Нұр-Сұлтанда коронавирустан қайтыс болғандар туралы хабарлама тарады

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қазақстанда коронавирустан екі адамның қайтыс болғаны туралы хабарламаға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"Коронавирус туралы күнделікті айтып жатқанымызға қарамастан, бүгін WhatsApp-та осы вирустан Нұр-Сұлтанда екі адамның қайтыс болғаны туралы хабарламалар тарап жатыр. Кеше Қытай азаматтарының Алматыда емделіп жатқаны туралы хабар тарады. Біздің мақсатымыз - қазақстандықтарды вирустан қорғап қана қоймай, оларға расталған мәліметтерді жеткізу", - деді Біртанов.

Министр бұл хабарламалардың шындыққа жанаспайтынын айта отырып, Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметтеріне ғана сенуге кеңес берді.

Еске салайық, мұның алдында Біртанов Қазақстанда 992 адамның карантинге жатқызылғанын айтқан болатын. "Қазақстанда 992 адам оқшауланып, карантинге жатқызылды. 8 мыңға жуық адам Денсаулық сақтау министрлігінің бақылауында. Олардың ішінде Қазақстан азаматтары мен шетелдік азаматтар бар. Вирустың белгілері байқалған жағдайда олар бірден ауруханаға жатқызылады", - деген еді министр Нұр-Сұлтанда өткен брифингте.