Дастан Жұмабекұлы: МЕНІҢ АСҚАР ТАУЫМ

«Ана тілі» газетінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында 2006 жылы осы басылымның Бас редакторы болған, қазіргі «Қазақ газеттері» ЖШС-ін (ол кездегі «Қазақ газеттері» жабық акционерлік қоғамы) құрып, басқарған қоғам қайраткері, медиа-менеджер Жұмабек Кенжалиннің еңбегін атамай өту мүмкін емес. "Ана тілі" газеті осы орайда асылдың сынығы, тектінің тұяғы Дастан Жұмабекұлы Кенжалинді әңгімеге тартқан екен. 

– Дастан Жұмабекұлы, әңгімемізді сіздің балалық шағыңыздан бастайықшы. Білуімізше, сіз де ата-әженің қолында өскен екенсіз… – Иә, оныңыз рас. Мен 1978 жылдың 19 қазанында Алматы қаласында туғанмын. Ол ­кезде әкем үшінші курстың, анам бірінші курстың студенті екен. Өздері пәтер жалдап тұрады. Мені қырқымнан шығарған соң әжем ауылға алып кетеді. Сөйтіп, мен он жасыма дейін ата-әжемнің қолында өстім. Біздің ауыл – Торғай облысы, Арқалық ауданы, Қайыңды совхозы. Осы ауылда үшінші сыныпқа дейін оқыдым. 1988 жылдың 1 қыркүйегінде Алматы қаласындағы №12 қазақ мектебіне ауыстым. Сол жылы сәуір айында апам (әжем Ұлмекен Төленқызы) екеуміз Алматыға келіп, ата-анам, бауырларым бәріміз Шымкент облысының Отырар ауданына тойға бардық. Тойдан қайтқанда апам Алматыда бір апта жатып, ауылға кері қайтты. Мені әке-шешесінің қолында болса деген екен, әкем де өз ұясында қалдырғысы келіпті. Бұл кезге дейін ауылда көп баланың ішінде өстім. Апам «Ардақты Ана» алтын медалінің иегері болды. Көкем Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Омар Кенжалыұлы екеуі 14 баланы тәрбиелеген. Әкемнен кейін Бейсенбек, Дүйсенбек, Ғалияш, Мәрияш, Жұмағазы, Зәлияш, Сәнияш, Фараби, Еркебұлан, Айнаш, Гүлбаһрам, Гүлбаршын мен Дәурен деген інім болған. Осылардың ішінде Бейсенбек пен Дүйсенбек ағаларым, Мәрияш пен Айнаш тәтем, Дәурен інім өмірден ерте кетті. Бір үйден осыншама адамның өмірден өтуі ата-әжеме, әкеме оңай тиген жоқ. Әкем соны ойлап, үйдегі бар қиыншылықты ­мойнына алып, бауырларын құшағына басып жүрді. Ал 1990 жылдардың басында апам мен көкем араға бір жыл салып өмірден өткенде ауылдағы іні-қарындастарын Алматыға көшіріп әкелді. Ол кезде елдің жағдайы мәз емес еді. Ауылда жұмыссыздық, Торғай облысының біресе ашылып, біресе ­жабылып жатқан шағында халық шын мәнінде есеңгіреп кетті. Ауыл түгілі, Арқалық сияқты облыс орталық­тарының жағдайы қиын болды. Міне, сондай қиын-қыстау кезде ол бауырларына әкенің орнына әке болып, қамқоршы аға бола білді. Апам­ның өзі көзі тірісінде әкемді «Менің Жұмабегім маңдайымның жұлдызы ғой» деп ­айтып отыратын. Қалаға ата-анамның қолына келген соң, жыл сайын демалыс кезінде ауылға барып тұрдық. Әкем ауылға жиі-жиі келгенде жанында жүретінмін. 