Жағдай қалай жазушы?

368
0
Бөлісу:

 («Қазақ үні» газетінің сауалына жауап)

 – Жағдай қалай, жазушы? – деп сұрапты қаламгер бауырым Құлтөлеу Мұқаш. Осынау бір қарапайым сауалға жауап берудің қиындығын қолыма қалам алғанда бір-ақ білейін.

Жалпы, жазушыда жағдай бар ма еді өзі дейді бір ойым.

Жалпы, жазушы үшін жағдай дегеннің өзі не дейді тағы бір ойым.

Егер жағдайымыз көлік, баспана… т.б. мызғымайтын мүліктер десек, оның өзі жазушыға жазу жағдайын жасамайды ғой. Қызмет, билік, т.б. десек ол да жағдай деп есептелмейді. Өйткені олар да жазушыны жазуға жетелемейді.

Сонда жазуға не жетелейді?

2005-ші жылы ай сайын бір кітаптан жазып отырдым. Бір жылда он екі кітап жазуыма тура келген екен. Оған дейін бір де бір кітап жазбаған едім. Сол он екі кітаптың барлығы да басқа біреулердің атынан жазылған-ды. Әрине, өзімнің негізгі жұмысым болды. Облыстық газеттердің білдей бір бөлім меңгерушісімін. Алайда, ол қызметім басқа тұрсын өзімді асырауға жарамады. Содан барып кітап жаздым. Өзгелердің… Күнкөрістік…

Мен өзімді, бала-шағамды елдің атынан кітап жазып асырадым. Ел кәдімгідей мені іздеп келетін болды. Мен де барған сайын кітаптың бағасын қымбаттатып жаттым. Оған тоқтаған ел бола қоймады.

Жазған кітабың сұранысқа ие болу үшін әманда жақсы жазуың керек. Ол үшін рөлге кіресің. Тапсырыс берушінің, әрине. Алматыға ай сайын барамын. «ҚазАқпарат» деген баспаға. Барған сайын кітап арқалап барамын.

Обалы нешік, аталмыш баспа кітабымды айға жеткізбей  басып беретін болды. Баспаның бастығымен де, басқасымен де таныстық-білістігім жоқ болатын. Бір күні баспа президенті Қонысбек Ботбай бауырым жөн сұрасын.– Осының барлығын өзіңіз жазасыз ба? –  деп.

Содан қызметке шақырсын. Аталмыш баспаның директорлығына. Жалақысы бұрынғы жұмысымның жалақысын он орайтын.

Міне, қызық, жаңа жұмысымда да ай сайын бір кітаптан жазатын болдым. Алматыда да астымда көлік болған жоқ. Басымда баспанам да болмады. Шамасы, онда да жағдайым болмаған-ау деп ойлаймын. Өйткені, мен шынымен жазу жазу үшін жағдай жасауға ұмтылсам керек.

Сол Алматыда істеген жылдарымда нән журналдардың барлығында әңгімелерім мен хикаяттарым басылып жатты. Бір ғана «Жұлдызда» қатарынан үш жыл бойы шығармаларым басылды. Ол тұста проза бөлімінің меңгерушісі Қалихан Ысқақ аға болатын. Ертеректе Оралхан Бөкей ағам «Қаламгерде» таныстырған еді. Ұмытыңқырап қалған екен. Алайда жаңа таныстығымыздың баяны болды.

– Не жөнінде жазып әкелдің? – десін Қалағам.

– Ит жөнінде… – деп міңгірледім-ау деймін.

Неге екенін қайдам, ағамыз кейістік танытты.

– Сенің Кәмел, Өмір ағаларың сол иттерді жазам деп қартайды. Роман жазатын жігіттер еді…

Кәмел Жүністегі де, Өмір Кәріп те Шет ауданының қазақтары. Мен де сол Шеттікімін. Ағаларымды әдейі маған тигізіп тұр, әрине. Не керек, көп ұзамай әңгімем жарық көрді. Келер жылы тағы бардым.

