Абдолла Дастанов: МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ "ТЕРРОРЛЫҚ" ҚҰРСАУҒА ТҮСТІ МЕ?

Наурыздың 4-күні, сағат таңғы 9.30-да селекторлық жиынға шақырылып, Сәтбаев қалалық әкімдігінің шағын залына жиналдық. Тақырып діни экстремизм, террорлық әрекеттерге қарсы күрес туралы екен. Басталды... Облыс әкімдігінің залында отырғандар да, барлық, аудан, қалалардан қатысып отырғандар да түгелдей - қазақ. Бірақ, бұл жолғы жиында әдеттегідей "саламатсыздар ма?" дегенді де ести алмадым. Бірден орысша басталды да , солай жалғасты. Жиынды кім өткізіп отырғанын да біле алмадық. Өйткені, аты - жөнін айта қоймады -ау сол кісі. Айтса да, анықтап айтылмады ма, өз басым естігенім жоқ. Әйтпесе, "пәленше түгеншеұлы" деп жазып қояр едік есім сойын. Содан соң есім сойын тағы да анықтап біле алмай қалған бір журналист бауырымыз дайындаған "террорлық әркеттердің" тарихынан слайдтар көрсетіп, оншақты минут уақытымызды алды. Оның тілі де - бірыңғай орысша, ырымға қазақша сөз жоқ. Сонымен, "открытый часть " дегені бітіп, "закрытый частьқа" біздердің қатыспайтынымыз айтылды. "Открытыйда" ашылмаған қазақ тілінің бағы "закрытыйда" ашыла қоймаған шығар?

Қасым - Жомарт Кемелұлы қазір қазақ тілі -ұлтаралық қатынас тіліне айналсын деген талап қоюда. Ал, нақты күнделікті өмірде мемлекеттік мәртебесі бар тілді ең алдымен мемлекеттік шенеуніктер өздері керек етпей жатыр. Сонда олар ел Президентін тыңдамай ма? Елдің Заңына бағынғысы келмей ме?Ең қызығы, осындай шенеуніктерге басшылары "сенің мұның қалай?" демей ме? Сөйтіп, террорлық әркеттерге қарсы жиынға барып, мемлекеттік тілге деген қарсылықты көріп,"ТЕРРОРЛЫҚ ӘРЕКЕТТЕРГЕ ҚАРСЫ КҮРЕСКЕ АРНАЛҒАН ЖИЫНДА МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ "ТЕРРОРЛЫҚ" ҚҰРСАУҒА ТҮСТІ МЕ?" деп отырысымыз мынау.

Абдолла Дастанов, Фейсбук парақшасынан