Қызылағаш су тасқыны оқиғасына 10 жыл толуына орай еске алу шарасы өтті

Бүгін Қызылағаштағы су тасқыны оқиғасына 10 жыл толуына орай облыс əкімі Амандық Баталов Қызылағаш ауылына арнайы барды. Алдымен cу тасқыны құрбандарына арналған ескерткіш-монументке ауыл тұрғындарымен бірге гүл шоқтарын қойды. Сол бір қиын кезеңді еске түсіріп, көпшілікке лебізін білдірді.

- Бүгін, міне, Қызылағаш оқиғасына он жыл толды. "Өмір - өзен" деген, уақыт жылдам өтеді. Бірақ сол бір ауыр күндер əлі көз алдымда. Су ауылды түгелдей жайпап, қаншама адамның өмірін қиып кетті. Сол азаматтардың жаны жаннатта болсын деп тілейміз. Елбасы Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаев шұғыл тапсырма беріп, Қызылағашты қалпына келтіруге барлық күшті жұмылдырды. Осы арада штаб құрылып, тынымсыз жұмыс жасалды. Үйлерді жаңадан салып, жарық, су, байланыс желілері жаңадан тартылды, жол түгелдей қайта төселді. Сол шақта қалпына келтіру ісінің басы-қасында Болат Тәкенов, Серік Мұқанов, Наурыз Қылышбаев, Сергей Салагаев және басқа да азаматтар жүрді. Сол қатарда болған Әскербек Дүйсембаев, Маралбек Мейірбеков, Жанайдар Жылқайдаровтар бүгінде арамызда жоқ. Біз барлық қиындықты береке-бірлігіміздің арқасында еңсердік. Ауыл тұрғындары да төзімділік танытып, ынтымағын көрсетті. Бүкіл қазақстандықтар қолында барымен бөлісіп, қол ұшын берді. Біз бір де бір адамды көмексіз қалдырған жоқпыз. Қызыл су басқан Ақтоған мен Егінсу ауылдарын да қалпына келтірдік. Мектеп, балабақша, дәрігерлік амбулатория сияқты әлеуметтік нысандар да жаңадан салынды. Қазір Қызылағаш ауылы ең көрікті ауылдардың қатарында. Біз жақында Қызылағаш су қоймасының құрылысын аяқтадық. Соның нәтижесінде 7 мың гектардай суармалы жер айналымға қосылады. Ауылдың, елдің берекесі нығая берсін. Енді мұндай қиындықты ешкімнің басына бермесін. Балаларымыз алаңсыз өсіп-өніп, тәуелсіз мемлекетіміз өркендей берсін! Аспанымыз ашық, еліміз тыныш болсын! – деді А. Баталов.

Мұнан соң «Жансүгіров» қоғамдық қорының директоры, Ақсу аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сәбит Қорғанбаев пен Қызылағаш ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Әлғұмар Ыдырысұлы сөз алып, елге ынтымақ, жерге ырыс тіледі.

Еске алу рәсімі ауыл мешітіне барып, құран бағыштап, құрбан шалумен жалғасты.