Көпшілік ақынды туған күніне арналған жиында ғана еске алады – Нысанбай ҚУАНӘЛИҰЛЫ

364
0
Бөлісу:

«Мың өліп, мың тіріліп», сан асылынан айрылған қазақтың бойын-дағы қалған сирек құбылыстың бірі тойға деген құштарлығы. Дала қазағы да, қала қазағы да, дана қазақта, дара қазақта, шала қазақта, той десе елеңдеп тұрады.Тойға барсаң «Жанам деген жүрекке от беремін, Қуам деген жігітке ат беремін, Мен әйтеуір бар жиған тергенімді, Бір тамаша той қылып өткеремін» – деп Төлеген ақын алдыңнан шығады. Өзі емес өлеңі. (Мүмкін өзі, «Дауылдай өртке тиген өлеңімді, Қасымның өзі емес деп кім айтасың?!»).Төлеген өлеңін дәл өзі шығарғандай саңқылдап асаба шығады. Жетісайдан – Жетіғараға дейін, Алтайдан – Ақтауға дейінгі аралықтағы асабалар той өлеңін,Төлеген өлеңін өзінікі санайды, себебі ақын Төлеген бар қазақтың арман тілегін, қиял құсын дөп басқан. Ақын өлеңді кім үшін жазды, не үшін жазды ол өзіне һәм жаратқанға ғана мәлім құбылыс. Көпшілік қауым ақынды жылына бір рет туған күніне арналған жиында еске алады, сценарий бойынша әдебиет пәнінің мұғалімі дайындап келген оқушыларына жаттатқан өлеңін оқытады, отырғандар қол соғады, төрт бес ақын, не жазушы шығып сөйлейді, Соңы кейде сол жерде шәй ішуге ұласады. Сонымен ендігі жылға дейін тәмәм, дәс-дәс.(Жылына бір ретте еске алынбай жатқан ақындар қаншама ). Яғни көпшілік ұғымында ақын өзінің ұл қызына, төрт бес қаламгерге, соң әдебиет пәнінің мұғалімімен ақын өлеңін жаттаған үш төрт оқушыға ғана керек деген ұғым берік қалып-тасқан. Қазір кеңірдегіне дейін қалтафонға кіріп кеткен жастар кітап, газет оқымайды, кітапханаға барсаң санитарлық күнге жабылып, сөрелері самсап бос тұрған базар елестейді көз алдыңа, бізге миллиард долларлап кредит беріп, өздеріне кіріптар ғып қойған мемлекеттердің кітапханасының ең көрнекті жеріне «бүгінгі оқырман студент, ертеңгі әкім, министр» деп жазып қойған көрінеді, Ендігі әңгіме кәзіргідей тапсырыс, сценарий бойынша емес, ақын өлеңін өз жүрек қалауымен оқыған, тіпті жаттап алған өзге мамандық иелері, бұрынғы заман кейіпкерлері туралы болмақ, Бұл оқиға сәбеттер одағы құлап, тәуелсіздіктің бесінші әлде алтыншы жылдары болған. Қазақ тілді журналистер «сәбеттер одағы құлады» деп жаза алмайды, («сәбеттер одағы ыдырап, экономикалық байланыстар үзілуі үлкен қиыншылықтарға душар етіп», деп мәймөңкелеп бастайды, екі ғасыр бұрын қайын атасының атын атамай, сызылып шәй құятын қазақтың келіндері сияқты. Ертең сол жақтан біреу келіп «құлады деген қайсысың а нука его сюда!» дейтіндей бір қорқыныш бар. Орыстардың өзі «после развала союза» дейді, развал ыдырау емес құлау). Бұл кез кеше ғана гүрлеп тұрған қалқоздың дүниесі «көсем-дермен жесемдердің» түпсіз жалмауыз жемсауларын толтыруға кетіп жатқан кезі, қалқозшыларда істеген жұмысының маңдай тер табан ақысын ала алмай зар илеп, болмашы берілген жем, шөп, мөшек шекерге қанағат қылады. Тенге атымен жоқ, сұрасаң қашан көрсең ине жұтқан иттей ілмиіп жүріп, айына бір иномарка ауыстырып мініп қалқозды құрдымға жіберген бастық , жоқ жоқ деуден танбайды, біреуге бар дүние, біреуге тар дүние деген осы. Біз оқыған кітаптарда «капиталист» ерекше ақша жасау қабілетіне ие жандар болушы еді, ал біздің «капиталистер» ілмиген бастықтың одан да жоғарыдағылардың құдасының құдасы, құйрықтың сорпасы, шым-шытыр шидей қотырдың өзі, Бұлардың таланты сәбет өкіметінен қалған дүниені «бартер дейтін бегомоттың» өңешінен өткізіп жым-жылас қылу, кеше ғана пермеде мөңіреп тұрған мал, гараждағы техника бүгін жоқ, есесіне «жаңа капиталистер» «қырыққан серке пұттанып» аяқтарын талтаң-талтаң әрең басады, көрген түстей бір ғажап. Шалдар жағы мына сәбет өкіметі, құдайсыздардың, құдайдан безгендердің өкіметі еді ғой, «имансыздың малы ыштансызға бұйырады» деген осы деп жұбату айтады. Колхозшылардың алды ілмиген бастыққа шамасы келмейтінін білген соң бас ауған жаққа қаңғырып кете бастады. Бір жамандықтың бір жақсылығы бар деген, туғалы базар дегеннің, сауда дегеннің не екенін білмейтін Жуасбай калхозшы мына тұрған Бішкектен екі ала сөмкемен қытайдың резеңке тәпішкісін Атырауға апарып, бір сөмке ақша әкеліпті деген қатын хабар сарт ете түсті, Ал енді «калқозыңды желкемнің шұқыры көрсін» деп жұрт ала дорба арқалап ақшалы өлкеге ағыла бастады. (Біздің ет пен сүтке, көкөніске жарымай отырған трагедиямыз сол кезден, калқозшыларды қаңғыртудан басталған). Мұндай көп ақша-ның хабарын естіген біздің бәйбіше де үш жылдан бері тырп етпей үйде жатқан мені «отвечаюға» алынған екі ала сөмке қытай тәпіш-кімен жолға салды. Көптен жол жүрмей тағасыз аттай тасырқап қалғаным пойызға мінерде ақ білінді. Түн ортасында жолаушылары қалың ұйқыда, жарығы өлеусіреген вагонда билетімді жолсерікке тапсырып, әрнәсеге бір соқтығып жүріп, менің орнымда әкесінің үйінде жатқандай қорылдап жатқан қатынды әрең оятып, сөмкелер-імді жоғары полкаға қойып басым жастыққа тиіуі сол, тас боп қатып қаппын, ертеңіне түсауа бірақ ояндым. Қызықтың көкесі ертеңіне таңала кеугімде біреудің жұлқылап оятқанынан басталды. Көзімді әрең тырнап ашсам екі мілиса, (ол кезде полисай мілиса болатын)

