Жұмыс барысы көңілімізден шығып отыр - ЕҚЫҰ кеңсесінің басшысы бейбіт жиындар туралы заң жобасы жайл

«БҰҰ -Әйелдер» құрылымының жобалық менеджері Гүлнар Смайылова халық ішінде бейбіт жиын өткізу мәдениетін көтеру бойынша жұмыс жүргізу керектігін атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Мемлекет үшін осынау маңызды заңды әзірлегендеріңіз үшін рахмет. Осы заңды қабылдаумен бірге халықтың таным-түсінігін арттыру бойынша, яғни бейбіт түрде жиналудың мәдени амал-әдістерін де үйрету керек деген пікірдемін. Бәлкім қоғамдық кеңестерде, мәслихаттардың алаңында адамдардың қалай бейбіт жиналатынын, қалайша сыпайы амал-әдістер арқылы ой білдіруге болатыны жайлы тыңдау өткізген жөн болар», – деді Гүлнар Смайылова бейбіт жиындар туралы заң жобасының талқылауында. Ол сонымен қатар жалпы жағдайды митингке ұластырудың қажеті жоқтығын айтады. «Бейбіт жиындарға жеткізбей-ақ қоғамдық кеңестер мен мәслихаттарға барып, яғни митингке жиналмай-ақ ел пікірін тыңдай алатындай жұмыс жүргізген абзал. Қоғамдық қауіпсіздік пен халық үніне құлақ асатын мемлекет деп айтып жүргеніміздей, жиындарға жеткізбей-ақ халықты тыңдай білуге болады», - деді Гүлнар Смайылова. Өз кезегінде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы бағдарламалары кеңсесінің басшысы Дьердь Сабо заң жобасына оң бағасын берді. «Заң жобасы дәл осылай әзірленуі керек. Жұмыс барысы біздің көңілімізден шығып отыр. Әртүрлі орында, әртүрлі деңгейде пікірталастар болып жатыр. Осының бәрі жаңа әрі бағыты дұрыс заңның дүниеге келуіне мұрындық болар деген сенімдемін», - деді Дьердь Сабо елордада заң жобасы талқыланған жиыннан кейін тілшілердің сұрағына жауап бере отырып. Спикер Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы бұл үрдіске үлес қосуға дайын екенін білдірді. «Дәл осы сұрақтармен айналысатын институттарымыз, ЕҚЫҰ-ның жеке бөлімшелері бар. Ұйымға мүше мемлекеттердің өтініші бойынша сарапшылық пікір білдіріп отырады. Біздің ұйым бұл заң жобасына талдау жүргізуге дайын», - деді Дьердь Сабо. Айта кетсек, елордада бүгін ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың төрағалығымен бейбіт жиындар туралы заң жобасын жетілдіру мәселесі талқыланды. Іс-шараға ҚР Сыртқы істер вице-министрі Ержан Ашықбаев, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы бағдарламалары кеңсесінің басшысы Дьердь Сабо, USAID-тің Нұр-Сұлтандағы Кеңсесінің директоры Райан Уэдл, Қазақстан Республикасындағы БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы Комиссар басқармасының өкілі Лейла Дүйсекова, сондай-ақ Германия, Ұлыбритания, Нидерланды, АҚШ-тың Қазақстандағы елшіліктерінің өкілдері қатысты.