Министр ақылы демалыс беру тәртібі қалай іске асатынын түсіндірді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов балаларымен үйде отыруға мәжбүр ата-аналарға демалыс беру тәртібі қалай іске асатынын түсіндірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Министрдің айтуынша, Еңбек кодексі бойынша кез келген жұмыс істеп жүрген азамат жылына бір рет ақылы еңбек демалысына шығуға мүмкіндігі барын айтты.

"Ол үшін әр мекемеде кесте жасалады. Сол демалыс кесте бойынша немесе кестеден тыс берілуі мүмкін. Осы жағдайда біздің жұмыс берушілерге айтатынымыз, баласына қарауға мәжбүр болған жұмысшыларға сол жылына берілетін еңбек демалысын осы күндері беруді сұранамыз", - деді Біржан Нұрымбетов.

Министр ақылы демалыс кезінде кемінде орташа жалақысы сол жұмысшыға төленетінін айтты.

"Бірақ өз кезегінде жұмыс беруші жұмысшыдан екінші ата-ана немесе басқа қамқоршылары осындай демалысқа шықпағаны туралы немесе жанұяда жұмыссыз жүрген азаматтар жоқ екені туралы анықтама талап етуге де құқығы бар", - дейді министр.

Біржан Нұрымбетов осы жағдайдың бәрін іске асыра алмай, тек қысқартуға мәжбүр болатын жағдайда не болатынын түсіндірді.

"Еңбек заңы бойынша жұмыс беруші жұмысшыны қысқартатын болса бір ай бұрын жұмысшыны ескертуі міндетті және қысқартылған жағдайда бір айлық көлемінде өтемақы төлеуі керек. Біз өз кезегімізде кәсіпорындардың жұмысшыларды қысқартуы мүмкіндігіне мониторинг жүргізіп отырамыз", - деп түсіндірді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен үкімет және мемлекеттік органдардың басшылары қатысқан жедел әрекет ету Штабының жиналысы өтіп, жұмыс берушілер баласы бар қазақстандықтарды ақылы демалысқа жіберу туралы мәселені қарастыруы керегін айтқан еді.

Еске салайық, Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері Қазақстанда 16 наурыздағы коронавирус бойынша жағдайды айтып берген еді. Министрлік мәліметінше, Қазақстанда бүгінге дейін 9 адам коронавирус жұқтырған. Олардың жетеуі Алматыда, ал қалғандары Нұр-Сұлтанда. Ал тағы бір қазақстандық Германияда.

Сондай-ақ, 1641 адам карантинде болса, 981 адам үйде карантинге жатқызылды.