ваши документы, ваши вещи дейт, ұйқылы ояу көзбен, жоғарыдағы сөмкелерімді көрсеттім, Снимите, вытащите всю деген соң, сөмкені төңкеріп тәпішкелерді тау ғып үйіп тастадым, екеуі бір біріне аңтарыла қарап біраз тұрды да жөндеріне кетті, Ат көпір боп үйілген қытай тәпішкенің ортасында түс көргендей көзімді ашып жұмып мен отырмын. Бұл оқиға күні бойы бес рет қайталанды, вагонға кез келген ыстансадан мінген мілисә біткен «ит қуған ешкі көзденіп» шауып келіп, маған «Бен Ладеннің бажасын» көргендей алакөзденіп, ала сөмкені аудар төңкерін шығармай көңілдері көншімейтін бәлеге ұшырады. Қарама қарсы орындағы мамандығы мұғалім келіншек, заманға байланысты мектеп деректрінің «долясын» беріп, жұмыста болған боп есептеліп, Бішкектен туар әкеліп жаяу сауда жасайды екен, әжік-күжік әңгімелесіп жақсы боп қап ек, мілисалардың маған деген «ыстық ықласын» көрген соң үрейленіп тілін тістеп, тас бүр-кеніп теріс қарап жатып қалды. Басқаларда «бәледен аулақ» дегендей, менен аулағырақ отыруға тырысуда. «Балықтың тілін бақа біледі деген», осының мәнісін сұрап білейінші деген ниетпен прабадниктерге (ол кезде прабадник сөзі тәржімаланбаған болатын), барсам, олардың отыратын жеріде, жататын жеріде ала сөмкемен қатын қалашқа аузы мұрнынан шығып тұр, тамбурда отырған жерінен таптым. Прабадниктер үшеу, жігіт ағасы боп қалған біреуі осқырынып жолатпады, жастау екеуінің біріне бас салып шаруамды айтуға жүрегім дауамай, інішек оқитын газет берсең дегеніме бір буда газет ұстата салды, Бір көзім соларда, жарым көңіл боп отырып газеттерді бір шолып шығып, қасқарая адам аяғы саябырсы-дыау деген кезде манағы прабадникке қайта бардым. Обалы не керек көке келіңіз – деп елпектеп қарсы алып, щитовойдағы қатындарды айдап шығып жанындағы серігіне шәй алдырдып төрге шығарды. Әңгімені көп созбай мілисалардың маған деген «ерекше қызығушылығының» мәнісін сұрадым, Ай көкем ай мұнша аңқау, мұнша ойсыз болармысыз, кәзіргі заманда есі дұрыс адам сіз мінген ыстансадан белетпен, тауармен мінбейді ғой, бұл екі станса анаша таситындардың ордасы ғой деген кезде басыма сап ете түсті, аа бұлар менен анаша іздейді екен ғой, «вот мәселе где лежит», алда саппастар ай күнін көре алмай тірсегі тірсегіне қағысып сүрмелектеп жүрген сабаздың ала сөмкесінде қайдағы анаша. Бір жағы таңырқап, бір жағы мілисалардың сонша топас милаулығына қайран қалдым. Анаша тасушылар оны ұстаушылардан он, бәлкім жүз есе айлалы, ақылды шығар, әйтепесе баяғыда құртып жібермейме.

