«Астана ақшамы» – отызда

444
1
Бөлісу:

Еліміздің Бұқаралық ақпарат құралдары саласының дамуына айрықша үлес қосып келе жатқан қазақ үнжарияларының бірі – «Астана ақшамы» десек қателеспеспіз. Газеттің әрбір саны бас қаламыз Нұр-Сұлтанның тыныс-тіршілігімен біте қайнасып жатыр. Отыз жылдық тарихы бар басылым бүгінде Елордамыздың шежіресіне айналғандай. Атаулы мерейтойы аясында бас қаланың басты басылымы туралы мақаланы оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Ақпарат айдынына «Ақмола ақиқаты» атауымен қанат қаққан басылымның алғашқы саны 1990 жылдың қазанында жарық көріпті. Бастапқыда аптасына бір рет шығып тұрған газет қазіргі таңда жұмасына үш рет оқырманға жол тартады.

Орда бұзар жасқа жетіп отырған басылым тігінділерін ақтарсаңыз, оның қалыптасу кезеңдерін, осы жылдар ішіндегі қаланың тыныс-тіршілігін, өзекті мәселелерін, сол уақытта шаһар тұрғындарын не толғандыр­ғанын бағамдап, әр жылдардағы газет кейіпкерлерімен, авторларымен танысуға болады. Яғни өткен ғасырдың аяғындағы Целиноградтың, кейіннен байырғы атауы қайтарылған Ақмола мен елдің бас ордасы Астананың, қазіргі Нұр-Сұлтан шаһарының тынысы «Астана ақшамының» беттерінде сайрап тұр.

Бүгінде бас қаланың бас басылымы елордада орын алып жатқан оқиғалар мен қаланың тыныс-тіршілігін, мұндағы тың бастамалар туралы ақжолтай ақпараттарды ресми дереккөздерге сүйене отырып, оқырманға дер кезінде жеткізеді. Газетте еліміздің саяси-қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық, мәдениет және руханият, өнер, спорт сияқты және басқа да барлық саладағы жаңалықтар қамтылады.

«Астана ақшамы», негізінен, Нұр-Сұлтан қаласында болып жатқан оқиғаларды баяндағанмен, газет беттерінде республиканың өзге де өңірлерінің жаңалықтары тысқары қалмайды. Өзекті саналатын жаһан жаңалықтары да жарияланып тұрады. Сонымен қатар медицина, заң, қала тіршілігі, кәсіпкерлік және өнеркәсіп сынды сан түрлі саланы қамтитын сараптамалық материалдар да басылымның әр санынан көрініс табады. Ұлттық тұрғыдағы мәселелер де ұдайы басылады.

Салмақты сарапшылар мен Мемлекет және қоғам қайраткерлері сияқты көрнекті және лауазымды тұлғалармен жүргізілген сұхбаттар да ұсынылады. Сондай-ақ зиялы қауым өкілдері мен тұрақты авторлардың дін мен дәстүр, тағылымды тарих және қоғамдағы өзге де өзекті мәселелер туралы ой-пікірлері танымдық материал ретінде оқырманға жол тартады. Сол сияқты «Оқырманнан он сұрақ», «Әлеумет сауалы», «Алло, «Астана ақшамы!» сияқты айдарлар жүргізіліп, оқырманмен кері байланыс та орнатылады.

Жалпы, «Астана ақшамы» газетінің бас қалада өзіндік ықпалы жоғары деп айтуға болады. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» дегендей, басылымда жарық көрген сыни материалдар арқылы қаладағы кейбір түйткілдің түйіні тарқатылып жатады. Осыған дейін газет көтерген мәселе аз емес. Мысалы, «Қала мен сала», «Қала тіршілігі» сияқты айдарлар бойынша көптің көкейінде жүрген шаһардың кейбір көшесіндегі шұрқ-тесік жол, қоқыс толы жәшік, беті ашық жатқан кәріз құдығының мәселесі туралы ақпарат басылым арқылы құзырлы органдарға жеткізіліп, жауапты мамандар осы түйткілдер бойынша көп кешіктірмей тиісті шара қолданып, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізеді. Егер көтерілген мәселе бойынша тиісті жұмыс жүргізілмесе, қаламды қару еткен тегеурінді тілшілер осы сұрақтарды жауапты мекеме басшылығына ресми сауал ретінде жолдап, сол мәселеге қайта айналып соғуды дәстүрге айналдырған.

