Қазыбек Иса. СЕҢ ҚОЗҒАЛДЫ, СЕН ДЕ ҚОЗҒАЛ, ҚАЗАҚ ЕЛІ!

2679
6
Бөлісу:

ЖЫЛЫМЫҚҚА ЖЫЛ ТОЛДЫ!

Осыдан бір жыл бұрын, дәл бүгін, Тәуелсіз Қазақстан тарихының жаңа кезеңі басталды! Елімізді 30 жыл басқарған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің президенттік өкілеттігін тоқтатты. Қазақтан Президенті болып, Конституция талабына сай Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бекітілді. Сол күннен бастап Қазақстан саясатының жаңа беті ашылды!

Әрине, отыз жылда еліміздің Тәуелсіздігін әлемге танытқан Нұрсұлтан Назарбаевтың өмір бойына Қауіпсіздік кеңесі төрағасы болып, және «Нұротан» партиясының төрағасы ретіндегі құзыреті билігін сақтап қалғаны , ол өз алдына бөлек әңгіме…

2019 жылғы 20 наурыздан Қазақстан тізгінін қолына алған, 9 маусымдағы Президент сайлауында Қазақстан Президенті болып сайланған Қасым-Жомарт Тоқаевтың билік басындағы бір жылында не өзгерді, нендей жетістік-кемшіліктеріміз болды? Министрлер мен әкімдердің де бір жылдығы түгілі, жүз күндігін баспасөз бетінде атап өтіп жатамыз, ендеше Қазақстан Президентінің 365 күнін неге тілге тиек етпеске?!.

Ең бастысы, ел демократиялық талаптар бойынша президенттің, яғни биліктің ауысуына куә болды. Бір ұрпақ ауысар кезең – отыз жылда бір президентті ғана көріп келген ел екінші президентті де көрді.  Жасы алпыстан асып, жетпіс-сексенді алқымдағандар «екінші президентті көрмей-ақ кетеміз бе?» деп жүретін алдыңғы толқын да құдайға шүкір, жаңа президентті де көріп үлгерді… Эфирге отыз жылдан бері алғаш рет «Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев»деп жазылды!.. Ендеше бұл ел тарихындағы ерекше зор саяси оқиға – жаңарудың басы болуы тиіс екені анық!

Басты-бастыларына қысқаша тоқталып өтейік. Алдымен айтарымыз, мемлекет басшысының бастамасымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды. Саяси салада сең қозғалды – сенім ояна бастады. Саяси жылымық пайда болды. Халық митингілерінің өтуі арнайы рұқсат алу арқылы емес, тек хабарлама беру арқылы рұқсат шешілуі заң арқылы бекітілу үстінде. Саяси партиялар құру үшін бұрынғы қамал алар 40 мың қолдың орнына екі есе төмендеп, 20 мың болатын болды. Сайлау туралы заңға өзгерістер енгізу күн тәртібінде тұр.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі Парламенттік оппозиция туралы заң қабылдауға тапсырма берді. Парламенттік оппозиция туралы заң жобасын «Ақ жол» партиясы сонау 2013 жылы қолға алып, ол Еуропа Қауіпсіздік және Ынтымақ Ұйымының жоғары бағасын алған болатын. Бірақ 2014 жылы бұл заң жобасын Үкімет өткізбей тастаған болатын. Президент тапсырмасынан соң «Ақ жол» партиясы заң жобасын қайта қолға алып, дайындап, Үкіметтің қорытынды келісімін алды. Енді парламентте қаралуы тиіс.

Билік Халық талабына құлақ асып, кеше ғана түрмеде он жылдай отырған Мұқтар Жәкішев мерзімінен бұрын шартты бостандыққа шықты. Бұны да саяси жылымықтың жарқын белгісі деп білуге болады.

Әлеуметтік-экономикалық салада да ілгерілеулер бар. Көп балалы аналарға жәрдемақы жетілдіріліп, жолға қойылуда. Шағын және микробизнес нысандарын тексеруге 3 жылға мораторий енгізілді.

Ұлттық мүддені қорғауда да серпілістер бар. Ұлттық Кеңестің алғашқы отырысында Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды талап еттік. Ол үшін үшін Конституциядан орыс тілі туралы бапты алып тастаудың уақыты жеткенін жеткіздік. Қазір Мәдениет жәе спорт министрлігінде 2020-2025 жылдарға арналған Тіл туралы мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Ең бастысы – Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау да қолға алынуда. Бұл жолда ұлттық ұйымдар мен саяси партиялардың 2010 жылдан бері қолға алып, дайындап келе жатқан Мемлекеттік тіл туралы заң жобалары бар екенін, 2012 жылы «Ақ жол» партиясы дайындаған, (бірақ тағы да Қазақ тілі туралы заңды Қазақ үкіметі қабылдамай тастаған) Тіл туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар туралы заң жобасы да бар екенін ескертеміз.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ел тізгінін алғаннан бастап, «Елімізде ең бірінші – Қазақ тілі болуы тиіс»деп мәлімдеді. Жақында «Келешекте шын мәнінде ұлтаралық қатынас тіліне айналуы тиіс Қазақ тілін жылдам дамытуымыз қажет» деп нақтылай түсті. Сонымен бірге «Қазақстанда тұратын барлық ұлыстар, этникалық топтар біртұтас ұлт болып саналады. Шетел бізді ҚАЗАҚ деп біледі. Өйткені осы сөз біздің мемлекетіміздің атауында тұр» деп, түпкі идеологиялық мақсатты айқындады. Мемлекет басшысының бұл бастамасы мемлекеттік мүддеден туындап отырғаны айқын және бәріміз қуана құптарлық жалпыхалықтық қолдау болуы керек!

Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев мектеп оқушыларын дүбара ететін, сол үшін қаншама миллиардтар далаға кеткен үш тілділік «науқанына» тоқтау салып, шет тілі тек бастауыш сыныптан кейін оқылатын болды. Латын әліпбиін жетілдіруге нұсқау берілді.

Ұлттық мүдде тұрғысынан келгенде, екінші дүниежүзілік соғыста күйрей жеңілген Жапонияның соғыстан кейінгі ауыр жағдайдан Ұлттық идеология туын көтеру арқылы экономикасы көтеріліп, дамығанын есте ұстауымыз керек. Бұл тұрғыда Елбасының Рухани жаңғыру бағдарламасы Ұлттық идеологиялық бастауымыз бола алады.

Былай қарасаңыз, бұрын Президенттің өзі басқаратын Ұлттық Кеңесте Конституциядан орыс тілі туралы бапты алып тастау туралы айтылмақ түгілі, мұндай ел талабы Парламентте, Үкіметте, мемлекеттік органдардың ешқандай кеңесінде, тіпті әкімдіктер жиынында да айтылмайтын. Саяси митингілер мен саяси партиялар туралы талаптар жайлы да осылай айтуға болады. Саяси пікір алуандығы қалыпты жағдайға айнала бастады. Бұның бәрі сең қозғалғанының белгісі. Ал сең қозғалса – сенім оянады.

Тек билік енді ел сеніміне селкеу түсірмеуді басты мақсат етуі тиіс. Ол үшін, бастаған бастамалар баянды болуы үшін батыл қарекеттер мен нақты шешімдер қажет. Мемлекет басшысының әр қимылы билікте жүргендердің бәріне үлгі-өнеге, көрнекті нұсқау екені анық.

Белгілі қаламгер, сатира сардары Көпен Әмірбек көкеміздің жиі айтатын бір сөзі бар: «Үлкен дөңгелек бір айналғанда , кіші дөңгелектер шыр айналады» дейді. Яғни, ел басшысының еркі мен ел сеніміне байланысты барлығы да.

Елдің ұлттық санасы өсіп келе жатуының бір ғана мысалы, кеше ғана түрмеден шыққан Мұхтар Жәкішевті қаншама жыл асыға күткен ел енді «ол неге қазақ тілінде сөйлемейді» деп кінәлауда. Дегенмен, Мұқтар да салмақты саясаткер ғой, алғашқы сөздерін қуаныштан толқып тұрып ана тілінде айтты. Бірақ Ресей тілінде басым сөйлегенінің өзін қабылдай алмауда қалың қазақ!

Он жылдан бері Мұқтардың атын ұлықтап келе жатқан қазақтың енді «ол неге қазақша сөйлемейді» деп кінәлауынан нені аңғаруға болады?!. Қазақ енді кім болсаң да, хан бол, қара бол, елден ерек дара бол, мейлі дарабоз дана бол, ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕМЕСЕҢ – ҚАБЫЛДАМАЙДЫ! РЕСЕЙ ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕУ «СӘНІ» – САЯСАТТАН КЕТІП БАРАДЫ! Біздің саяси алаңда жұрген саясаткерлеріміз саналарында саңылау қалып, осы Ақиқатты ұқса, жарады!

Яғни, ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕМЕСЕҢ – ҚАЗАҚ САЯСАТКЕРІ ЕМЕССІҢ! Елдің қазіргі берік ұстанған Ұлттық тұжырымы осы!

