Қарашаш Тоқсанбай: Қазақша білмейтіндерді мемлекеттік мекемелер маңына жолатпау керек

"ҚАЗПОШТА" АҚ БАСШЫЛЫҒЫ НАЗАРЫНА!

Бүгін, 11 наурызда, тап осы қазір елордадағы Петров көшесі бойындағы "Алтай" супермаркетінде орналасқан Қазпоштаның бөлімшесінен ауыл жаққа екі жәшік кітап салдым. Пошташы – қазақтың қара торы қызы екен. Мен ғой белгілі, қазақша сөйлеймін, қағазды да қазақша толтырып бердім. Ал пошташы қызым тек орысша сайрап, қазақ бола тұра өзінің ана тілінде сөйлегісі келмейтін сыңай танытты, яки менсінбеді. Сол аралықта бас сұққан 4-5 қазақ әйел де солай, бөтен тілде шүлдірледі. Негізі бар бәле өзімізден екенін түсіндім. Әй, намыссыз сорлылар -ай өңшең! Орыс тілінде сөйлесек, сауатты болып кеттік деп ойлай ма екен әлде тамыры солып, кеуіп қалған кәуек бастар! Жоқ, болмаса қазақ тілінен әбден безген, түп-тұқылына дейін мәңгүрттенген бейбақтар ма ! Мұндайларға айт не, айтпа не, бәрібір, текке нервіңді ауыртасың, жүйкеңді тоздырасың. Көппен қайтіп күресесің. Мұндай антұрғандар өте көп қой өйткені. Астанаға тек сондай сорақылар ғана жиналған ба немене пәле өзі дейсің, барлық жерде көретінің осы сорақы жағдай болған соң. Айтпағым, мен қазақша сұрап тұрғанда әлгі пошташы қыздың бір ауыз қазақша тіл қатпағаны. Ол орысшасынан таймай, мен қазақшамнан бас тартпай, іштей қасарысып, іштей бір -бірімізге жынымыз ойнап, іштей күресіп, біраз жерге бардық. Зат салатын коробкіні өзіме қарай ысырып, әр түрлі әнтек мінезін де байқатып қалды. Әкіреңдеп, дөрекі сөйлейтін, шалкес мінез неме екен. Немереңдей баламен салғыласып тұрасың ба ? Қайтем мұрынбоқ қызға сөзімді қор етіп, қой деп өзімді -өзім әзер ұстағаным -ай! Сөйтіп тұрғанның өзінде агрессивнаясыз деген сөз естідім. Мұндай әдеп этикасынан жұрдай, қазақша сұрап тұрған адамға орысша жауап қататын шөпжелкелерді негізі көпшілікпен жұмыс істейтін мемлекеттік мекемелердің маңына жолатпау керек қой. Қарапайым пошта мәдениетін меңгермеген адам бұл қызметке қайдан кіріп кеткен... Кәсіби әдептен жұрдай кішкентай қыздың үлкен мінін көріп, көңіл құлазыды! Қазақша білетін, қазақша сөйлейтін қыз болса, үлкен адам деп сыйлап тұрар ма деп ойладым. Орысша сөйлейтін жастардың көбінің дөрекі, ә, десең мә, деп тұратыны несі екен осы... Қарашаш Тоқсанбай, Фейсбук парақшасынан