– Ит жөнінде, – дедім тағы да.

Тағы да жарық көрді.

Үшінші жылында тағы барғам.

– Тағы да ит жөнінде ме? – деген ағамыз.

Мен басымды изегем. Ол кісі басын шайқады…

Қою күзде барғам. Содан жыл аяғына дейін әлгі әңгімемді іздей қоймағам. Жаңа жыл кіргеннен кейін қоңырау шалғам.

– Былтыр шығып кеткен, – деп телефон құлағын тастай салсын.

Жерге кірер тесік тапсам, кәне?!

Кейін тағы кездескенбіз. Жазушы бақыты жөнінде әңгіме өрбіттік.

– Сол бақыт сенде бар, – деп қойды ағамыз. – Сен қазаққа итбегі сөзін кіргіздің… Және қазақтың өз сөзі ретінде кіргіздің…

Әңгіме менің «Итбегі» деген әңгімем жөнінде еді. Мен оны аспаннан алғам жоқ. Қазақтың сөз жасамында бар. Мысалы, атбегі, құсбегі… деген сөздер.

– Одаққа өт, – деген ағам, – рекемондацияңды жазып берем, екіншісін не Кәмелге, не Өмірге жаздыртып аларсың…

Күлерсің бе, жыларсың ба сол рекемондациялармен бәрібір өте алмадым. Кей редакторлар кәдімгідей қоңырау шалып әңгіме сұрайтын. Сол кездегі «Түркістанның» бас редакторы Шәмші Пәттеев солай үш әңгімемді басты. Ол бауырым да екі туып, бір қалғаным емес еді.

Бір күні жазушы Жаңабек Шағатай қоңырау шалсын. Ол тұста «Түркістанда» бірінші орынбасар болып жұмыс істейтін.

– Келіп қыздардың көз жасын сүртіп кетіңіз… – десін.

Сөйтсем, менің Оралхан Бөкейге арналған «Айбөкен» деген әңгімем шығып жатыр екен. Корректор қыздар соны оқып жылаған ғой. Менің «Кератым» шақтер болып істеген әкемнің өмірінен алынған. Сол әңгімемді оқып әкей де көзіне жас алған-ды. Жазушы бақыты деген осы болар.

Қойшы, сонымен Алматыда жүрген бір бес жылда отыз-қырық кітап жаздым. Және қандай кітаптар? Сол кездегі бестселлер еді. Шежіре кітаптары, фольклорлық хикаяттар, халық ауыз әдебиетінің нұсқалары еді. Мәселен, Арқада Дияқажы деген атақты ақын өткен. Бүлікшіл ақын еді. «Ғалияда», «Ая-Софияда» білім алған. Қолымда сол тұста түк болмағанымен екі жылда сол кісінің 400 беттік шығармалар жинағын бастырып шығардым. Суретін салдырдым. 2008 жылы ешкімнің көмегінсіз Шет ауданы ақындарының 600 беттік ақындар антологиясын шығардым. Бір қызығы, олардың барлығы да бақилық болғандар еді…

Соның барлығы баста болды дегенге сеніңіз. Заманында үш-төрт сағат  бойы шежірені тоқтамай, ешқандай қағазға қарамай-ақ тарата беретінмін. Әпсана-аңыздарға да ағып тұратынбыз…

Мен шалдың баласы едім. Атамның тәрбиесін алдым. Қырық бесіме дейін ауылдан ұзамадым. Өмір бойы ескі әңгімелерді, әпсана-аңыздарды жиыстырдым. Соның барлығы мені жазушылыққа алып келді.

