"Жеңіске ұмтылу керек": Әкім футболшыларға міндет қойды

Қалыптасқан дәстүр бойынша Алматы облысының әкімі Амандық Баталов премьер-лига ойындары қарсаңында «Жетісу» кәсіби футбол клубының командасымен, жаттықтырушылар құрамымен кездесті. Атап өтсек, «Жетісу» биылғы маусымда өзінің алғашқы ойынын Ақтау қаласында 8 наурызда «Каспий» командасымен өткізбек. Бұл премьер-лига командалары арасындағы ҚР Чемпионатының І турындағы ойын.

Бұл туралы "Қазақ үні" ақпарат агенттігі Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

- Біз жыл сайын маусым басталар алдында сіздермен кездесіп, жаңа маусымның міндеттерін белгілеп, оларды табысты жүзеге асыру мен туындаған мәселелерді шешу жоспарларын бірге талқылаймыз. Өткен маусымда команда премьер-лиганы 5-ші орынмен аяқтады. Бұл жақсы көрсеткіш. Енді одан әрі алға жылжып, 3-ші орынға көтерілуге тырысуымыз керек. Ол үшін бізде барлық мүмкіндіктер бар. Табысты ойынның іргетасы ең алдымен мықты жаттықтырушылық құрам, ұйымшыл команда және мықты материалдық-техникалық базадан құралады. Ең бастысы – ерінбей еңбектеніп, ойынға бар күш-жігерді жұмсап, жеңіске ұмтылу керек. Біз өз тарапымыздан қашанда қолдау жасаймыз, - деді А. Баталов команда ойыншылары мен жаттықтырушыларына.

Команданың бас жаттықтырушысы Дмитрий Огай атқарылып жатқан жұмыстары туралы баяндап, қосымша алаңдағы жасанды жабынды ауыстыру керектігін де атап өтті. Облыс әкімі өз орынбасары Серік Тұрдалиевке айтылған мәселені тиімді шешуді тапсырды.

Өз кезегінде команда капитаны Алмат Бекбаев көрсетілген барлық қолдау шаралары үшін облыс басшылығына рахмет айтып, команданың барлық жиыны жақсы өткенін, бұл ойыншылардың жаңа маусымға тыңғылықты дайындалуына мүмкіндік бергенін айтты. Қалыптасқан дәстүр бойынша команда атынан А. Бекбаев облыс әкіміне «7» нөмірлі футболка мен футбол добын тапсырды.

Кездесу соңында Амандық Баталов:

- «Жетісу» КФК – өзінің тарихы бар қалыптасқан команда. Біз туындаған проблемалардың бәрін шештік. Қазіргі кезде бұл команданың құрамында болу – спорт жолындағы салмақты баспалдақ. Облыста спортқа көп көңіл бөлінеді. Мемлекеттік қолдаудың арқасында өткен жылы өңір спортшылары 2 мыңнан астам медальдарға ие болды, соның 906-сы – алтын медаль. Сонымен қатар жазғы Олимпиада ойындарына біздің қоржынымызда 6 лицензия бар. Біз спорттық инфрақұрылымды дамытуды бұдан былай да жалғастыра береміз. Жуырда олимпиадалық жүзу бассейнін салып бітіреміз. Онда біздің футболшыларымыз да жаттыға алады, - деді ол.

«Жетісу» КФК директоры Серік Мұқанов алға қойылған міндеттерді орындауға бар күш-жігерлерін жұмсап, үміт пен сенім үдесінен шығуға тырысамыз деді.

Облыс әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев пен облыстық спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев та футбол ойыншыларына жеңісті жол тіледі.

Еске салсақ, волейболдан «Жетісу» әйелдер клубы да өзінің спорттық маусымын бастайды. Қазақстан Республикасы 28-ші Чемпионатының Ұлттық лигасының 4-ші шағын туры ойындары басталады. 6-8 наурыз аралығында «Жетісу» командасының негізгі құрамы «Алтай - 2», «Алтай», «Алматы» командаларымен ойнайды. Ойындар Талдықорған қаласындағы «Жастар» Спорт сарайында өтеді.