ТАРИХИ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫМЫЗДЫ ҚАДІРЛЕЙ БІЛЕЙІК

220
0
Бөлісу:

ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІ АҚТОТЫ РАЙЫМҚҰЛОВАНЫҢ НАЗАРЫНА

Ұлттық тарихымыздың тамыры тым тереңде жатқаны белгілі. Сан ғасырлық мәдениетіміз бен өнерімізді, озық салт-дәстүріміз секілді көптеген құндылықтарымызды сақтап қалу бүгінгі біздерге сын, оны сол тұнық күйінде, қаз-қалпында келер ұрпаққа жеткізу қай жағынан алсақ та өте маңызды. Осы орайда елімізде қабылданған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының алар орны зор. Тарыдай шашылып, қиын-қыстау замандардың көлеңкесінде қалған баға жетпес рухани байлықтарымызды қайта қалпына келтірудегі игі шаралардың соңғы жылдар қолға алынып жатқаны қуантады.

       Тарих өздігінен туындамайды, оны біздің ата-бабаларымыз өзінің ерлікке толы өмірлік жолымен жазып кеткен, келер ұрпаққа қалдырған мұра, біздер үшін құнды қазына. Солардың бірі, қазақ елінің қалыптасуына, ұлтымыздың дамуына елеулі үлес қосқан, үлкен қолбасшы болған Ботбай батыр. Шежіре бойынша, Ұлы жүз құрамындағы Дулат тайпасынан тарайды. Ботбайдан төрт ұл туады. Бірінші ұлы Құдайқұлдан Әлімжан, Есбер, Бесторсық, Сиыршы туып, төрт ата ел болған және алты арыс Шағай аталығы (Есенбай, Ақша, Қожай, Асан, Жанқойлық, Тайлақ) мен он екі ата Қоралас (Есен, Ырыс, Мәметай, Бекшора, Қауғаяқ, Шауқар, Итім, Сарым, Мырза, Бура, Томай, Қосан), Бұйдас сияқты аталар да Ботбайға кіреді. Алты арыс Шағай әулетінен қол бастаған Өлмес, Сәмен батырлар шығып, кейіннен Сәмен батырдың аты Ботбай руының ұранына айналған. Ұраны — Ботбай, Сәмен. Таңбасы — дөңгелек.  Бұл туралы ресми уикипедияда осылай жазылған.

Ботбайдан тараған сан мыңдаған ұрпақтар үшін, жалпы Алаш азаматтарына да Шымкент қаласы Сайрам кенті Абай көшесіндегі № 58 ғимараттағы «Ботбай Ата» кесенесі қасиетті, киелі орын болып табылады. Оған қазіргі көптеген ұрпақтары барып зиярат етеді. Сондықтан бұл кесененің тарихи және тәрбиелік мәні мен маңызы бүгінгі және келешек ұрпақ үшін зор деп есептейміз. Осыны ескерген Ботбай ұрпақтары 2004-2005 жылдары бұрынғы қабырғасы сөгіліп, уақыт өте ескірген кесенені қайта қалпына келтіру мақсатында жөндеуді қолға алып, бірқатар жұмыстар атқарылған-ды. Оның ішіне намаз өтейтін, ас беретін қосымша құрылыстар да жүргізілген.  Бұл шын мәнінде игі іс болды. Алайда, қазіргі заң бойынша қандай құрылыс болса да оған алдымен белгілі бір құжаттарды рәсімдеу шарт. Айталық құрылыс салатын жерге рұқсат, ғимарат жобасын бекіту сияқты құжаттар қажет екені белгілі. Бірақ осы аталған істер атқарылмаған. Шежіреші, өлкетанушы Әшімқұл Ақпейілов бұл жауапты іс  «Ботбай Ата» қорының басшысы Әбдібеков Қасқырбек мырзаға тапсырылғанын айтады.                   Осы жерде мына бір мәселені де айта кеткен жөн. Тарихымызды түгендеген дұрыс, бірақ оны бұрмалауға ешкімінің қақысы жоқ. Кесенеде Ботбай ұрпақтарының шежіресіне арналған тақта қойылғанмен ондағы деректерде кейбір дәлсіздіктер кездеседі. Шежіреші Ә. Ақпейілов  «Ботбайдан – Құдайғұл, Жақып (Қоралас), Шағай, Мырза (Бидас) деп жазса, тас тақтада Жақып Шағайдан бұрын жазылып кеткен. Бұл батыр ағайындылардың қайсысының жасы үлкен екенін шатастырып, ұрпақтарының тарихты дұрыс түсінуіне кедергі келтіреді.  Біз мүмкіндігінше тарихи деректерді барынша қазқалпында сақтауға міндеттіміз. Сол сияқты шежіреші Ә. Ақпейіловтен алынған батырлар тізімінде Жауғаш батыр Текебай батырдан кейін он бесінші болып көрсетілген. Алайда тасқа жазылғанда 1734 жылы туылған Жауғаш батыр тізімде жоғары шығып кеткен. Бұның бәрін тарихи деректер бұрмаланбасын деген ниетпен айтып отырмыз.

