Бәріміз үйде қалсақ, вирус 20 есе жылдамдықпен тарау құдіретінен айырылады – Танагөз Толқынқызы

3190
0
Бөлісу:

Италия газеттері некрологқа айналды. Онда өзге ақпарарт жоқ. Тек өлгендердің тізімі жариялануда.

Италия 2 аптаға мәжбүрлі карантин жариялады. Үйден тек арнайы рұқсат қағазбен ғана шыға аласыз. Біреумен шай ішуге шықсаңыз айыппұл төлеп, қамауға алынасыз. Өйткені бұл –көзге көрінбейтін өлімнен аман қалудың жалғыз жолы.

Коронавирус пандемиясы – екінші дүние жүзілік соғыстан кейін әлемге ең үлкен үрей мен дүрбелең әкелген оқиға.

Коронавирус бұрыннан бар. Оның әлемде 40 түрі өмір сүреді. Адамға қауіптісі 6 түрлі коронавирус екен. Ал қазір келген коронавирус – мутацияға ұшыраған, адамзатқа беймәлім вирус. Одан не күтетінімізді білмейміз.

Қытайдағы алғаш медиктер өздеріне жұқтырып алғанға дейін біз оны тек адамға аңдардан ғана жұғады деп ойладық. Сөйтсек ол адамнан адамға жұға беретін әрі тұмаудан 20 есе жылдам тарайтын өте қауіпті вирус екен.

Ең сабырлы деген Германияның канцлері Ангела Меркель: «Жағдай өте мүшкіл. Оған шындап мән беріңіздер. 2-д.ж соғыстан кейін біздің елде мұндай үлкен сынақ болған емес»,- деуі көп нәрсені аңғартса керек.

177 мемлекетке тараған COVID 19 вирусы Қазақстанға да келді. Елде мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Төтенше жағдай жариялады. Бұл пандемия жағдайындағы ең дұрыс шешім деп есептеймін.

Алматы мен Нұр-Сұлтан бір айға карантинге жабылды.
Кез-келген көзі ашық, көкірегі ояу адам әлемдегі барлық ақпаратты көре отырып, президент қабылдаған шұғыл шешімдерге терең мән беру керек. Ешкім ешкімнің ақыл айтқанын көтере алмайтын ғасырда халық бір нәрсені түсінуі қажет.

Сіз аштан өлмеу үшін адам көп шоғырланған гипермаркетке жанұшыра жүгіріп бара жатырсыз. Бірақ сіз өзіңізді аштықтан да бұрын өлтіретін вирус жұқтыруға бара жатқаныңызды түсінбейсіз.

Екі қаланы жапқанда жанталасып одан кәрі ата-анаңыз тұратын ауылға шаба жөнелдіңіз. Бірақ сіз бұл пандемия кезінде ең бірінші қарттар зардап шегетінін біле тұра, сондай қадамға бардыңыз.

Адам өмірін сақтау үшін үйде қалыңыз десе, сіз жүгіріп далаға кетесіз. Құранда «Бір адамды өлтіру – бүкіл адамзатты өлтірумен бірдей» деп жазылған. Сізге вирустың өлім әкелетінін, оның әлі толық зерттелмеген беймәлім, қорқынышты вирус екені ескертілді.

Бір ай изоляцияда отыруға үкімет барлық жағдайды қарастыруда. Ол тіпті жұмысты да үйде отырып жасауға рұқсат берді.

Бірақ сіз әлі толастамай жүгіріп жүрсіз. Және жай жүрмей фейк ақпараттарды чаттан чатқа, уатсаптан уатсапқа таратып пандемияны күлкіге айналдырдыңыз. Немесе бос байбалам ақпараттарды көбейттіңіз.

Италия да дәл осылай күлген.

Дәл осылай үкімет белгілеген қауіпсіздік шараларын місе тұтпаған. Экономика – үрей мен пандемиядан да жоғары!-деп ұрандатқан. Енді кісі өлімі жөнінен Қытайды басып озды. Карантин енді олар үшін екі аптадан екі айға дейін созылады.

Енді Италия үйден шықпайды. Олар Құдайға сыйынуда. Енді ештеңе күлкілі емес. Бірақ оны олар кеш түсінді.

Бәріміз бір мезгілде ауырсақ бізге емханадағы төсек те, дәрігер де, жедел жәрдем де, тыныс алдыру аппараты да жетпей қалады. Бәріміз үйде қалсақ, онда вирус 20 есе жылдамдықпен тарау құдіретінен айырылады.

13 наурыздан бастап үйде отырмыз. Оның қаншалықты қиын екеніне көзіміз жетті.

Бірақ бұл – тұтас бір ұлтты, Қазақстан дейтін мемлекетті сақтаудың жалғыз жолы.

Танакөз Толқынқызы,

Фейсбук парақшасынан

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Пікір немесе жауап жазу