1985 жылы мектепке барғанда әкемнің төр бөлмеде малдас құрып, жазу-сызуды үйреткені есімде. ­Содан бері ол маған әке ғана емес, ұстаз да бола білді. Тіпті есейіп, еңбекке араласқан шағымда да, газетте жұмыс істеп жүргенде де әрдайым бағыт-бағдар беретін. – Тәуелсіздікке дейін қазақ мектебінде бала оқыту үлкен мәселе болды ғой. Бұл мәселе сіздің отбасыңызда қалай қаралды? – Иә, мен мектепте де, жоғары оқу орнында да қазақ тілінде білім алдым. Біздің ауылдағы ­мектепте қазақ және орыс сыныптары болған. Ата-әжем мені қазақ сыныбына берген. Алматыға барғанда да қазақ мектебінің табалдырығын ­аттадым. Рас, ол кезде қазақ мектептері аз болатын. Дегенмен, біздің отбасымызда баланы қазақ ­сыныбына береміз бе, орыс сыныбына береміз бе деген мәселе көтерілген емес. – Ал мамандық таңдауда әкеңіздің ықпалы болды ма? – Жоғары сыныптарда оқып жүргенде саясатқа қызығушылығым оянды. Сол кездегі КСРО басшыларының теледидардағы сөздерін тыңдап, компартияның съездерін қарап жүретінмін. Неге екенін білмеймін, сол жиналыстар адамның ішін пыстырса да Горбачев пен Ельциннің текетіресін, басқа да депутаттардың мінберге шығып сөйлегендерін тыңдап отыратынмын. Қазір Youtube әлеуметтік желісінен қарасам, көп проблемалар көтерілген екен ғой. Оқуға түсерде саясаттану мамандығын таңдадым. Әкем менің таңдауыма құрметпен қарады. Менің болашағыма, мамандығыма өзінің жеке көзқарасын таңған емес. «Ең бастысы өзің қалаған іс болса болды» деп қолдау білдіретін. Сөйтіп, 1996 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің Халықаралық қатынастар факультетінің саясаттану мамандығына оқуға түсіп, оны 2001 жылы бітірдім. – Жұмабек Кенжалин туралы айтылғанда оның үйіндегі жары Әлима Әбдірахманқызы екеуінің өзіндік бір үйлесімділігі туралы әдемі естеліктер сөз болады. Ата-анаңыздың танысып, бас құрауы, жастық шағы туралы не білесіз? – Ата-анам Алматыда танысқан. Екеуі де ­әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың түлегі. Әкем – журналистика, анам филология факультетінде оқыған. Екеуі көп ұзамай көңілдері жарасып, үйленеді. Қазіргі «Көк базардың» жанындағы «Әсем» деген мейрамханада үйлену тойы өткен екен. Екеуінің арасындағы махаббат, үйлесім, өзара сыйластық, түсіністік – бәрімізге үлгі. Ата-анам бір-бірін қабағынан танып, бір-біріне қабақ шытпай, 40 жылдай өмір сүрді. Әлі күнге дейін анам әкемді сағынады. Екеуі бір адам болып кеткен. Содан бері анам əәкемнің курсымен біте қайнасып кетіпті. Әкем шешемді өте қатты сыйлайтын еді. Анам да оның қадірін білді. Екеуі өмір бойы бір-бірінің қас-қабағына қарап жүрді. Әкем маған үнемі анама деген ризашылығын білдіріп отыратын. «Сенің мамаңа ризамын, балам. Бүкіл қиыншылықты бірге көрдік. Өмірдің ыстығына да, суығына да шыдап келеміз. Мамаңмен хабарласып, жағдайын біліп тұр. Жарай ма?» деп айтатын. Осыны ол соңғы кездері астанаға келген сайын жиі айтып кетті. Анам әкемді өте жақсы түсінетін. Оның жұмысына да түсіністікпен қарайтын. Ол өзі көп сөйлемей, әрбір істе әкемді қолдап жүретін. Екеуі бір шаруа шықса бәрін ақылдасып шешіп отыратын. Шешемнің өзі де жазу-сызуға жақын болып, баспа саласында қызмет етті. ƏӘуелі Парламентте, одан кейін «Атамұра» баспасында жұмыс істеді. Әкем шаруақор болатын. Ол түздің ғана емес, үйдің де шаруасымен айналысып, бәрін өзі реттеп жүретін. Мысалы, Панфилов көшесіндегі №101 үйде тұрдық. Сол жерде әкем ағайын-туыстың бәрін үйге шақырып, дастарқан жайып, көп қонақ күтетін. Өзі де қонақжай адам ғой, қай жерде жүрсе де ортасын нұрландырып жүретін. Бәрі ол кісіні сыйлайтын, құрметтейтін. Ол көп адамға жақсылық жасаған, шарапаты ­тиген. Әйтеуір бәрінің қабағына қарап, мәселесін ­шешуге ­тырысатын. Қасына келген адамның бәрін жақсы қарсы алатын. Үлкендерді сыйлады, кішілер де оны құрметтеді. – Үлкен адамның ұлы болғандықтан, бала кезіңізден зиялы қауымның ортасында өстіңіз деуге болады. Жұмабек ағайдың жақын достары кімдер еді? Үйге кімдер жиі келуші еді? – Әкем ауылдағы сыныптастарымен де, Алматыдағы курстастарымен де жақсы ­араласты. Ауылға барса, алдымен үлкендерге сәлемін беріп, достарын аралап жүретін. Ауылдағы ақсақалдар, ағалары да: «Біздің Алматыдағы Жұмабегіміз келді ғой» деп айтып отыратын. Мен оны ­Кенже­бай атамның, Мылқайдар, Жанайдар, Молдабек, Мағаш, Шалабай, Төлепберген көкелерімнің үйлеріне барғаннан білемін. Ауылда ­Бейсенбек, Мырзағали, Бейсенбай, Нұртас, Мәрібек аға сияқты сыныптастарымен өте жақын дос болды. Өзі еңбекке ерте араласқан ғой, бала кезінен сабағын жақсы оқыған, сурет салған, газет-журналдарға мақалалар, хабарлар жазып тұрған. Әкемнің 7-сыныпта салған Амангелді Имановтың суреті әлі күнге дейін Қайыңды орта мектебінің қабырғасында тұр. Оның хабарлары «Қазақстан пионері», «Торғай таңы» газеттеріне шығып тұрыпты. Өзінің ауылы Қайыңды туралы көп ­жерге жазды. Солай қоғамдық өмірге белсене, еңбекке ерте араласып, ерте есейген. Ал курстас достары өте көп болатын. Әсіресе, ол Болатбек аға Ормановпен өте жақсы дос болды. 2007 жылы Болатбек ағамыз қайтқанда қазаны өте ауыр қабылдады. Бертінге дейін жан досын аузынан тастамады. Астанаға келсе «Қайран, Бөкең! Қайран, Қошан! Өмірден ерте кеттіңдер ғой» деп айтып жүретін. «Қошан» дегені өзімен бірге оқыған Қошан ағамыз. Ол да Болатбек ағадан кейін, көп ұзамай бақилық болды. Әкем осы екі досын қатты сағынды. Әкем Сәбит Дүйсенбиев, Қайнар Олжай, Талғат Айтбай, Мейрамбек Төлепберген, Қали Сәрсенбай, Абдолла Алтый, Шархан Қазығұл мен басқа да курстас достарымен жақсы араласты. Кейін әкем Болатбек аға арқылы Есен ағамен танысты. Сол кісінің үйімен де жақын араласып тұрдық. Ал 2011 жылы «Ақжар» ауданына көшіп барғанда Серік Рәсілов ағамыздың үйімен құдайы көрші болып сыйласып кеттік. Әкемнің ортасы жазушы-журналистер, ғалымдар, өнер адамдары болды. Ол Сарбас Ақтаев, Әбдісағит Тәтіғұлов, Сәбит Досанов, Сауытбек Абдрахманов, Қуаныш Сұлтанов, Кенжеғали Сағадиев, Серік Үмбетов, ­Раушанбек Әбсаттаров, Сағымбай Қозыбаев, Марат Тоқашбаев, ­Жанболат Аупбаев, Аманхан Әлім, ­Сабыржан Ахметов, Хамитбек Мұсабаев, Мақсұтбек Сүлеймен, ­Жұма-Назар Сомжүрек, Жетпісбай Бекболатұлы, Самат Ибраимов, Нұртөре Жүсіп, Шәмшидин Паттеев, Жүсіпбек Қорғасбек сияқты әріптестерімен жақсы араласқан еді. Осы кісілерді көрсем жұмыста, іссапарда жүретін әкем көз ­алдыма келеді. Мен оларды сыйлап, құрметтеймін. – «Ана тілі» газетінің Бас редакторы, «Қазақ газеттері» ЖШС-ын басқарып тұрған кезінде сізбен қазақ басылымдары туралы ойымен бөлісуші ме еді? – Әкем өзі басқарған «Қазақ газеттері» ЖШС-ның жұмысына да асқан жауапкершілікпен, әрбір қызметкеріне жанашырлықпен қараған еді. Оны мен әкемнің сөз арасында айтатын әңгімелерінен байқайтынмын. Бұл медиахолдингті ол 1999 жылы өзі құжаттарын жинап жүріп ашқан. Осы қоғамды ашудағы