Халқының қамын жеген Қойбек би

Қазақ би-шешендер шоғырының ішінде дау-дамайларды, тартыс-таластарды әділ шешіп, елге танымал болған билер аз емес. Дегенмен би-шешендер мұрасы жөнінде, олардың қызметін баяндайтын көпшілікке арналған еңбектер тапшы. Әдеби мұрамыздың бір саласы – билер сөзі болып табылады. Билердің мұралары мен олардың қызметі жөнінде зерттеу жұмыстары да бізде салбырсып қалды. Билер – дүние жүзі халықтарында кездеспейтін қазақ қоғамына ғана тән айрықша құбылыс. Қазақ қоғамының бүртұтастығын қалыптастыруда, құқықтық жүйесінің орнығып дамуында, әдеп-ғұрыптарының құқықтық сипатқа ие болуында билердің қызметі ерекше.

Жазушы-баспагер Мұхтар Қазыбектің “Қойбек би” атты эссе кітабын (Алматы: “Мирас” баспасы, 2019, – 280 б.) оқып шыққан кезде билер қызметінің ауқымдылығына көз жеткізесіз.

Есімі өз заманында елге танымал болған, атақты тұлғалардың бірі – Қойбек би Мыңбасыұлы (1830-1910) туралы бұл еңбек мол материалдар, деректер, мәліметтер негізінде әдеби-тарихи өлкетанушылық сипатта бейнелі тілмен тартымды жазылған дүние болып шығыпты.

Қойбек би билік етуімен қатар, елді ұйымдастырушы, отырықшы тіршілікке жұмылдырушы, жаңашыл, заман ағымын бағдарлай білетін аса зерек, сұңғыла, шешен кісі ретінде танылған.

Кітапта есімі елге белгілі атақты би, шешен, Оңтүстік өңірінде таулы жерде канал қаздырып, тусырап жатқан жерді суландырып, егін еккізіп, елді отырықшылдыққа үйреткен қайраткер Қойбек бидің өмірі мен қоғамдық қызметі жан-жақты кеңінен баяндалыпты.

Жалпы Оңтүстік өңірінің тарихы осы күнге дейін жете зерттелінбей келе жатқаны көпшілікке, әсіресе тарихшы мамандарға жақсы мәлім. Әйтпесе бүкіл қазақ халқы бастан кешкен көне тарихтан бергі кезеңдер шежіресі, тіпті кешегі, отаршылдық, кеңестік кезеңдегі ашаршылық, саяси репрессия, ұлт-азаттық қозғалыстары шарпымаған елді мекен жоқ та шығар. Ел болған соң, туған жерін, ата мекенін қорғайтын ерлердің, халқының мүддесін ойлаған ойлы, оқыған, біртуар азаматтары болғаны да ақиқат. «Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, Ел тегі алсын қайдан кемеңгерді», – деп дауылпаз ақынымыз Ілияс Жансүгіров айтқандай, өкінішке орай, Оңтүстік өңірінің қилы тарихы мен көркем шежіресін де кең тыныспен баяндайтындай тұшымды еңбек аз, тапшы.

Әсіресе, әр өлкеде өмір сүрген тарихи тұлғалардың тағдыры мен халыққа еткен қызметі ауыл арасында, ел ішіндегі аңыз-әңгімеде айтылып қана қалмағаны абзал. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана рухани кеңістігімізде елеусіз, ескерусіз қалған елі үшін ерен еңбек еткен ер,

қалтқысыз қызмет жасаған азаматтарымыздың, ата-бабаларымыздың, батырларымыздың, би-шешендеріміздің, тарихи тұлғаларымыздың аттары атала бастады. Бұрын естімеген батыр-бағландарымыздың, би-шешендеріміздің, дана қайраткерлеріміздің қатары көбейе түсті. Бұл бір қуанарлық, әрбір азамат өз тарихы, ұлты үшін қуана да мақтана да аларлық жағдай. Мұқағали ақынның: «Әйелдерді көп дейді, мейлі ... бола берсін көп мейлі», – дегеніндей , біздің әр ауылдан шыққан батырларымыз, қоғамға, ел санасына қозғау салар қайраткерлеріміздің қатары көбейсе, жақсылықтың нышаны емес пе?

Олай болса олқылықтарымыздың орнын толтырып, Оңтүстік өңірінің тарихын түгендеуге айтарлықтай үлес қосарлық Мұхтар Қазыбектің «Қойбек би» атты эссе кітабы шын мәніндегі құнды еңбек болып табылады. Мұрағаттық материалдар мен бұрындары белгісіз болып келген құнды тарихи құжаттарға негізделген кітапта Оңтүстік өңіріндегі «Тұлпарлар туған жер, сұңқарлар қонған жер» атанған Түлкібас ауданының Дәубаба жерінің түп тарихы мен атауы, ондағы тарихи адамдардың халыққа жасаған еңбектері ғылыми зерттеулердегі деректермен дәйектелген. ХІХ ғасырдың соңында-ақ әлемге танымал Ресей ғалымы, академик В.Бартольдтың, ұлтымыздың ұлы перзенті, академик Ә.Марғұланның «Ежелгі жыр-аңыздар» атты еңбектерінде, профессор Ә.Байбатшаның зерттеулерінде Қойбек би туып өскен Дәубаба жерінің тарихи шежіресі арқау етіліп, ислам дініне дейінгі түркілердің киелі жері болғандығы, Дәубаба (Дәуби) туралы қызғылықты мәліметтер танымдық аңыз-әңгімелер тілге тиек етілген.

М.Қазыбектің еңбегін де осы Түлкібас өңірінің тарихына қатысты құнды тарихи нақты ғылыми деректер берілген. Дәубаба тауына белгілі геолог И.В.Мушкетов 1886-шы жылдардағы Санкт-Петербургте жарық көрген «Туркестан» атты зерттеуінде алғаш рет ғылыми сипаттама жасайды, тау жүйесіне, жыныс құрылымына тоқталады. Қойбек би шаңырағында болады, тау-тасты бұзып жүргізілген канал құрылысын көреді.

Бұл кітаптың бүгінгі ұрпақ үшін қажеттілігі кешегі ата-бабаларымыздың ел үшін еткен еңбектері тек аңыз-әңгімелерде айтылып қана қалмай тарихи негізі барлығын айтып, сипаттап баяндауында. Ата-бабаларымыз көшіп-қонып қана тіршілік етпей, өте күрделі ирригациялық жүйелерін де қолдана білгенін дәйектілікпен жеткізіле білуінде. Халыққа ең қажетті нәрсе – азық-түлік, ал оны өндіру, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету қоғамның басты да өзекті мәселесі, бұл ашаршылықтың алдын алу, халықты кіріптарлыққа түсірмеу болып табылады, бүгінгі тілмен айтқанда стратегиялық мәселенің өзі емес пе? Канал құрылысын жүргізудегі Қойбек би Мыңбасыұлының тауқыметті еңбегі ерлікке пара-пар еді. Мол сулы Дәубаба өзенін терең шатқалдан биікте жатқан жазиралы жотаға бірте-бірте көтерілген канал арнасымен шығару кісі таңқаларлық тапқыр шешім болатын.

Қойбек бидің қайраткерлік қыры өзі жүз ойланып, мың толғанған жобаны кісі таңырқарлықтай деңгейде іске асыра білген жаңашылдығында

жатыр. Автор аталмыш эсседе Қойбек бидің шығармашылық тұлғасын ашуға барынша күш салған.

Аталмыш кітапта жазушы Қойбек биге қатысты көптеген тың деректерді аймақ тарихымен байланыстыра желі еткен бұл тәсіл кітап мазмұнын аша түседі де, тарихи оқиғалар тамырынан тағлым аларлық мол мәліметке кенелтеді. 1847-1848 жылдары Қойбек би Дәубаба өзенін бұғаулап, ұзындығы 30 шақырымға созылып жатқан канал құрылысын қаздырып бітірген екен. Түлкібас өңіріндегі таулы жерден осы арық-каналды қазудың өзі салыстыра қарасақ сонау көне дәуірлердегі Гизадағы әлемге әйгілі Хеопс, Хефрен, микрен пирамидалары мен Үндістандағы Будда, Брахма мінажат орындарын, атақты Қытай қорғандарын салғанда тауды тесіп, тасты қашаған қиямет қайым жұмыстарды еске түсіреді. Ағыны адамды ағызып алып кететін Дәубаба өзені. Қолдарында ең қарапайым әрі қара байыр құрал-саймандар, күрек, кетпен, қайла, керкі, балта, зембіл, арбаның күшімен құлама құзды шатқалдың ішінде ағып жатқан суды биікке, жотаға шығару адам қиялы жетпейтін үлкен жетістік еді. Қойбек бидің ерлігі, ұлт мүддесі үшін жасаған табанды еңбегі қандай қошеметке де лайық. Өз заманында осы каналдың суымен 2500 гектар жер суландырылып, тусыраған даланы егістікке айналдырып жіберуі ерекше құбылыс. Және 200-ден астам отбасы канал құрылысына атсалысқан, оларды еңбек құралдары мен күнделікті ішіп-жейтін тамақтарымен, киім-кешектерімен қамтамасыз етуді ұйымдастыруды би бабамыз өз міндетіне алған екен. Бұл талапшыл, табанды, іскер жанның аса зор ұйымдастырушылық қабілеті мен қайраткерлігін, жоғары жауапкершілік қасиетін танытады. Қойбек би ғана емес, елді басқарып, ұйымдастырушы да, мұндай қасиет билерде ұштаса бермейді.Мыңбасыұлының ерекшелігі де осында.

Мал тұяғынан басқа ештеңе тимеген жерге су шығарып, егін салдырып, халықты диқаншылық кәсіпке бұруды басты мақсат тұтқан Қойбек би ата-бабалар тәжірибесін пайдалана отырып, ел арманына қол жеткізді. «Қойбек би арығы» атанған канал елге мінсіз қызмет атқарды, дала төсінде елді мекендер пайда болды. Осы канал құрылысына биыл 173 жыл болыпты. Бір ғасырдан астам уақыт бойы елдің қамбасын астыққа толтырып, тоқшылыққа тірек болған каналды қаздырып, қарапайым халықтың игілігі үшін өнегелі еңбек еткен есіл ер, атақты би, өз заманының көзі ашық, көкірегі ояу азаматы Қойбек бидің ұрпақтары Кеңес үкіметі тұсында шолақ белсенділердің саяси қуғын-сүргініне ұшырады. Алайда, атақты би әрі шешен Қойбек бидің ел үшін еткен ерекше ерлігі мен еңбегі ешқашан ұрпақ есінен ұмытылмақ емес.

Кезінде Майлыкент өңірінде ірі дау-дамайды шешіп, ауыл балаларының сауатын аштыртып, мешіт салдырған, екі рет Меккеге барып, қажы атанған Қойбек бидің өнегелі өмірі мен халыққа жасаған қалтқысыз еңбегі өз кезінде де бүгінде де еленіп, ірі ғалымдар мен зерттеушілердің зерттеу нысаны болды. Мұхтар Қазыбектің эссе кітабындағы мұрағаттық материалдар мен архивтік тарихи құжаттар Қойбек бидің қайраткерлік, би-шешендік қызметін ғылыми дәйектемелермен дәлелдейді. Қазақ халқының сан ғасырлар бойы бай тәжірибеден өткен құқықтық құндылықтарына да

