ӨСКЕЛЕҢ ҰРПАҚТЫҢ ҚАЗАҚ ТІЛІН МЕҢГЕРУІ ТӘРБИЕГЕ БАЙЛАНЫСТЫ

Бейбітшілік пен келісім қоғам дамуының басты факторы және мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтары екені белгілі. Еліміздің көп ұлттылығын кемшілік емес, керісінше, мемлекеттің дамуына жұмыс істейтін артықшылық әрі стратегиялық ресурс ретінде қолдану – ілгерілеудің тиімді жолы.

Облыс әкімі Амандық Баталовтың төрағалығымен Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы ел бірлігі мен татулығын ны­­ғайту мақсатында табысты еңбек етіп келеді. Жетісу жерінде ұлтаралық және дінаралық келісімді, қоғамдық-сая­­­­си тұрақтылық пен Қазақстан халқының бірегейлігін сақтау үшін бірқатар нақты шаралар қабылданып, жүйелі жүргізілуде.

Қилы кезеңдерде тарихи үдерістер салдарынан қазақ жеріне саналуан ұлт өкілдерінің қоныстануы біздің тағдырымызды сол этностар­мен ортақтастырды. Соған сай ұлтаралық және дінаралық әралуандығымыз қалыптасты. Басып-жаншып, отарлау саясатынан туындаған сын-тегеуріндерді еңсере отырып, сан ұлт өкілдерінің панасына айналған мемлекет құраушы қазақ ұлтының мәмілегер мінезінің арқасында біз бүгінде біртұтас Қазақстан халқына айналып отырмыз. Тәуелсіздігімізді баянды ету жолында қоғамдық келісімді сақтай отырып, ілгерілеу, озық елдердің алдыңғы қатарына ену – басты мұратымыз.

Елдің игілігін арттырып, мәдени саналуандықты сақтай отырып, ерен еңбегімен мақтанышымызға айналған этнос өкілдерінің ел дамуына қосып жатқан үлесі аз емес. Атап айтқанда, Асылы Осман, Надежда Лушникова сынды мемлекеттік тіл жанашырлары - қазақ елінің мақтанышы. Ал жетістігімен елімізді әлемге танытқан спортшылардың еңбегі бір төбе.

Ата Заңымыз – ҚР Конституциясында барлық азаматтардың ұлтына, дініне, шығу тегіне қарамастан тең құқықты екендігі нақты жазылған. Сондай-ақ, ешкімнің өзге адамдардың мүддесіне нұқсан келтірмеуі және өз кезегінде қолданыстағы заң талаптарын бұлжытпай орындауы баршаға ортақ міндет саналады. Өскелең ұрпақтың әртүрлі өзге діни ағымдарға ілеспей, қоғамға жат әдеттен бойын алшақ ұстауы үшін бос уақытты тиімді ұйымдастырып, мемлекеттік тілді меңгеруі, оны құрметтеуге тәрбиелеу, жан-жағындағыларға құрметпен қарауы отбасынан басталатын тәрбие, әрбір ата-ананың парызы.

Жүзден астам этнос өкілі мекен еткен Жетісу жерінде бейбіт, тату өмір сүрудің мол тәжірибесі бар. Ел болып бірлесіп, өмірдің бар қызығын бірге көріп, бейбіт еңбек етсек қана ертеңгі күннің жарқын болары сөзсіз.

Ғабит ТҰРСЫНБАЙ,

Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі