Ақынмен қоштасу

 

«Бiр күлермiн ғарыш жаққа кетерде»

Жұматай Жақыпбаев

  Бiр күлдiң де кете бардың ғарышқа, Сан соқтырып сансыз жұртты сарсаң тiрлiк – жарыста. Көз жасымен қоштасу жыр жазады, Ақын iнiң Алматыдан алыста.   Маңғаз едiң кең маңдайы келiскен, Биiк тұрдың ит ырғылжың керiстен. Перiсi мен пендесi көп қоғамға Сыйыса алмай кеттiң бе әлде, перiштем...   Жыла, Ләйла! Сен өксiсең болғаны, – деушi едi ақын. Келдi мiне, ол дағы. Торқа етедi топырағын ақынның Тарамдалған тамшылардың салмағы.   Өкiнiшке ұя болған жанары, Жыла, Ләйла! Ақын кетiп барады.... Бiр сен емес, Жыр жұлдызы аққанда, Барлық сұлу жыласа да болады.   Аязы бар ақиқатқа жүгiнсем, Арамызда жоқсың ендi бүгiн сен. Алдамшы өмiр, күйкi тiрлiк күйбеңiн, Ащы суға қоса тартып жүрушi ең...   Кең дүние неге саған тарылды? Кеңсайға сен тартып кеттiң сыйғыза алмай барыңды. Тiрлiгiнде олар үйде күткендей, Күтесiң ғой ендi мұнда Айкүнiң мен жарыңды...   Сән үшiн сен сұрап едiң Самарқанның кездiгiн, (Жан үшiн ел тағып жүрер кез бүгiн...) Құнтсыздығым өзек өртеп, ездi мұң, Қайда салып жiберемiн ендi оны, Лезде кетiп қаларыңды сездi кiм?!   Өлең өксiп гауһар мiнез, гүл өңдi, Поэзия көгi кенет түнердi. Тоңмойындық тоңдыратын көңiлiмдi, Жылы тартып жұбатады кiм ендi?..   Арызымды айтатұғын ағасың, Көрмеушi едiк көңiлiңнiң аласын. Иттер жыртқан балағымды жасырдым, Сездiм дағы жүрегiңнiң жарасын.   Жымиысың жылы өңiңе жарасым, Жер қозғалса, сен қозғалмас дарасың. Еш нәрсеге асықпайтын, бауырым, Ендi қайда қанат қағып барасың?   Сен де барып жайғастың ба, жайсаңы көп қыратқа?.. Дұға оқимын өзiңе арнап жырақта. Өмiрiңде күнәң мүмкiн бар шығар, Өлеңiңе адал болдың бiрақ та.   Қоштасарда жаз деушi едiң өлеңдi, «Жақсы жырлар жазам, аға», – дегем-дi. Қолым неге қалмайды екен қарысып, Жаназа жыр жазудамын мен ендi...   Әр жүрекке тастайтұғын әр ұшқын Жыр арқылы жұртпен мәңгi табыстың. «Әкiмдiктен ақындық шен жоғары» Әлемiне кеттiң бе енiп ғарыштың?!   Жапырақтар жауғанымен сiрә да, Қалықтайды. Көгiн қимай тұр о да. Құстар үнi құлазытып көңiлiңдi Құспен бiрге қайтқаның ба, Жұмаға?..   Толып кеткен тобасызға не түрлi, Кезде мынау жөн көрдiң бе кетудi – Атақ пенен есеп қуған заманға Көрсеткен бiр қарсылығың секiлдi!..   Қазыбек ИСА 1990 жыл qazaquni.kz