Мынадай мілисаларды көрген соң ертеде өзім оқыған Лев Шейнинніңде, «Петровка 38» дегілердіңде қабілетіне шүбалана бастадым. Әрине анаша жабық тақырып, орыс тілді басылымдардың жазуынша сәбеттер одағында төрт тақырып, Сталин, Мафия, Жез-өкшелік, Нашақорлық туралы айтуға, жазуға қатаң тыйым салынған. Дейтұрғанмен осы Арктика мұзындай мызғымас тақырыпты тұңғыш рет бұзған адамзаттың Айтматовы, «Кремлдің шұғыласы бар әлемге тарайды» демекші, Шудың анашасы бар әлемге тарайтынын керемет суреттеді. Қазақ қаламгерлерінің бұл тақырыптардың қай қайсысы-нада қалам тербеуге батылдығы да, тәуекеліде, суреткерлігіде жетпеді. Себеп, өтірік жазсаң оқырман сенбейді, шындықты жазу қауіпті, басың кетеді. Әй жезөкшесіде, анашасыда құрсын, енді баратын жерге ың шыңсыз жетуге прабадникке жалынғаннан басқа амал жоқ. Ал бауырым мына тексерістен қалай құтыламыз, бір амалын тапсаңшы, – қазір бәрін ақша шешеді ғой, мың теңге берсеңіз сізге тірі пенде тиіспейді, – қалай сонда?, – билетіңізді басқа жерге жасырып қоямын, түсерде аласыз, бәленің бәрі белетте ғой бізден сіздің қай ыстансадан отырғандығыңызды біліп ап сізге шүйлігеді, – мың тенге қымбаттау, екі жүз боса болар, – жоқ көке қазір рынок, бәрінің таксасы бар ғой, жарайды «екі жүз теңгелік құтқару құралын» берейін деп үш метрден алты метр жіңішке троспен, тесік шәйнекті қолыма ұстатты. Рахмет бауырым, қалған газеттеріңді оқып болған соң қайтарамын, – керегі жоқ, өзіңізде қала берсін кәзір есі дұрыс адам газет оқымайды, қайта «кәзитің кәззап, жорналың жөлік» деп есіңді шығарады, сәл аялдаңыз мен сізге бір нәрсе көрсетейін деп жоғарыға қол созып бір газета алып парақтап соңғы бетіндегі мақаланы маған ұсынды,(шіркін екі жүз тенге екеумізді заматта туыс-қан ғып жіберді) тақырыбыда айқайлап тұр екен «Алғысқа бөленген азамат», суреттегі вагон жанында күлімсіреп осы прабадник тұр. Мұндағының бәрі өтірік, міне былай деп жазады, ол яғни мен, « бала күнінен ауыл ортасындағы темір жолдан зулап өтіп жатқан жолаушы-лар вагонының соңынан ұзақ ұзақ қарап тұратын, бала қиялы вагондарға ілесіп алысқа әкететін, есейген соң прабадник болуды осындай зулаған вагондармен алысқа сапар шегуді армандайтын» депті, өтірік, – біздің ауылда вагон түгіл темір жол болған емес, мен қойшының баласымын, темір жол, вагон, прабадник деген нәрселерді осыдан үш жыл бұрын осында жұмысқа тұрған ғана соң бір-ақ білдім, ондада кездейсоқ, нағашымның себебімен, нағашымныңда мені жарылқағысы келген ештеңесі жоқ, осы теміржолдың оқуын бітіріп прабадникке жұмысқа тұруға беретін парасы болмай, салпақтап ит өлген жердегі біздің ауылға келді ғой ақша сұрап.