Бүгінгі күн бәрінен бұрын  алғашқыда «ашық аспан астындағы мұражай» болады деп жоспарлап, кесене жөнделіп, қосымша құрылыстар салынған кешеннің құжаттарын ретке келтіру үлкен мәселе қалпында қалып отыр. Оған жауапты қор басшысы Қ. Әбдібеков мырза белсенділік көрсете қойған жоқ. «Қолыңнан келмесе өзге біреулерге тапсырайық» деген көпшіліктің ұсынысына да назар аудармады. «Қорды өлгенімше ешкім менен ала алмайды» деген сыңай танытуда. Бұл жерде қорды кім басқарғанында емес. Оны ресми түрде заңдастыру жылдар өтсе де бәрібір міндеттеледі. Ол кезде рәсімдеу қиындау болатыны анық. Сондықтан көпшіліктің атынан Ж. Абжатов, С. Молдахметов, Қ. Баймұратов, С. Омарбеков секілді азаматтар Шымкент қаласының прокуроры М. Қожабаевтың атына осыған байланысты арыз түсірген болатын. Онда заң бойынша рұқсатсыз салынғаны үшін айыппұл төлесек те құрылысты рәсімдеуге көмек сұраған-ды. Прокурордың пәрмені бойынша Шымкент қаласы құрылыс бақылау басқармасы жауап хат жолдады. (29-11-2019ж. Кіріс нөмірі – №16-06/ЖТ-А-18178).  Хатта «Ботбай Ата» қоғамдық қорына ҚР «Қазақстан республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы Заң талаптарын бұзғаны үшін ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 316 бабының 1-ші бөлігі, 321 бабы, 323 бабына сәйкс а.ж. 26 қарашада әкімшілік құқық бұзушылық хаттама толтырылып, негізінен қарау үшін Шымкент қаласы мамандандырылған әкімшілік сотына жолданды» делінген.

2019 жылы 11 желтоқсанда судья Н. Алиевтың төрағалымен өткен Шымкент қаласы мамандандырылған әкімшілік сот отырысы болып өтті. Онда алдымен істің қаралатын орны мен уақыты тиісті түрде хабарланған құқық бұзушы «Ботбай Ата» қоры өкілі сотқа белгісіз себептермен келмегені және одан істі кейінге қалдыру туралы ұсыныс келіп түспегендігі ескертіліп, жоғарыда көрсетілген құрылысқа байланысты заңбұзушылықтар толығымен анықталып дәлелденгені айтылды. Мұндай жағдайда сот істі Әкімшілік құқық бұзудың 744 – бабы, 2-ші бөлігіне сәйкес қор өкілінің қатысуынсыз қарауды мүмкін деп тапты. Сототырысының нәтижесінде « Ботбай Ата» қоғамдық қоры Әкімшілікқұқық бұзушылық туралы ҚР Кодексінің 463 бабының 1-ші бөлігімен жауапкершілікке тартылсын, осы баппен оған әкімшілік құқық бұзушылықтар жасау нысанын  және құралын тәркілеусіз 63 125 теңге әкімшілік айыппұл салынсын» – деп қаулы шығарды.

Сол сот қаулысы шыққаннан бері үш айдан аса уақыт өтті. Бірақ «Ботбай Ата» кесенесі құрылысына қатысты құжаттарды рәсімдеу осы күнге дейін орындалмай, созылып келеді. Оған жауапты қор басшысы Қ. Әбдібеков қандай іс-қимыл көрсететіні белгісіз.

Тарихымыз біздің өткен шағымыз болғанмен, содан тәлім алып болашаққа бағдар жасайтын бағалы дүниеміз, оны көзіміздің қарашығындай сақтау парызымыз. Біз батырдың бүгінгі мыңдаған ұрпақтары Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан «Ботбай Ата» кесенесі маңында туындаған мәселеге байланысты төмендегідей көмек сұраймыз:

  1. «Ботбай Ата» кесенесі құжаттарын заңды түрде рәсімдеуге ықпал ету.
  2. «Ботбай Ата» кесенесін еліміздегі тарихи  құндылықтар тізіміне тіркеп, мемлекеттік қолдау көрсету.

Еліміздің мәдениет саласын басқарып отырған азаматтар біздің бұл мәселемізді жете түсініп, ортақ игі істі атқаруға қол үшін береді деген сенімдеміз.

Ботбай баба ұрпақтары атынан:

Сағынбек ҚАЛЫБАЕВ,

Арсен ЕСТАЕВ.

Байланыс телефоны – 87071137427

qazaquni.kz

 

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Пікір немесе жауап жазу