ШЕТТІЛДІК ГЕОГРАФИЯЛЫҚ АТАУЛАРДЫ ЛАТЫН ӘЛІПБИІНДЕ ҚАЛАЙ ЖАЗАМЫЗ?

 Қазақ жазуын жаңа әліпбиге көшіруге қатысты қыруар іс-шаралардың ішінде шеттілдік ономастикалық атаулардың жазу, оқу мәселесіне ерекше назар аударған жөн. Әлем  картасының  бетіндегі мемлекет, астаналары, халықаралық ірі әуежай атаулары, әлемге танымал ірі мегаполис, тау, өзен, теңіз, арал, т.б. ономастикалық атаулары  жаңа жазуымызда қалай өрнектелмек? Өйткені ертеңгі күні бүкіл оқулық, сөздік, энциклопедияларда көрініс тауып, картографиялық өнімдерде, баспасөзде, әлемдік глобалды геоақпараттық кеңістікке енгелі отыр. Әдеттегідей орыс тілінен тікелей транслитерациялап жазу бар да, жаңа жазуымыздың графикасына икемдеп, жан-жақты ойластырып отырып жазу бар. Ал ол үшін арнайы ереже жасау қажет. Алдыңғы үш әліпби нұсқаларында жазып та көрдік, олқылықтары асып жететініне де көз жеткіздік. Қазір тілші мамандар мен көпшіліктің талқысына түсіп отырған жетілдірілген акут әліпбиі мен умляут нұсқалы әліпбиге келсек, осы умляут әліпбиі 30 жылдан бері академик Ә.Қайдар бастаған Тіл білімі институтының жобасынан көпшілік хабардар және осыған іш бұра береді. Өйткені жас балаға да, ересектерге де қабылдауға, жазуға, үйренуге жеңіл, ұтымды. Шеттілдік жер-су атауларын осы әліпби жобасымен  қазақыландырып жазуға, айтуға да тиімді көрінеді. Мысалы, кейбір шығыстық мемлекет, астана  атаулары Päkıstan, Täjıkstan,  Äzerbaіjan, Ystambūl, Täşkent, Mäskeu т.б. Дүниежүзінде –ия қосымшасымен келетін мемлекет атаулары  өте көп екендігі белгілі. Дені орыс тілі арқылы еніп отыр. Бұл жалғау ежелгі Рим дипломатиясы тілінде қалыптасып, тарихи кең қолданысқа енген. Қазақ жазуын латын әрпіне көшіргенде –ия қосымшасымен келетін мемлекет атауларын жаппай өзгеріссіз ала бермей, ішінара түпнұсқа тілде ажзылуына да сүйенген жөн, мәселен Армения өзін өзі Айастан деп атаса, түрік тілінде Эрменистан екен. Сол сияқты Алжир – Әл-Жазира, Португалия-Португал, Португезе, Моңғолия –Моңғол Улс т.б. Бір ғана Ресей мен Мәскеуді сол Ресей Федерациясы құрамындағы халықтар өз тілдерінің  нормаларына икемдеп, әралуан  жазады екен: адыгей тілінде Арысей, Мескеу, кабардин-балқар, Урысей, Мәзкуу, бірқатар Кавказ халықтары –Урусат, Мәскәу,  саха тілінде - Арассыыйа, Москуба т.б. Сондықтан кейбір (барлығын емес)  шеттілдік географиялық атауларды өз тіліміздің нормасына икемдеп, жаңа әліпбиімізбен таңбалаудың ешбір сөкеттігі де ерсілігі де жоқ. Ал туыстас түркі елдерінің топонимдерін де мейлінше қазақыландыру қажет деп есептейміз, мәселен, Түркиядағы Эдирне, Измир, Кушадасы, Текирдаг, Ескишехир т.б. сынды атауларды Едірне, Ізмір, Құшадасы, Текіртағ, Ескішахар деп,  ал Әзірбайжандағы Ходжалы, Кубатлы, Огуз, Аджикабул атауларын Қожалы, Құбатлы, Оғыз, Әжібұлақ/Әщібұлақ деп жазуға болатындай. Шеттілдік географиялық атауларды жаңа әліпбиде жазудың бірнеше әдіс-тәсілдері (транскрипция, транслитерация, транспозиция немесе калькалау, жартылай калькалау т.б.) мен принциптері бар, жасалатын ережеде олардың ғылыми-теориялық негіздемесін әзірлеу қажет.   Транскрипция жасайтын маманның басты мақсаты ол атауларды өз тіліне аудару арқылы олардың мазмұнындағы мәдени ақпараттар мен деректерді мейлінше толық сақтай отырып, беру, мысалы, Отты Жер, Багам шығанағы, Ине мүйісі, Піл сүйегі жағалауы т.б.  А.М. Сухотин айтқандай, кей жағдайларда атаудың айтылуы емес, мазмұны ортақ, интернационалды болып келеді.  Қайырлы үміт мүйісі, Қызыл теңіз, Тынық мұхиты т.б.  Бірақ Қытай жеріндегі Хуанхе өзенінің атауы халықаралық транслитерацияда Сарысу, Сарыөзен деп аударылмай, түпнұсқа күйде қалдырылған. Бұл оның көптеген тілдегі осы мазмұндағы атаулар арасында мәдени танымалдығын, ұлттық сәйкесімділігін сақтау үшін алынған дәстүрлі атау. Байқағанымыздай, шеттілдік географиялық атауларды жаңа қазақ әліпбиінде өрнектеу аса күрделі де жауапты іс, Үкімет жоспары бойынша биылдан бастап қолға алу көзделген. Қ.Рысберген, ф.ғ.д.,  Терминологиялық жұмыс тобының мүшесі