Көктемгі қой қоздап жатқан кез, енесі алмай кеткен қозыларды қайта теліп, қара жаңбырдың астында үсті басым малмандай су , қан сорпа боп, тұсақ қойлармен алысып жатқанмын, қала көрген жырынды ғой, бірден неге келгенін айтпастан, жиен қашанғы жүресің осылай боққа батып, жүр мен сені прабадникке жұмысқа тұрғызайын деп келдім деді, – мені алама?- сауатымда жоқ қой деппін, сауатың жоқ болса да ақшаң бар ғой, қазір ақша болса шешілмейтін мәселе жоқ, ол жағын маған қоя бер деді прәмі. Мұнікіде дұрыс шығар, қашанғы жүрем қой соңында қой боп, қой баққаннан қиын болмас, барсам барайын деп шештім. Сол күні кеште нағашым әкем екеуі мектеп деректріне барып орта мектепті орташа бітірді деген әттістат әкелді бір қойға, мен бесінші кластан соң оқымай кеткенмін ғой. Мына әттістатты қолыма ұстап, аударып төңкеріп көрген соң жүрегім орнына түсейін деді. Сонымен төрт бие (екі бие нағашыма) он қойдың ақшасына қойын қонышымды толтырып Алматыңа да келдік қой ызғытып, медкәмесиа-дан да десаулығы ғарышкер болуға жарайды деген анықтама бір қойдың арқасында қолға тиді. Бақ қонайын десе қиын ба әуелі жаратушы Алла, қалды нағашымның арқасында екі айда зың прабадник боп шыға келдім. Осы үш жылда екі биемен он қойды он есе ғып орнына қойып, Алматыдан үш бөлмелі пәтер алдым. Енді бұйыртса ауылдан келініңізді әкеп, оныда прабадник қып жаныма алсам деп отырмын, кішкенемізді емшектен шығарған соң. Ол менен гөрі сауатты жеті класс бітірген, әрі біз үйленген кездері базарда шемішкі сатқан ыстажы бар. Мен мана сіздің менің напарнигіммен сөйлескіңіз келгенін оның қашқалақтағанын байқап тұрдым, бұл жерде ыстарши мен, себебі оны жұмысқа мен алдырғанмын, екі қазақ бірге жұмыс істесе бір біріне ыстарши болад дегенді білет шығарсыз, ал мына жанымда жүрген жігіт алып кел, шауып кел «боевик» , кей пойызда «торпеда» дейт, кейі «алабай» дейт,бұл қыста кәшегар, осы жолы груз алып қайтуым керек соның басы қасында жауапкер боп жүретін «іспесназ», шак правы шак левы растрел, ана жақта менің вагоныма «алабай» боп келгісі келетіндерде есеп жоқ, сол үшін бұл «ел жатсада енекем жатпайды» деп күні түні на шеку отырады, соған жараса ақысын алады. Айтпақшы мен үйленген кезде мені қойшы санап шікірейіп хабарласпайтын туған қайнағам кәзір менің грузшигім, мені асыға күтіп отыр, кезінде іністот бітіріп осы Алматыда үлкен зауыттың кішкене бастықтарының бірі болған, жоқарыдағылар алатынын алып зауытты сутегінге сатып жіберген, жаңа бастық бұрынғы шөпке тышарларды тышатын жеріне теуіп қуып шыққан соң қаңғырып маған келді.

