Прокуратура Дулат Ағаділдің өліміне қатысты сауалға жауап берді

Нұр-Сұлтан қаласының прокуроры Б. Мырзакеров қоғам белсендісі Дулат Ағаділдің өліміне қатысты "Ақ жол" партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтың ресми сауалына жауап берді, - деп хабарлайды "Қазақ үні" ақпарат агенттігі.

Мырзакеровтың сөзінше, тәуелсіз мамандардың қатысуымен өткен мәйітті зерттеу нәтижесінде Дулат Ағаділдің өткір жүрек-тамыр жеткіліксіздігінен көз жұмғаны анықталған.

Зорлық-зомбылыққа тән қандай да бір денеге зақым келтірулер анықталмаған, делінген прокурордың жауап хатынды.

Еске сала кетейік, бұған дейін қоғам белсендісі Дулат Ағаділ Нұр-Сұлтан қаласындағы тергеу изоляторында қайтыс болған болатын. Бұл іс қоғам ішінде үлкен наразылық тудырды.

Бұл мәселеге қатысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өз пікірін білдірді.

Ағаділдің өліміне қатысты “Ақ жол” Демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев Нұр-Сұлтан қаласының прокуроры Б.Мырзакеровке белсенді өлімінің себептерін анықтауды сұрап хат жолдаған еді.

Аталмыш іске қатысты белгілі ақын Қазыбек Иса да үн қатып, «ПОЛИЦИЯ БІЗДІ ҚОРҒАЙ МА, ҚОРЛАЙ МА, МИНИСТР ТҰРҒЫМБАЕВ МЫРЗА?!.»   атты мақала жазған болатын.