Мен бүгінде жиі жазам. Жылына он екі кітап бермесем де төрт-бес кітап берем. Мемлекеттік тапсырыспен бір-ақ кітап шығарасың. Қалғанын өз қаражатыңа шығаруға тура келеді. Бала-шағаңның аузынан жырып…

Менің бүгінде көлігім жоқ, баспанам да жоқ. Бірақ қолымдағы қаламым өзіммен бірге. Толстойдың мұжығы үш генералды асырайды. Аманжолдың Қасымы бір жақсы өлеңін шығару үшін жүз жаман өлең жазады…

Біздің басымызда да осы жайт бар.

Жөні-түзу бір кітап шығару үшін елдің екі-үш бестселлерін жазып береміз. Күні бүгінге дейін. Менің түсінігімде, жазушының екі санаты бар, біріншісі туа жазушылар, екіншісі жүре жазушылар. Біріншісінде Құдайдың өзі көкірегіне салған пәлсапасы бар, кейінгісінде жүре жинаған пайымы –философиясы бар…

Одаққа осылардың біріншісі мүше болу керек. Алайда екінші санатты да жоққа шығаруға болмайды.

Осы санаттың біріншісіне жазушы Сапарғали Ләмбековты жатқызар едім. Ол кісінің «Тәттімбет» деген романы бар. Одан берменде де Тәтекең туралы талай шығармалар дүниеге келді.Алайда олардың барлығы да Сапкең романының көлеңкесінде қалды. Енді ең қызығын айтайын. Сапкең керең адам болатын…

Арқаның бойлауық қосбасарлары туралы мен де аз жазбадым. Есімдері естілмеген біраз күйшілерді жарыққа шығардым. Қосбасарларды жіліктеп шықпасам да қосбасар табиғатын ашуға барынша бойлауға тырыстым. Сөйте тұра мен де қолыма домбыра ұстамаған адаммын. Қазір менің қолымда «Қосбасар» деген кітабым дайын тұр. Керек кітап па? Керек. Бірақ, нақ Қарағанды жайында оны шығару мүмкін емес деп білем. Кезінде Қарағандыда Тәттімбет ескерткішін ашайық деп езеуредік. Одан тапқан пайдамыз …қаладағы Құрманғазы ескерткішінен айырылып қалдық…Кім алды? Қалай алды? Жауап жоқ.

Керек, керек еместен шығады. 2013 жылы «Қазақтың көмескіленген этнографиясы» деген оқулық жаздым. Шамама қарамай оны «Пассивная этнография казахов» деп орысшаға тәржімаладым. Сонан жергілікті жерлердегі оқу орындарына барайын. Керек деді. Қажет деді. Жарайды деді. Жеме жемеге келгенде жалт бұрылды.

Мен жиырма жасымда «Жалынға» шықтым. Ол тұста екінің бірі бұл альманақта шыға алмайтын. Ел мені ақын келді деп жүрді. Ал мен болсам өзімді жазушылар санатына қосып қойған едім. Өйткені Оралхан Бөкеев ағам менің «Керат» деген әңгімемді оқып шыққанан кейін «осыдан кейін ештеңе жазбасаң да болады. Сенің атың қазақ тарихында қалды» деген-ді. Сол әңгімемді кезінде Оралхан ағаның өзі бастыра алмады. Сол шығармам араға жиырма жыл салып «Қазақ әдебиеті» ұйымдастырған бәйгеде бірінші орынды алып келді. Сол есіме түсіп кетті ме, балаларға арналған шығармалар конкурсына қатысайын. Бәйге қорытындысы шықты. Мен ештеңеге ілікпедім. Кейін білсем қазылар алқасының төрағасы танысым екен. Қоңырау шалайын.

– Алдын ала айтпадың ба? Конверті ашылмай қалған ғой…– деді.