Груз демекші әлгі тілшіге беретінін беріп, мақтатып гәзитке шығарған күні мені ресейдің бір ыстансасында за кантрабандный груз деп төрт тонна гемодезбен ұстап қолыма кісен сап қамап тастаған. Біздің бригадир кәрі көкжал ғой сразым үйге телграм сап, келіншегім осы пойызды доллар толы дорбамен күтіп ап, бригадир берген прабадникпен заңның жілігін шағып майын ішкен адвокат тауып, сәмолетпен ұшып кеп ең үлкен бастығына доллар толы дорбадан сұрағанын беріп бескүнде босатып алды. Олар қайта ауылға ұшып кетті де мен ыстанса басында әлгі құтқарушы прабадник екеуміз қап, келесі рейсте мені түсіріп апқалғандардың өздеріне сол гемадезді қайта тиетіп рақаттанғаным бар. Ооот көке солай, енді орныңызға барыңыз. Естігендеріме сенерімді де сенбе-сімдіде білмей ауырлау қозғалып орныма бардым, бірақ екі жүз теңгелік «құрылғы» көзімді шайдай ашып, «Бен Ладендіктен» құтқарды, тәпішке біткенді ала сөмкеден шығарып балық сияқты көзінен тросқа тізіп екі бөліп аржағын полканың тіреуіш теміріне, бержағына тесік шәйнекті шандып байлап тастадым. Келіп сөмке сұраған мілисаға, «вира» деп крановщикке басбармағын көрсеткен стропалщик сияқты бас бармағымды көрсетем, бір өлермен сержант тартып көріп басына тесік шәйнек тиген соң тыртым боп жөніне кетті . Басқалары мынадай «инновациялық жаңалыққа» басын шайқай шайқай кетеді. Сөйтіп Атырауыңа да кеп, азынап тұрған вокзалдың қонақүйінің төрт төсектік бөлмесінің біріне орналастым.Таңертең тұра сап екі сөмкені кезек арқалап соркөлдің жағасындағы жайма базарға жеттім ентелеп, байқайым алушыдан сатушы көп, алушылардың да рең басы ақшалы адамға ұқсамайды шаршаңқы, келген адамға жал-тақтаумен мойным ауырды. Іштей ойладым, «келдім, көрдім, жеңдім» демекші еңбастысы келдім көрдім, ал алушы мені қытай тәпішкі әкеледі деп бәтеңкесін шешіп күтіп отырмаса ол менің кінам емес, Ең бастысы бәйбішенің алдында өзімді ақтарлық дәлел мол, екі күн тұрсам жетеді, есің барда еліңді тап деген. Қазір білмеймін ол кезде Атырау сапарынан есте қалған екі нәрсе біріншісі жаңбыр жауса толарсақтан келетін қара батпағы, екіншісі үлкендігі сонадай сары маса, масаның көптігі сондай екі түн көз ілмедім және куртканың сыртынан шағатын масаны бірінші көруім. Қайтар пойызға өткендегі прабадниктің ақылымен билет алмадым.

Қояндар яғни билетсіздер үшін пойыздың басындағы мен аяғындағы вагондар арзан болады дегені есте, ең соңғы плацкарт вагонға келдім. Прабаднигі Балзактың жасындағы сыпылдаған ақ қатын құдасын көргендей шұрқырап бое-вигі сөмкелерімді көтерісіпекші боп еді вагонға кірмей тұрып әбден саудаласып, билет бағасынан екі мыңға кемітіп, кешегі аузым күйгені бар сөмкелерімді прабадниктің купесіне, өзім бірінші купеге жайғас-тым. Біраздан соң пойыз да қозғалды, вагон қаңырап бос келе жатыр. Осылай екі үш ыстансадан соң ғана вагон жолаушыларға лық толды, Мұнша адам қайдан келеді десем, вахтадан, соны да білмейсіңбе деп ежірейіп қарады біреуі, вагонды лезде темекінің, тердің ,кірдің,спирттің иісі алып кетті. Біздің купеге де алтау жетеуі жайғасты, дереу, бәледен аулақ деп екінші полкаға шығып алғанмын, іштерінде бір дәу,спортшыма дене бітімі ерекше, бәріне әмірін жүр-гізіп отырған сол. Бұрынғының батырларына ұқсайды,мүмкін Кәлен-нің, әлде Құныскерейдің ұрпағы болуы. Ол кез жол дастархансыз, дастархан арақсыз болмайтын кез, вахтовиктер газет дастарханның үстіне нан, килька, тұздалған қияр майда шүйделерін қойып қырлы ыстақанды бір реттен айналдырған соң ақша тігіп карта ойынға кірісті, Ұйықтап кеткен екенмін шыңғырған қатын дауысынан шошып оян-дым, пойыз зулап келеді, вагонның терезесі сынған, еденде бет аузы даладай қан біреу жатыр, ана жақтан біреу кеп бірдеме дей беріп еді, дәу оныда ноқталықтан бір қойып сұлатып салды, енді ана қатынға қосылып прабадник шыңғырды, ана жақтан екеуі төбелесу-ге, қалғаны тегін тамаша көруге, вагонның жартысы біздің купеге жиналды, Осы кезде төбеден түскендей бір капитан жетіп келді, жа-нында ұйқылы ояу , балық көз қатын бөксе сержанты бар. Капитан қаршығадай тесе қарап, «а нука прекратите!,марш поместам» деп тө-белесіп жатқандардың арасына кіріп, лезде ажыратты да «нача-льника поезда комне, пуст свяжется машинист с диспетчером на сле-дующии станции подготовить усиленного наряда»деп айқай салды, «усиленный наряд» деген сөз талайдың төбесінен жай түсіріп тәу-бесіне келтіріп, жұрт орындарына тарай бастады, капитан вагонды арғы бастан аралап тыныштандырып, соңында біздің купеге келді де дәуге документы ваши деп, куәлігін ап төс қалтасына сап алды, вещи ваши деп, кішілеу жол сөмкесін алдырып вытащите всю деді, сөмкеден газетке оралған екі үш кір көйлек, ішкиім, жеңіл мәшиненің фары және мұқабасы жұлым – жұлым әбден тозған кітап шықты. Капитан кітапты қолына алған кезде бәрімізде мойнымызды создық, Төлеген Айбергенов, Өлеңдер, «Мен саған ғашық едім», Капитан дәуге қарап,өлең оқиды екенсің ғой, екі шумақ өлең оқышы удостверениеңді қайтып берем деді, бірінші парақтағы ақын суретіне қарап тұрып. Осы кезде жүрттың бәрін таңырқатқан жағдай болды, дәу ешқандай дайындықсыз ештеңе болмағандай жұрттың басынан асыра қарап тұрып күмбірлеген даусымен:

«Оқушым, риза бол аз барыммен, Зергерде болғаным жоқ сөзге әлі мен,

Жеріген құландайын өз қағынан,

Бұлбұлдай безіп ұшқан өз бағынан,

Осымен үшінші рет жазғалы мен

Қоштастым сағындырған саздарыммен.

Осымен үшінші рет кез келемін,

Түседі таз соқпағым тезге менің,

Көптасқын құшағында ғайып болам,

Жарқылдап баурайындай жез кеменің».- деп өлеңін аяқтады ,

Капитан аз ғана қарап тұрып дәуге, түсінетін жігіт сияқтысың ғой ,ақы-мақ болма,проводникпен келіс, жолдарың болсын деп ештеңе болма-ғандай куәлігін қолына ұстаттыда бұрылып шығып кетті,аң таң боп біз қалдық, дәу иек қағып шабарманның бірі прабадниктің алақаны-на ақша қыстырып еді, дереу әйнек әкелінді, бірі әйнектердің сынығын жинап бірі еден тазалап, бас аяғы бес минутта жым жылас цирк аяқталғандай болды. Вахташылар манағыдан гөрі бәсең дау-ыспен картаны жалғастыруға кірісті. Таңертең оянсам жым жылас бәрі түсіп кетіпті. Мен Төлеген ақынның екі шумақ өлеңіне бола дәудің тентектігін кешірген капитанға риза болғаным сонша кешегі мілисаларға деген ренішімді де ұмытып кетіппін