Ал еліміздің барлығы қазақ тілінде сөйлеуді алдымен Ақордадан, Үкіметтен, Парламенттен бастау керек! Ол үшін Ұлттық Кеңесте ұсынғанымыздай Мемлекеттік тілді міндеттейтін Мемлекеттік тіл туралы заңды биылғы жылы тезірек қабылдауға тиіспіз.

Ал Қордай қантөгісі секілді ел өміріндегі келеңсіз оқиғалар біздің отыз жылғы ұстанып келе жатқан қатып қалған ұлттық саясатымыздың бойына жаңа қан жүгірту керектігін анық көрсетіп берді. Біздің кейбір солтүстікке қарап ұлитын кертартпа саясаткерлеріміз бен «саясаттанушыларымыз» айтқандай, Қордай оқиғасы Ұлтшылдықтан туған жоқ – керісінше отыз жыл бойғы қатаң ұстанған «Ұлтсыздықтың» кесірі!

Сол кезде «Қазақ үні» газетінде жазып едік, тағы да қайталаймыз: «Бұрынғы талай оқиғаларды айтпағанда, Қордай қантөгісінен соң, яғни ауыр ақаулары шыға бастаған бұрыннан келе жатқан отыз жылғы саясатты енді жаңартуымыз керектігі күн тәртібінде тұр! Өйткені заман жаңа, қоғам басқа! Көшеде Ұлттық мүддесін, өз елінде өзінің теңдігін сұраған ел тұр! Кезінде бауырына басып, тілім нанын бөліп берген жұрттан Тілін сұрап келген Ел енді талап етіп тұр!

«Мен үшін ең ұлы қорғаныс ұясы, ең ұлы көмек көзі – Ұлтымның кеудесі. Сондықтан да мен Ұлтымның кеудесін бастырмау үшін барымды саламын!» депті қайран Ер, Түркияның Тұңғыш Президенті

Қазақстанның жаңа Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың да ұстанымы дәл осылай болуы керек! Ал біз бәріміз мемлекет басшысының жанына топтасып, қолдап, қуаттауымыз керек!»

Қорыта айтарымыз, ҚАЗАҚСТАН ПРЕЗИДЕНТІ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫҢ МЕМЛЕКЕТ МҮДДЕСІ ҮШІН ЖАСАҒАН ЗОР БАСТАМАЛАРЫ ЖАЛПЫХАЛЫҚТЫҚ ҚОЛДАУҒА ЛАЙЫҚТЫ!

Сондықтан біз де Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың енді екпін алып келе жатқан баянды бастамаларына кеңінен қолдау білдіріп, ырысқа бастайтын ынтымақта болуымыз керек. Әдеттегідей «енді анау президент болады екен, жоқ мынау келеді екен» деген ауыл-үйдің өсегі мен желіні желпіндіріп тұрған жел сөзге ере бермей, бәріміз тізе қосып, тірлік етіп, тірек бола білейік.

Қазақ Елін Тәуелсіздікке жеткізген Құдіретті Алла енді Ұлттық Рух Тәуелсіздігіне жеткізер тарихи таңдау кезеңін тарту етіп отыр!

Сең қозғалды – сен де қозғал, Қазақ Елі!

Қазыбек ИСА,

ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңес мүшесі,

«Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары.

Qazaquni.kz

 

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Сайтта 6 пікір жазылған

  1. Гүлмира 21 Наурыз, 2020 16:49 Жауап

    Қазыбек Иса аға, Өзіңіздей Ұлттың шынайы жанашырлары тұрғанда Қазақтың тілі шын мəніндегі азат тілге айналатынына сенеміз. Алла жар болғай!

  2. Айым 21 Наурыз, 2020 16:54 Жауап

    Күні бүгінге дейін Тоқаевтың артынан түрлі қаңқу сөз айтқан халық ол кісінің ұлтттық рух дегенде шығарда жаны бөлек екеніне күн санап көз жеткізіп келе жатыр.

  3. Мәмбет Құрманбаев 21 Наурыз, 2020 16:59 Жауап

    Рас ұлттық тілге деген көзқарасы оңғарылып тұр ! Тек сол мемлекеттік ана тіліміздің мәртебесін жарлықпен бекітіп ұлықтап өз орнына жоғары деңгейде мәртебесін берсе!

  4. Аскар Мамырбаев 21 Наурыз, 2020 17:00 Жауап

    Тіл мәселесін көптен көтеріп келесің Қазыбек! Ұлттың жаны- тілі екендігін, Намысы да тіл арқылы оянатынын өзіңдей айтып жүрген азамат некен- саяқ! Аман бол, Наурыз құтты болсын! Келесі Наурызды тіл туралы жаңа Заңмен қарсы алуды нәсіп етсін Жаратқан!

Пікір немесе жауап жазу