Кейінде одаққа да өттім…

Мен ешкімнің жетегіне ермеген адаммын. Жетелей қоятын адамым да болмады. Алайда жөн сөздерін айтып, бата беріп, тілеулестіктерін айтқан ағаларым мен апаларым болды. Жайық Бектұров, Евней Бөкетов, Қалижан Бекқожин, Жүсіп Алтайбаев, Ісләм Жарылғапов, Оралхан Бөкеев, Фариза Оңғарсынова, Ақселеу Сейдімбек, Қалихан Ысқақ, Дидахмет Әшімхан…Бәрі де бүгін аруаққа айналыпты. Оқыған дұғама осы кісілердің есімдерін қосып отырамын…

Кешегі классиктерімізді тәрк еткен жайымыз бар. Бәрін қойып Абайға тіл тигізіп жатырмыз. Мына дүниенің Оразбайлары әлі қатарымызда екен…

Шыңғысхан кітапхананы өртеді деп айтты деп Шаханның Мұхтарын әйкәпір қылдық. Шыңғысханды қазақ қылды деп енді Мағауияның Мұхтарын да күстаналауға кірістік. Ал сол Мұхтардың Алтын Орданың мираскері қазақ елі дегенін құлаққа ілгіміз келмейді. Қазір мына орыс жұрты сол Алтын Ордаға жармасып жатыр. Батыйдың сом ескерткішін тұрғызамыз деп қызылкеңірдек болуда. Олардан қысық көршілеріміз де қалысар емес.  Олар да өздерін мираскер санайды. Олар алға Құлағуды салады.

Біз ше? Шыңғысханнан бас тартып отырмыз…

Мұхтар Мағауин қазақтың мың жылдық қазынасы. Ілияс Есенберлин де. Сол Ілияс мұрасын қалай пайдаланып жатқанымызды көріп, екі қолыңды төбеңе қойып тентіреп кеткендейсің. Ілекеңнің «Алмас қылышын» кино қылып жатырмыз. Сол киноны көре алмайсың. Жігеріңді құм қылады. Қазақтың екі ханыныңбірі Керей мұрақпен жүр де, Жәнібек бөрікпен жүр. Хан баласы қашан қарашаның киімін төрге оздырып еді? Қыпшақтың Ойбас биі мұрақпен ойқастап жүр. Ұлы көште Керей мен Жәнібекке Жәнібектің шешесі бата береді. Оу, қазақтың қай қары бата берді деп естіп едіңіздер. Қыпшақ Қобыланды Шайбани ханның ордасына ат-матымен кіріп барады. Барып қана қоймай барылдап анау-мынау емес төрткүл төңірегін дірілдеткен Шайбанидытілдейді. Сонда бұл не? Әрі-беріден кейін Шайбани Қобыландының өзімен сөйлесе қояр ма екен? Ашық-шашық жатқан бұл не қылған хан ордасы? Мұндай сауалдардан аяқ алып жүре алмайсыз.

Осымыздың барлығы жазушылығымыздан. Жүре жазушылығымыздан.

Жоқ нәрсені бар қыламыз.

Осының барлығы надандығымыздан. Білгішпіз…

Жазушы жазумен шұғылдану керек.

Ал біздің жазушылар немен шұғылданса да жазумен шұғылдана бермейді-ау осы. Арыз жазатын жазушылар шықты. Бұрындары жекелеп жазушы еді, қазір топтап жазатын болды. Тарихты жазатын жазушылар шықты. Жазған тарихы бес жүз жылдан аспайтын… Оның өзінде бабаларын не батыр, не би қылып шығарады. Кешегі күстаналаған Қазыбек бек Тауасарұлымен жылап көрісер уақыт келген сынды…

Мемуар жазу хат жазғаннан да оңай болып алды…

Мен де елдегі жеті жүз жазушының бірімін. Жазу үшін жағдай жасауым керек. Жазу жағдайын. Ол үшін басқа біреулердің шатпағын іс қылып шығаруың керек. Кемінде үш адамның. Сол үшеудің екеуінен азаттық алған жайым бар. Енді біреуі қалды.

Жағдайым болса оны да еңсерермін.

Cонсоң мен де өз дүниелерімді жазармын.

Абзал.

Төрехан МАЙБАС,

Қарағанды.

 

 

 

 

 

 

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Пікір немесе жауап жазу