***

Екінші оқиға да сол жылдары болған , күнтізбе көктемді көрсеткен-мен қыс тақтан түсседе аттан түспей, «әлі көресілеріңді көрсетермін» дегендей ызғарлап бірде қарлы, бірде жаңбырлы лайсаң мезгіл болатын. Тәуелсіздіктің алтыншы әлде жетінші жылында да шешен-дер мінберге мінбелеп қызыл сөзбен қысыр сөзді гулетіп тұрған кезі, айтатындары халық өкіметке алақан жаятын масылдық пиғылдан арылып өз тамағын өзі тауып , өз қотырын өзі қасып еңбек етуге үйренуі тиіс. Баяғыдан бері халықты жатқарып қойып солар бағып жатқандай еліреді келіп. Кейде дидар айнадағы шешеннің сықпы-тына қарап мынау өзінің не айтып тұрғанын өзі білеме екен деп еріксіз бас шайқайсың. «Білетіндер істейді, білмейтіндер үйретеді, тіпті ештеңе білмейтіндер басқарады» дегенді көп кейін оқығанымда әй бәсе баяғылар солар екен ғой дегенмін, Дегенмен шөлде туып шөлде өскен адамды сүйреп әкеп көлге лақтырып, ана жағаға өзің жүзіп шық деуде қисынсыздау-ау дейтін тірі пенде жоқ, Елдің қамын ойлап қабырғасы қайысқан боп жүріп,құлаған өкіметтің байлығының есебінен өздеріне резеңке қайық, «спасательный круг» қамдап алғандар миығынан мырс мырс күліп көлдің арғы жағасына жетіп те қалған, Осындай бір қарасаң тып-тыныш, бір қарасаң аласапыран күндердің бірінде аудан орталығындағы базарға барғанмын. Базар толы қатын қалаш. «Базарда ұят пен отандық тауардан басқаның бәрі бар» дейтін кез. «Базар адамдардың бірін бірі алдап арбап, талап тонауы үшін ойлап табылған орын» депті бір ғұлама екі мың жыл бұрын. «Әлі де қылтың сылтың жүр басылмай, базарда беті ашылған ұрғашыдай» депті ақын. Базардағы шағын бизнес өкіл-дерінің ішінде еркектер саусақпен санарлық. Сондықтанда оларға құрмет жүзесінен бизнесін есіміне қоса атайтын кез, Спирт Самат, темекі Талғат, насыбай Пірмат, шекер Полат дегендей. Осылардан біраз керек жарағымды алған соң ауылға қайтпақшы боп аялдамаға кеп шеткерілеу тұрдым. Таңертең Құдай оңдап бір автобуспен жетіп қалғанмын, енді болар болмасы екіталай,бірде болса бірде жоқ дейтін,ешкім ештеңеге жауап бермейтін заман. Бір кезде бір жигули кеп тоқтай қалды, қарасам жездем тапырақтап барып артқы орын-дығына отыра сала асссалауды үсті үстіне жаудырып, базарлап кеп ем енді ауылға деп, іспрапкіні беріп жатырмын. Көлікке мінгеніме қуанып дұрыстап қарамаппын, жездемнің жанында бір күн астындағы күнікей сұлу отыр, байқамағаныма қысылып сәләматсыз деп үсті үст-іне бас изедім. Жездем жұмбақ адам, бірақ өз ісінің маманы менің онша ұнатпайтыным көбінесе үстем тап өкілдерінің және мынадай күн астындағы күнікей сұлулардың жанында жүреді. Ерекше қасие-тінің бірі ішсе қызбайды, қызса бұзбайды, екі шыныны тоңқайтып сарқып ішіп мәшинесіне отырып алпыспен айдап кете береді.Қанша ішседе мәшинені өте сақ әрі сауатты жүргізеді. Өзгелер МАИ дан аулақ жүруге тырысса бұл сигнал беріп өтеді. Маскүнемдермен ғашықтарды қорғайтын пе ұзыны мен көлденеңі бірдей. Жүз жыл бұрын дүниеге келгенде нағыз басмашылардың бастығы құрбашы болатын сабаз. Жазушылар әйел затын жігіттердің ұзын бойлы сымбатты, жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай, «мечта военкома» түріне қызығатын ғып суреттейді. Сол әйел жанын жете білмегендіктен, зертелмегендіктен долбарлап ойдан шығарылған нәрсе ау деймін, Мына бойы мен ені бірдей жездем бір көргенде кез келген күнікей сұлуыңды қалпақтай ұшырып колдовайт етіп тастайды.Қазірде жан-ындағы күнікей сұлуға өздері ғана түсінетін тілде бірнәрсе айтып келе жатыр, маған түсініксіз , сұлуға түсінікті сық-сылқ күледі. Күлсе жауаптың қонғаны деген. Осылай ауылға үйдің жанына кеп қалғаны-мызды жездем мәшинесін тоқтатқанда бірақ байқадым. Мен түсуге ыңғайланғанымда жездем тоқтай тұр деп белгі берді. Бүгін қандай күн деді арақтан қызарып кеткен көзін кеңірек ашып. Сонда ғана есіме түсіп бүгін бар әлемдегі әйел қыздардың сіз жақсы көретін, сізді жақсы көретін күнікей сұлулардың мерекесі сегізінші наурыз дедім, тегін мәшинеге сөз төлем төлеу керек қой. Жоқ қандай күн бүгін деп қайталады, да:

«Мен марттағы найзағай күркірімін,

Құрманғазы күйінің бір тілімін.

Менің жаным саясын паналаған,

Дүниедегі бар қыздың кірпігінің.

Құшағыңды жаясың ба,

Кес-кестеп тоқтасам мен.

Кірпігіңнің саясында,

Бір қанып ұйқтасам мен.