мақсаты сол кездегі журналистердің басын біріктіріп, оларды бір шаңыраққа жинап, бәріне уақытылы айлығын төлеу, жұмыспен қамтамасыз ету болды. Сол кезде қолына қалам мен микрофон ұстаған журналистердің арқасына ала дорба салып, базар аралап кеткенін білеміз. Бұл елде жаппай жекешелендіру саясаты басталып, Үкіметтің айлық пен зейнетақыны айлап бере алмай жатқан кезі болатын. Сондай қиын-қыстау уақытта қазақ ақпарат кеңістігі бірнеше газет-журналдың басын бір жерге біріктірген құрылыммен толықты. Ол «Қазақ газеттері» ­деген атау алып, қазіргі тілмен айтсақ, тәуелсіздік жылдарындағы тұңғыш медиахолдинг болды. Осы ұйымда ол күн-түн демей 20 жылға жуық уақыт қызмет етті. Сондықтан әкемді ең алғашқы медиа-менеджер десем де болады. Сосын ­жанына Жұмағазы ағамды алды, ол оның туған інісі. Жұмағазы ағам Алматыдағы компьютерді меңгерген алғашқы маман болды. Қасында жүріп қазақтың көп қыз-жігіттері компьютер үйреніп, ары қарай жұмыстарын жалғастырып кетті. Мен ­«Егемен Қазақстан» газетінде істеп жүргенде сол жердегі компьютер орталығындағы ­қыз-жігіттер «Жұмағазы аға біздің ұстазымыз» деп айтып жүретінін өз құлағыммен естідім. Әкем адамды жақсы танитын. Қасына жұмыс істейтін, білікті, білімді адамдарды жинауға тырысатын. «Қазақ газеттерін» ашу оңай болған жоқ. Бүкіл жарғысын, бағдарламасын жасап, көп еңбектенді. Қасында Бақыт аға Әжіғалиев болатын, ол әкемнің жүргізушісі. Екеуі көлікке отырып алып, көп жерді аралады. «Қазақ газеттерін» аяққа тұрғызу үшін тынымсыз еңбек етті. – Жұмабек Омарұлын 17 жыл демалыссыз ­жұ­мыс істеген, еңбек демалысын алмаған деп ­жатады. Сол уақыттың бәрінде өмірін, уақытын жұ­мысқа, қызметке арнаған адам отбасында қандай болды? – Шынымен, 2001 жылы оқуды бітіріп, астанаға кеткенімнен әкемнің бір ай демалыс алғанын естімеген едім. Мен 19 жылдан бері ­Елордада тұрамын. Бірақ еңбек демалысында, демалыс күндері Алматыда болатынмын. Әкем екеуміз әкелі-балалы ғана емес, мен атамның қолында өскеннен кейін ол маған іні ретінде де қарайтын. Ағалы-інілі ретінде сырласып, әңгімелесетінбіз. Әкем үй шаруашылығында бәрін өзі істеуге тырысатын. Мысалы, маған да, Жандос ініме де ұрсып, қатты сөз сөйлемеген. Тек іспен ғана тәрбиелейтін. Тәрбиені өз ісімен беретін. – Әкеңіздің соңғы сәттеріндегі арман-мақсаттары қандай еді? – Әкем 2017 жылдың маусым айында астанаға Дүниежүзі қазақтарының құрылтайына келді, екеуміз соңғы рет сол кезде көрістік. Әкемді әдеттегідей көлікпен күтіп алып, үйге апарғым келген. Ол болса «Мені үйге емес, қонақүйге апаршы. Дүниежүзі қазақтарының құрылтайына келдім. Орнымда болмасам ұят болар. Бәрі төлен­ген. Үйге баруға үлгеремін ғой, балам» деп қонақүйде қалатынын айтты. Бірақ ертеңіне әкем шұғыл Алматыға ұшып кетті. Ақпарат министрі Дәурен Абаев «Қазақ газеттері» ЖШС-ның ­жұ­мыс­тарымен танысуға баратын болған екен. Әкем соны көрсетемін, таныстырамын деп жолға шығып кетті. Сол келгенінде ол маған «Жарты жылдан кейін осы жұмысты қоямын. Келесі жылы бір журналды алып, соны жүргізіп, студенттерге сабақ беріп, Алматы, Нұр-Сұлтан, Торғай арасында жүрсем, маған осы жетеді, басқа арманым жоқ» деген еді. Бұдан кейін