өзіндік үлес қосқан Қойбек бидің меншік, міндеткерлік, отбасы-некелік, мұрагерлік құқық мәселелеріне қатысты дауларды шешудегі шеберлігі, әділдігі, билік етуі, т.б жөніндегі қызметі де қамтылған. Кітапта «Жер шоқтығы, киелі мекен Дәубаба», «Қоралас арығы қалай қазылды?», «Қойбек би туралы тың дерек», «Қойбек бидің билік сөздері», «Қойбек би айтқан нақыл сөздер», «Қойбек би және Шоқан», «Қойбек би және Абай: сабақтастық арналары» мен «Қойбек би және оның заманы» атты тараулардағы би бабамыздың билік жүргізудегі, елді ұйымдастырудағы болмыс-бітімі, қайраткерлік қасиеттері оқырманды баурап алады.

Кітаптағы «Шежіре шертер сыр» деген бөлімінде, ата тек шежіресі, би ұрпақтарының тағдыры сөз болады.

Ал, «Дәубаба өңірінде болған қайраткерлер, ғалымдар, саяхатшылар» деп аталатын төртінші тарауда генерал-губернаторлар К.П.Кауфман, Н.И.Гродеков, ғалымдар И.В.Мушкетов, Н.А.Серверцов, В.И.Бартольдке байланысты жеке-жеке тоқталған материалдарда автор олардың Дәубаба өңіріне жасаған сапарына, қызметіне, зерттеулеріне Қойбек биге қатысты тоқталған. Би өміріне байланысты тарихи деректері сабақтастырыла сараланады. «Қойбек би туралы ой толғамдар» тарауында би туралы зерттеушілердің ойтолғамдары берілген.

Қойбек бидің өмірі мен қоғамдық қызметі, билік етуі кітапта тереңнен талданып, жан-жақты баяндалған. Қойбек бидің халқына еткен қалтқысыз қызметі әділ бағаланып, өзі ұйымдастырып қаздырған канал, көзі тірісінде-ақ «Қойбек би арығы» атапты. 2020 жылы Қойбек бидің туғанына 190 жыл толады, осыған орай биді есте қалдыру үшін лайықты іс-шаралар ұйымдастырылып өткізілсе нұр үстіне нұр болмақ.

Төл тарихымыздың тамырларына тереңінен бойлап бұрын бұрмаланып кеткен елді мекен атауларын қалпына келтіру бағытында мол істер атқарылып жатқаны мәлім. Бұл өзекті мәселеге кітапта арнайы тоқталған. Мәселен, Қойбек би есімі де, өзінің сүйегі жатқан елді мекенге қайтарылмай келеді. Түлкібас ауданындағы Высокое, Ванновка, Новониколаевка, Корниловка, Вознесеновка, Антоновка, Ильинка, сияқты елді мекеннің аттары өзгертілді. Алайда Сеславино атауы күні бүгінге дейін өзгеріссіз қалып қойғаны, “Кончасть” атауының да байырғы аты қалпына келтірілмей келе жатқаны қынжылтады. Сеславиноның байырғы аты – Дәубаба, “Кончастың” байырғы Қойбек би деп аталған тарихи атауын қалпына келтіру қажеттігіне кітап екпін береді. Жергілікті тұрғындар кілең қазақ бола тұра осындай сорақы атты иемденіп отыру халқымызға үлкен мін емес пе? Тәуелсіздік тұсында туылып тәрбиеленген, таза ана тілінде сөйлейтін ұлтжанды ұрпағымыздың алдында арымызға, намысымызға сын емес пе, бұл жәйт? Олай болса, халқымыздың «жер тағдыры – ел тағдыры» деген даналығын ұмытпалық, ағайын.

Г.Ж.Пірәлі,

М. О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты

«Әуезов үйі» ҒМО-ның бас ғылыми қызметкері, ф.ғ.д.

Қазақ үні