Елизавета Седышева: Қаным орыс болса да, жүрегім қазақ деп соғады

Менің аты-жөнім – Елизавета Седышева, Еліміздің Тұңғыш Президенті Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің алғаш еңбек жолын бастаған - Теміртау қаласында дүниеге келдім. Қазіргі таңда Қарағанды экономика, бизнес және құқық колледжінде оқимын. Өзім жайлы айтатын болсам - қаным орыс болса да, жүрегім қазақ деп соғады.

 6 жасымнан жетім қалып, Теміртау балалар ауылында тәлім-тәрбие алдым. Өзінің туған қызындай тәрбиелеген Алтынкүл Балтабайқызындай анама айтар алғысым шексіз. Жаны жаздай, мейірім шуағы күндей болған Алтынкүл анам қазақ халқының салт-дәстүрінен мол мағлұмат беріп, өнері мен мәдениетінің қайнар бұлағынан сусындатып өсірді. Сондықтан да болар, бұл күнде қазақ тілін еркін меңгерумнің арқасында қонақжай қазақ елінің арғы-бергі тарихын тереңнен танысам, білсем деп өз бетіммен ізденіп, оқып жүрмін.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін», - деп атап өткен болатын. Бүгінгі таңда қазақ тілін жан-жақты меңгеруге, өз бетіммен талпынып үйренсем, білсем деген адамға барлық мүмкіндік туғызылып отыр. Тек қана әрбір азамат, әрбір этнос өкілі ынта жігер танытып, ықылас қойса болғаны деп есептеймін. «Талпынған жетер мұратқа» - дегендей, мемлекеттік тіл – этносаралық татулық пен ел бірлігін ту еткен қазақ елінде тұратын 18 миллион халықтың күнделікті қарым-қатынас тіліне айналуына барлығымыз бір кісідей атсалысуымыз керек. Сонда ғана Ел Президенті айтқан кезеңнің уақытын жақындата түсіреміз анық.

Ұлы қазақ халқының ғасырлар бойы жинақтаған асыл мұралары мен бізге қалдырған қымбат қазыналары аз емес. Қазақтың сөзін білген әрбір адам – халқының өзін тереңнен түсінуіне мүмкіндік алады. Алғашқы ұстазым – Бақыт Қуанышқызының арқасында мен қазақ тілінің қасиетін сезіндім. Екі тілді жетік меңгергенімнің арқасында бірнеше рет республикалық, облыстық байқаулардың жеңімпазы атандым. Қарағанды Достық үйіндегі «Мәміле» сұхбат клубының тұрақты қатысушысымын.

Жуырда Қарағанды қаласында өткен «Түркі әлемі, Күлтегін жыры - Ұлы дала Дастаны» байқауында, Несіпбек Айтұлының  «Күлтегінің көк тасы» атты поэзиясын оқып, 1 орын иегері атандым.

Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының  ұйымдастыруымен Республикалық туристік-өлкетану "Елтану" экспедициясының мүшесі ретінде өзге ұлт өкілдерімен бірге, жалынды жастармен сапарлас, пікірлес болып қатысқанымда нағыз РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ жолын көрдім. Алған әсерді айтып тауысу мүмкін емес. Жер үстінде де жұмақ бар дегендей. Сарыарқамның  даласы тарихи қазынаға толы екен, Бұқар Жырау, Шорманның Мұсасы, Мәшһүр Жүсіп, Сұлтанмұрат Торайғыров, Әлкей Марғұлан, Потанин, Мұхтар Әуезов туған, Енлік-Кебек хикаясы өткен Жер, Абай әулеті, тағы да басқа ұлы тұлғалардың табаны тиген жердің тағылымын алдым. Жадымды мол ақпаратқа толтырып, рухымды асқақтатып, танымымды кеңейіп қайттым.

Ойымды мына бір  аталған жыр жолдарымен тәмамдайын.

Ұлы таулар, тебірен, жата бермей шалқалап,

Ұлы дала рухына басын иді шартарап.

Тәңірінің біздерге көктен түскен сыйындай,

Көктас көшіп келеді тарихымды арқалап.

Аруағыңнан айналдым, бабаларым, хас батыр,

Көз жасындай мөлдіреп қасиетің таста тұр.

Күн астында күңіреніп құлпытасың қалмаса,

Мың жылдардың үңірейіп арғы жағы бос жатыр.

Исі түркі жұртының тұмарындай, Көктасым,

Бұзып жеттің бүгінге ғасырлардың қақпасын.

Түмен-түмен қол ертіп, тік көтеріп даланы,

Түзегендей Күлтегін Астанама ат басын!

Екеніміз шын болса Ер түріктің ұрпағы,

Бізге қымбат Көктастың ұшып түскен ұнтағы.

Құдіретін әз тұтып Күлтегіндей киенің,

Ұл жасасын ұлтының бола білген ұлтаны!

Халқын ойлап түнеткен қабағына боз қырау,

Күлтегінді көргенде күндік жерден безді жау.

Өсиетін бабаның тастан тани алмасақ,

Жарқыраған не керек, маңдайдағы көз мынау?!

Қуанышқа кенеліп қазағымның құшағы,

Көңіл құсы шарықтап сан қиырға ұшады.

Елтаңба мен Көк байрақ, Әнұранда ғана емес,

Күлтегіннің тасында Елдігімнің нышаны!

Еріксізден еңкейтіп енді ешкімге, Жасаған,

Иілмесін басымыз, тар бұғаудан босаған!

Босағамда бүгілер тәкаппардың тізесі,

       Төрде тұрса текті сөз бабам тасқа қашаған!..

 Елизавета Седышева,

Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы

«Жаңғыру жолы» штабының мүшесі

Қазақ үні