әкемді көрмедім. Жандос екеумізге «Сендер менің қос қанатымсыңдар, сендерге үміт артамын» деп, бізге жақсы тәрбие берді. Әкемнің осы тәрбиесінің арқасында ешкімнің ала жібін аттамай, ешкімге қатты дауыс көтермей, қатты сөйлемей, ренжіт­пеуге тырысып жүрмін. Бәрін орны-орнымен істеп, ақылмен шешуге тырысамын. Біз Қайыңды ауылының 60 жылдық мерейтойына бірге баратын болғанбыз. Шілде айының басында екеумізге ауылға билет алып қойған едім. Бірақ ауылға жалғыз барып келдім. Әкем таңертең сағат 6.00-де хабарласып, ауырып тұрғанын, астанаға бара алмайтынын айтты. Маған «Өзің барып кел, қалай болғанын толық айтып бересің, елге сәлем айт» деді. Әкемнің басы жиі ауыратын, әдеттегідей аздап демалса жазылып кетеді ғой деп ойладым. Ауылдың тойына өзім қатысып қайттым. Қайтарымда Арқалыққа жеткенде «Қатты ауырып жатыр, Алматыға жет» деген хабар алдым. Соңғы рет телефонмен 23 шілде күні кешкі сағат 19.00 ­шамасында сөйлестім. Өзі ауырып ­жатса да ­«Ауырма, балам, ауырма!» деп қалды. Келесі күні Нұр-Сұлтанда қаралы хабарды естігенде төбеме жай түсіп, дүние төңкеріліп кетті… – Әкеңізден алған қандай қасиетті, қандай тәлім-тәрбиені өзіңіздің бала-шағаңызға беріп, қандай ерекшелігі мен болмысын бойға сіңіргіңіз келеді? – Әкем жүрегі таза адам болатын, тазалықты ұнататын. Өтірік айтуды, өзіне өтірік айтқан адамды ұнатпайтын. Шыншыл болу керек деп айтатын. «Ешкімнің ала жібін аттама, Құдайдың бергенімен жүр, тура жүр» деп көп айтатын. Өзі адамды жақын тартатын, ағаларын сыйлап, інілеріне қамқор болатын. Әкенің орны бөлек қой. Абай атамыз «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» деп айтады емес пе?! Сол сияқты әкемдей болмасам да, оның парасаттылығын, азаматтығы мен мінезін бойыма сіңіруге тырысып келемін. Қазір біз отбасымызбен әкеміздің есімін сақтау үшін қолдан келген шаруаны істеп келеміз. 2017 жылы әкемнің досы әрі әріптесі, журналист, публицист Марат Тоқашбаевтың ­бастамасымен «Серке сөздің сардары» кітабы шықты. Бұл жинаққа әкемнің әріптестері, ­достары көп естеліктерін жазды. Одан кейін Алматы мен Нұр-Сұлтандағы, Түркістандағы, Қостанайдағы, ­Жангелдин мен Амангелді аудандарында, Арқалық қаласында, өзі туып-өскен Қайыңды, Сарыторғай, Қызылжұлдыз елді мекендеріндегі мектептер мен кітапханаларға еңбектері таратылып, сөрелерге қойылды. Арқалықта Дала өлкесі тарихы облыстық мұражайы мен №2 облыстық әмбебап ғылыми кітапханада әкемнің өмірі мен шығармашылығына арналған «Тектілігін танытқан тұлға» бұрышы ашылды. Ал былтыр Алматыда өзі оқыған ­әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық мемлекеттік универси­тетінде ректор Ғалымқайыр Мұтановтың қол­дауымен аталған оқу орны мен Журналис­тика факультетінің құрылғанына 85 жыл ­толуына орай Жұмабек Кенжалин атындағы «Баспа және жаңа медиа» оқу-шығармашылық зертханасының тұсауы кесілді. Біз осы зертхананы ашуға көмектескен және оған қолдау көрсеткен ­ректор Ғалымқайыр Мұтановқа, оның кеңесшісі ­Бауыржан Жақыпқа, Журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы мен факультеттің ұжымына, барша тілектес ағайынға алғыс айтамыз. – Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