Кімнің өлеңі деді осылай, мен үнсізбін, бұл Төлеген Айбергеновтың өлеңі. Бүгін Төлеген Айбергеновтың туған күні, мен соны тойлап жүрмін түсіндің бе деп тесіле қарады,сөйттіде мәшиненің есігін ақырын жауып зулап өте шықты. Кейін жылдар бойы осы сәтті сан рет көңіл бейне касетасында қайталап көрдім, сондағы өзімді ақтарлық дәле-лім ол кезде сәбеттік санадан арылмағандықтан, мынадай аузы арақтан кеппейтін қатынпаз, үстем тап өкілідерімен ауыз жаласқан «нетрудовой доход» иесі таңғы шықтай мөлдіреген Төлеген ақын

жырларын оқуы дұрыс емес деп ойлаған екенмін. Көп жылдардан кейін « көп нәрсені кештеу ұқты гүл дарын» демекші ойланып көр-сем Төлеген жырларына менен гөрі жездем жақынырақ екен. Мен бала жастан өлең оқитынмын, және оны біреуге мақтану үшін,әлде білгіш боп көріну үшін емес өзім үшін, көбіне қиналған сәттерде.Сол бір аласапыран заманда ақша табу жолындағы арпалыста әбден шаршап тарыққан, зарыққан, жабыққан, қамыққан сәттерде, өлең оқып әбжыланмен шайқасып қанжоса боп әлсіреген денесіне адырас-панға аунап шипа тапқан ешкіемердей қуаттанып қасап өмірге қайта араласатынмын. Жұрттың қырылып соның жолында,бірін бірі атып, бірін бірі сатып жүрген ақша атақ, байлық биліктенде басқа өлең дейтін ғажап әлем барын, жай тасындай қырланған мәңгілік шумақтардың жанында көп нәрсенің түкке тұрғысыз екенін сезуде үлкен ғанибет екен. Жездем соны бізден көөпбұрын сезген екен. Жездемнің үстем тап өкілдеріне жақын жүретін, өзіне «нетрудовой доход» әкелетін «разводящилік» қасиетіне бола көп адам іздейді. Мысалы арақтың соңы қашанда бірдеңеге соқтырады.Жездемді іздеп келген сабаздың бірі «кеше балалар жиналып көңіл көтерейін деп азырақ қана ішкен екен кейні «ты меня уважаешқа ?!» ұласып, біздің бала қолын сілтеп жіберген екен, ана баланың босап жүрген бір екі тісі түсіп қапты, содан мілиса апарып қамап тастапты, соны ана «кіміңе» айтып шығарып берсеңші «мынау соның несі» ана баламен тістерін салдырып беретін боп келістік дейді ғой баяғы.

Екінші біреу біздің бала достарының кеу кеуіне еріп, жүрген қызын кейін дегеніне қарамастан күштеңкіреп алып қашып келген екен, сол қыз орамал салдырмай табалдырықта жатқан «шлагбаум кемпірді» аттап кетіп қапты, соны «кіміңе» айтып тындырсай дейді бұлда. Және бір жүргізуші «жеңіл қызумен» МАИ ға ұсталып қап збандай-дығой жәке «хатқа түспей тұрып нетсеңізші» деп.

Мұндай істерді сотқа жеткізбей тындыруды қолға енді алып, оны медиатор деп атайтын бопты. Қарап отсаң жездем рожденный медиатор екен. Сот, прокуратура,РОВД, кеден,салық комитеті өкіл-дерімен тіл табысып,оларды қызықтырарын тақырып тауып сөз қозғап, ортақ тіл табысып беретініңді беріп ең бастысы сенен үміт-теніп күтіп отырған жанның үмітін ақтау өте үлкен талантпен қабілет-тілікті талап ететін нәрсе екен, соны кеш түсініппіз. Дегенмен осын дай сан сапалақ шаруа арасында жүрегінде өлеңге орын қап жүрген жездем нағыз азамат .Жездем жетпістен өтіп бара жатыр екен, жақында жаңа иномарка алды деп естідім. Жетпіс деген не тәйірі сексенге кеп те «серке салым» сап жүрген көкелеріміз жетерлік. Қазірде жездем жанына күн астындағы күнікей сұлуды отырғызып ап «менің жаным саясын паналаған, дүниедегі бар қыздың кірпігінің деп» ызғытып жүрген шығар. «Бұқаның өзі қартай-сада мұрны қартаймайды» деген. Дейтұрғанмен ақынның туған күнін сценарии бойынша тойлайтындардан дәу вахтовикпен, жездем жүз есе артық деп ойлаймын.

Нысанбай ҚУАНӘЛИҰЛЫ,

Қазақ үні

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Пікір немесе жауап жазу