Алматы облысында дағдарысқа қарсы жедел штабтың отырысы өтті

Бүгін облыс әкімі Амандық Баталовтың төрағалығымен аймақта құрылған дағдарысқа қарсы ведомствоаралық жедел штабтың бірінші отырысы өтті. Жиында ел Үкіметінің Дағдарысқа қарсы іс-шаралар жоспарын өңірде жүзеге асырудың негізгі бағыттары айқындалды.

Бұл туралы "Қазақ үні" ақпарат агенттігі Алматы облысыны әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Амандық Баталов жиында дағдарысқа қарсы шаралар қабылдау мен оларды жүзеге асыруды Елбасы мен Президент өз бақылауларына алғанын атап өтті. Үкіметте арнайы штаб құрылып, оның іс-шаралар жоспары әзірленгенін айтты. Соған орай орай облыста да осындай штаб жұмыс істейтін болады. Және Амандық Баталовтың тапсырмасымен алдағы екі күнде оның іс-жоспары айқындалмақ.

Штаб жұмысын облыс әкімі Амандық Баталов басқарады. Жұмыс тобының құрамына облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық басқарма, департамент басшылары, аудан, қала әкімдері, «Жетісу» ӘКК басшылығы және т.б. енгізілді.

Облыс әкімі өз сөзінде осы бағыттағы басты шаралар ретінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеу үшін Тұрақтандыру қорының жұмысын жандандыру, тауарлар, қызметтер, тарифтер мен коммуналдық қызметтер бағасын бақылау, еңбек нарығында тұрақтылықты сақтау және жағдайды мониторингілеп отыру, «Еңбек» бағдарламасы бойынша ауыл тұрғындарына несие беруді жалғастыру, еңбек қатынастарын қорғау мақсатында орта және ірі кәсіпорындармен меморандумдарға отыру, жалақы қарыздарын болдырмау керектігін қатаң ескертті. Сол сияқты көктемгі дала жұмыстарын уақытылы бастауды, азық-түлік қауіпсіздігін, нарықты ауыл шаруашылығы өнімдерінің қажетті көлемімен қамтамасыз етуді де басты назарда ұстауы керектігін тапсырды. Өз кезегінде «Даму» қорымен бірлесіп шағын және орта бизнес субъектілеріне несие беруді қосымша қаржыландыру жайын да қарастырған жөн. Облыстағы ірі кәсіпорындар өз жағдайларының дамуына қатысты болжамды нұсқалар жасауы тиіс. Қазақстандық мазмұнды ұлғайтуға ерекше көңіл бөлінуі керек.

Сонымен қатар А.Баталов имидждік шараларды өткізуге бағытталған шығындарды және бюджеттің басымдық берілмейтін шығындарын қысқарту, көлік, жиһаз сатып алуды тоқтату қажеттігін де айтты. Облыс аумағында короновирус инфекциясының туындауы мен таралуына жол бермеуді басты мінтет ретінде атап өтті.

- Мемлекет басшысы ең алдымен халықтың алдындағы әлеуметтік міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етуді қатаң тапсырды. Оған бізде қаржы толық көлемде қарастырылған. Қажет болса, маңызды емес шығындарды қысқарту есебінен бұл қаржы көлемін арттыра аламыз. Биылғы жылы 46 мыңнан астам жұмыс орнын құруды жоспарлап отырмыз. Оған қоса біз еңбек нарығының қажеттілігін зерттеп біліп отыруымыз керек, және соған қарай кадрларды қайта оқытып, жұмысқа орналастыруға тиіспіз. Облыста жүзеге асырылып жатқан ірі-ірі жобалар бар, соларға қажетті мамандықтарды айқындап, азаматтарды тұрақты жұмыс орындарымен қамтуды белсенді атқаруымыз керек. Дүрлігудің қажеті жоқ, бұрын қалай жұмыс істесек, дәл солай жұмыс жасаймыз, тек қоғамдық-саяси тұрақтылықты бақылау, бағаны мониторингілеу сияқты маңызды жұмыстардың қарқынын күшейтуіміз керек. Бұл облысқа ғана емес, барлық аудан, қалаларға да қатысты, - деді А. Баталов.