анасынан,ұстаздан, достарынан алатындығын

айтады. Сонда балаға берген тәрбиеміз, Абайға ергеніміз осы ма? Қазақ дертіне айналған сыбайластық пен жемқорлыққа әзірден баулып отырған жоқпыз ба? Болашақтың жасыл орманына қолдан балта салып,құрт түсіріп,кімге өкпелейміз? Арсыздық пен атақ алып, айқаймен бақ табуға таласамыз. Жолға шықсақ, ана тілімізде сөйлеуге именеміз. Сөз бен ой үйлеспеген соң,шарапат пен шапағат,адалдық пен ақиқат қалай қалыптасады.Әлсіздігіміз артады.Абыройымыз төмендейді. Қараңғыда қарындастарымыз неге адасып жүр жалаңаш батыр жігіттеріміз айтаққа көп ереді?Бір Абай көзімен қарайықшы,ағайын!

Абайды оқымағандықтан,биіктігін білмегендіктен, басқалар қазақтың болмысын,қанымыздың қадырын,түбіміздің тереңдігін қайдан білсін. Сондықтан Қордайдағы дүнгендер қолтығымызға қолын салады. Бөтен тілден арыла алмай жүрген шалғайдағылар мен шаталар балтырымыздан қабады.

Абай атамыз кейінгі ұрпақтың сауатсыз қалмаудың қамын жеп,қазақ баласының сан алуан ғылымның тілін игеріп іске асыру үшін жастардың орыс тілін оқық-үйренуін жек көрмейді..«Прошение»жазып, орыстың айтағына еріп,ел арасын бүлдіру үшін емес. Қазақ атамыз :– «Жеті тілді білдің бе, жеті қырдан астың ба? деп жас ұрпақ алдына мақсат қойған. Дана Абай да жастарды көп тіл білуге, халқымыздың тарихын зерттеп-тануына үнемі қамқорлық жасаған. Сүйікті ұлы Мағаш қаза болып, данышпан Абай қажып отырса да талантынан үлкен үміт күтетін інісі Шәкәрімді қасына отырғызып:– Сенің ақындығыңнан тарихшылдығың басым,шығыс жұртына барып солардың кітапханасында отырсаң деп едім.Түркияда –Стамбул,Арабта-Мысыр,Мекке,Мәдина,Египетте-Александрия,Французда-Париж кітапханаларында зерттеу жүргізсең деймін. Біздің халқымыздың тарихы сол жақтан арна тартса керек,– деп жөн сілтейді,алыс сапарға дайындайды. Жол қаражатын көтеретінін айтады. Бұл дана Абайдың көрегендігі, жастарға қамқорлығы. Рухани байлығының көрінісі.Ұлы Абай «ұстаздық еткен жалықпас,үйретуден балаға»деп, ұрпақ тәрбиесінің соңында жүрген ұстаздарға үлкен сенім артып,ғибрат қалдырса, шәкірттерге «Ғалым болмай немене, Балалықты қисаңыз, Болмасаң да ұқсап бақ,,Бір ғалымды көрсеңіз,–деп жігерлендірді. Жас арманын ұштады. Құдайға шүкір,сүйсек ,сүйенерімізге жарайтын қазақ ұлтының мақтанышты ұлдары аз емес.Қазақ халқының отыз жыл күткен арманын орындаған Батыр ұшқыш, Қаһарман ғарышкер Тоқтар Әбубакиров,– Маған бірінші кезекте,қазақтың қазақ болғаны керек.Менің ғалымдығым да, профессорлығым да қазақтығымнан садаға. Мен үшін ғалымдығымнан бұрын ата-дәстүрім маңызды,–деп ата-баба аруағын дәріптеген,мыңдаған жыл өмір сүрген ана тілінде сөйлеуді артық көретін академик- математик ғалым Мұқтарбай Өткелбаевтың өмір мен еңбегі, ұлтшыл намысы мен жігері жастарға үлгі. Жапонида,Германияда дәріс берген атақты математик Асқар Жұмаділлаев өмірі болам деген жүрекке сүйеніш..