Айта кетсек, газеттің үнемі көтеріп жүрген мәселелері – шаһардың шеткі аймақтарының жағдайы, реновация, апатты және ескі үйлердің тұрғындарын жаңа баспанаға көшіру, сақалды құрылыс, үлескерлер мәселесі, саяжайларды сүру, қаланы көгалдандыру, абаттандыру, тазалық, қаланы түтіннен қорғау, газификация, көшелердегі иесіз ит-мысықтарды аулау және т.б. Тілшілер осы тақырыптардың әрқайсысына талай мәрте тоқталды. Әлбетте, бұл тақырыптар әлі де күн тәртібінен түскен жоқ.

Ел тәуелсіздігін алғанға дейін жарыққа шыға бастаған осынау газеттің өткен тарихына үңілетін болсақ, бұл – бұрынғы Целиноград кезіндегі тұңғыш қазақ тілді басылым. Естеріңізге салсақ, 1990 жылы қалада қазақ тілінде облыстық «Коммунизм нұры» (қазіргі «Арқа ажары») және «Қараөткел» газеттері шығып тұрған болатын. Бірақ ана тіліміздегі қалалық басылым болмаған екен. Жергілікті зиялы қауым осы мәселенің пісіп-жетілгенін қала билігіне жеткізіп жүріп, мұны құп алған Целиноград қалалық атқару комитетінің төрағасы Аманжол Бөлекбаев аталған комитеттің үні болатын қазақша газетті ашуға айрықша мән берген. Осы істі ұйымдастыруды ол қалалық атқару комитетінің хатшысы Марат Жақыповқа тапсырыпты.
Алдымен жаңа басылымды басқарып, газет шығаруды алып кететін адам керек болды. Таңдау Целиноград облыстық телевидениесінің жас тілшісі Кенже Жұмағұловқа түскен. Алғашқы бас редактор бұл іске ыждаһаттылықпен кірісіп, алдымен баспасөз өнімін шығару тәжірибелерін зерттеген. Газетке «Ақмола ақиқаты» атауын да өзі ұсыныпты. Бастапқыда қол астында екі-ақ адам – ақынжанды азамат Еділ Демеуқұлов пен жас журналист Жұмагүл Сәтмұхамбетова жұмыс істеген. Үшеулеп жүріп қоңыр күзде басылымның бірінші нөмірін шығарған.
Газет «Армысың, оқырман!» атты редакция алқасы атынан жазылған алғысөзбен ашылды.
«Құрметті оқырман қауым! Қазақ баспасөзінде, Ақмола өңірінде тағы бір қазақша газет жарыққа шықты. Бұл облыс орталығы Целиноград қаласының ресми органы болмақ. Еліміздегі, сонымен қатар облыс орталығындағы жаңалықтарды, әлеуметтік-­экономикалық жағдайды, қоғамда орын алатын өзекті мәселелерді жазып тұратын боламыз. Бұл іске Сіздер де, құрметті оқырман қауым, белсенділікпен қатыссаңыз­дар нұр үстіне нұр болар еді…» делінген сол мақалада.

Содан біраз уақыт өткен соң газеттің атауы «Астана хабары», кейіннен «Астана ақшамы» болып өзгертілген. Газетті мүйізі қарағайдай редакторлар басқарып келеді. Кенже Жұмағұловтан кейін басылымның бас редакторы болып әр жылдары Амантай Шәріп, Нұртөре Жүсіп, Ерболат Кәмен, Аяған Сандыбай, Зейін Әліпбек сынды тұлғалар қызмет атқарған. Сондай-ақ қазақ баспасөзінде өзіндік қолтаңбасы бар Талғат Батырхан, Бауыржан Омар, Мақсот Ізімов сынды басқа да қаламы қарымды журналистер еңбек еткен. Бүгінде газеттің бас редакторы – отыз жылдай етжеңді «Егеменде» қызмет еткен (ондағы еңбек жолы корректорлықтан басталып, басшылық лауазымға дейін жалғасқан) елімізге белгілі тұлғалардың бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисі Еркін Қыдыр. Ал осы газеттің ашылған алғашқы жылдарынан бастап табаны күректей жиырма сегіз жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Ауған соғысының ардагері, «Құрмет» орденінің иегері Ғалым Қожабеков бүгінде Бас редактордың орынбасары болып қызмет атқарады. Оны «Астана ақшамының» шежірешісі» деп те атауға болады. Себебі, отыз жыл ішінде мұнда талай-талай тілшімен иық тіресіп, тұрақты түрде еңбек етіп келе жатқан байырғы журналист сол кісі ғана. Сонымен қатар елорданың шежіресін жазып жатқан бас қаланың бас басылымында бүгінгі таңда Таңатар Төлеуғалиев, Айгүл Уайсова, Төлен Тілеубай, Аманғали Қалжан, Азамат Есенжол, Қалиакбар Үсемхан, Жадыра Ғазизқызы, Гүлмира Аймағанбет сынды сөздері мірдің оғындай елімізге белгілі журналистер жұмыс істеп жатыр. Ұзақ жылдар ел газеті «Егемен Қазақстанда» қызмет етіп, зейнеткерлікке шыққан Серік Пірназардың кейінгі жылдары «Астана ақшамы» газетінде де еңбек етіп жатқанын айта кеткен жөн. Елді елең еткізген жаһандық үлкен саясат туралы дер кезінде ақпаратты ойнатып беруі, талай жылғы тәжірибесі – мұндағы жас буын үшін үлкен сабақ. Сабақ демекші, оның әлем саясаты мен дүниежүзілік спорт тақырыптарында жазған мақалалары жаңартылған білім беру мазмұны бойынша оқытылатын қазақ мектептеріне арналып 2019 жылы шыққан қазақ тілі оқулығына енгенін де айта кетпесе болмас.

Сондай-ақ басылымда ұрпақ сабақтастығы да өз жалғасын тауып келеді. Мұнда аға буынның тәлімін алып жүрген жастар қатары да аз емес.

Жалпы, «Астана ақшамы» отыз жыл ішінде талай тарланды түлеткен. Бұл жерден шыққан мамандар бүгінде телевизия, радио және басқа да түрлі салада қызмет атқарып келеді.

Сол сияқты «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелдерде білім алып келген, әлі де білімін жетілдіріп жүрген журналистеріміз бар. Мысалы, Әділбек Жапақ пен Ботагөз Маратқызы Ұлыбританиядан оқып келсе, «Астана ақшамының» қос тілшісі Нәзира Байырбек пен Гүлдана Талғатқызы мұхит асып, бүгінде АҚШ-тың беделді оқу орындарында білім алып жатыр.

Айта кетсек, «Elorda Aqparat» директоры Жарқын Жұмаділовтің қолға алуымен медиахолдингтің құрамындағы «Астана ақшамы» және «Вечерняя Астана» газеттерінің отыз жылдық мерейтойына арналған дайындық басталып та кетті. Мысалы, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің арасында дәстүрлі түрде өтіп тұратын «Бақ лига» футбол жарысының бұл жолғы лигасы қос газеттің отыз жылдық мерейтойына арналды.

Тәуелсіз қазақ елінің бас ордасының маңызды бөлшегіне айналған басылым «Астана ақшамы» газетінің мерейтойы құтты болсын!

Нұрдәулет КӘКІШТЕГІ

qazaquni.kz

 

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

1 пікір жазылған

Пікір немесе жауап жазу