Ақын Абай қайғы мен уайымға байланып қалмайды. «»Қайда екен,қайда сол жылдар?» деп алыста қалған қызығы мол жастық дәуренін аңсайды.

«Көңіл құсы шартарапқа құйқылжып» аттың сипатын,қыран бүркіттің қылығы мен қызығын әспеттейді..Құмарлық пен құштарлықты, ғадауат пен махаббатты толғайды. «Ғашықтың тілі-тілсіз тіл», «Махаббатсыз дүние бос» деп адал махаббатты ұлықтайды. Бүгінгі екі күнің бірінде бұзылып жатқан неке,жұбайлар арасындағы дау-дамай Абайды оқып, ұқпағаннан шығатын тәрізді. Пушкиннің Татьянасына«Тәтіш»деп көңілге жақын ат қойып қазақ даласында бозторғайдай сайратты. «Жас жүрек жайып саусағын,ұмтылған шығар айға алыс», «Сен жаралы жолбарыс ең, мен киіктің лағы ем» деген ыстық лебіздер,астарлы ойлар Пушкиніңізді даланың сүйіктісіне айналдырды. «Қыз сөзіндегі» « Ақылыңа сөзің сай,сіз жалын шоқ,біз бір май.Ыстық сөзің кірді ішке,Май тұра ма, шыжымайды»оқып сіз де ыстық сезімнің табына қосыла ерисіз. «Желсіз түнде жарық ай,сәулесі суда дірілдеп,» «Қалың ағаш жапырағы сыбырласып өзді өзі» деген жолдар суретімен сүйсіндіреді..Әсем әсерге бөлейді. Желсіз түнде айдың сәулесі қалай дірілдейді? Жансыз ағаштардың сыбырласқаны несі? Жарайды, бұл– бөлек әңгіме. Мектепте кез-келген пәнге қызықты сабақ болатын дүние.

«Адамды сүй, Алланың хикметін сез.», «Адамзаттың бәрін сүй,бауырым деп!»санасының сәулесі бар жалпақ жұртқа жар салған Абай атамыздың даусы Алаштың ғана емес,бар халқының құлағына жетіп, жүрегін баурады, арғы-бергі әлемнің ардақтысына айналды. Европаның белгілі бір ғалымы :– «Қазақтар бақытты ,– деп жазады,– өйткені халқының қалай өмір сүру керек екенін ақын Абай жоспарлап беріп кетті». Өзбекстан Республикасы қазақтың Бас ақыны Абай шығармаларын оқып-үйрену туралы жарлық шығарды.Иә,біз, Абайы бар ел– бақыттымыз.Абаймен мақтанып, Абаймен дараланамыз. Жуырда Астананың «Барыс» хоккей клубының команда капитаны Даррен Диц ауқымды елдің алдында Абайдын әнін қазақша орындады. Стадиондағы барлық жанкүйер сүйсініп,қуаттап қол соқты. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің намысын қорғап жүрген әйгілі спортшының Абайға көрсеткен құрметіне рахметін айтып, Алғыс жеткізді.Қандай жарасымды.

Абайдың сөзі-ақылдың көзі. Адастырмайтын, аздырмайтын даңғыл. Абайдың жыры–ажарлы ару, нарқасқа жігіт. Не кидірсең де, нені ілсең де түрлене түседі,келісе кетеді. Қалай мақтасаң да қабыса қалады. Абайдың өлеңі– таудың мөлдір қайнары.Шөлің қанбайды. Абайдың ойы– қалың орман.Салқыны мен саясы жаныңның қорғаны. Абайдың тілі– даланың ақ селеуі мен боз жусаны. Жұпарынан дем мен ем табасың. Абайдың ойы мен өсиеті– базары күндіз –түні тарқамайтын үлкен жәрмеңке. Іздегеніңді табасың, қалағаныңды аласың. Абайдың әлемінде кешегіден қалған, бүгіннен де, ертеңнен де артылатын байтақ қазына бар. Тек ұғатын сана ,байлайтын ақыл,бағынатын жүрек керек!

Нұрғали Ибрайым,

Білім ісінің үздігі,

Шардара қаласы