АҒАМЕН ҮНСІЗ ҚОШТАСЫП…

1285
0
Бөлісу:

Сол бір қиын-қыстау жылдары дүйім жұрт Кентау қаласындағы баспаналарын ілінген бағаға сатып, жаппай көше бастаған соң, біз де екі бөлмелі жылы пәтерімізді 15 мың теңгеге пұлдап, Түркістанға қоныс аударған жылы маңдайымызға кіп-кішкентай екі бөлмелі жазғы үй Баласағұн көшесінің бойынан бұйырған еді. Не жарығы, не суы жоқ, есік-терезесі үңірейген лашықта келіншегіміз екеуміз төрт баламызбен тұрып, жазғы құрылысқа кірісіп кеттік. Әне жерде бір үй, мына жерде бір үй, шаңдатқан аулада, шіліңгір шілдеде үй соғу қиынға соққаны рас…
Бірде кешқұрым лай теуіп, кесек құйып жатқанбыз. Ауламызға «ассалаумағалейкум!» деп әндете сәлемдесіп, ашаң жүзді ширақ адам кіріп келді. Көршіміз екен. Көрші болғанда да қандай! Бекзаттың әкесі Сейілхан көке!
– Сіз осы көшеде тұратын ба едіңіз? – деппіз сасқанымыздан.
Дереу есік алдындағы кесектен қатарластыра қалап алған тапчанымызға дастарханымызды жайып жіберіп, құтты қонағымызды сыйымен қарсы алуға кірісіп кеттік.
Ол кезде Бекзаттың дүниеден қайтқанына бір жарым жылдай болған.
– Бекзатпен дәмдес бола алмасақ та, өзіңізді көріп бір марқайып қалдық-ау, аға! – деп, мәз-мейрам болып жатырмыз.
– Төрт-бес күннен бері байқап жүрмін, жаңа келген көршіге ұқсайсыңдар. Үй салу оңай емес, көмекке келдік, – деп іргеге сүйеп қойған кетпен-күрегін иектеді.
Мана байқамаған екенбіз, сәл әрірек арба, шелек, шылапшын сияқты бірнеше құрылыс құралдары жатыр екен. Қаладан келген бізде құрылысты қарқынды үдетіп жіберуге қайбір дайындық бола қойсын, қуанып қалдық.
Сәлден соң бауырсақ-шелпегін арқалай Сырлыкүл жеңгеміз де келді. Лезде сұрқай лашығымыз ду-думанға бөленіп сала берді. Ананы-мынаны айтып, түннің бір уағына дейін отырыппыз. Әрине, Бекзаттың бала қылығы, мақсатына жетпей тыным таппайтын ерік-жігері, адами қасиеті… ештеңе де естен шыққан жоқ.
Міне, содан бастап Сейілхан аға мен Сырлыкүл жеңгемен күнбе-күн кездесіп тұратын тату көршіге айналып сала бердік. Кейін қимас көршіміз «ағайын арасына барайық» деп, қазіргі тұрып жатқан үйлеріне көшіп кетті…
Бұл үйге Алматыдан Қалдыбек досым (Құрманәлі) ай аралатпай жиі келгіштейтін. Әр сапарында міндетті түрде мені ертіп алатын. Бір таң қалғаным, мына үйі де тұп-тура біздің Баласағұн көшесіндегі Бекзат тұрған ескі үйінен бір аусайшы! Кезінде ол үйді Бекзат алып беріп еді, бұл үйін де Бекзаттың көзіндей болсыншы деп әдейі солай, сол сәулетпен салды ма екен деп ойлайтынмын кейде…
Сейілхан көкем дүниеден қайтты дегенде, шынымды айтайын, жүрегімді әлдебір суық кездік осып өткендей қатты қайғырдым. Қашанда құшақ жая ұмтылар аяулы ағам байсалды, сабырлы, салқынқанды қалпында көз алдыма келе қалды. Маңайындағылар атақ пен даңқтың соңына шам алып түскенде, бұл кісі ешкімнен сауға сұрамай қоңыр тіршілігін кешіп жатты. Және Бекзат батыры үшін әлдекімдерге бәлсініп, арзан мәртебеге ұмсына бермеді. Бекзаттың бойындағы сүтпен біткен дегдарлық, міне, осы әкесінен – менің Сейілхан көкемнен дарыған-ау деп ойладым…
…Жексенбі күні марқұмның жеті күндік асы. Көңіл айта келген елдің «Бекзатымыздың әкесі еді» деп күңіренетіні анық…
Кім біледі, ана фәниде әкелі-балалы сағыныса табысып жатқан да болар… Жаны жаннатта болғай!
P.S.: Сол жолы Сейілхан көкем ала келген күрек әлі де үйде, сақтаулы. Бекзат ұстаған құрал ғой деп тәбәрік еткенім рас. Енді Сейілхан көкемнің де көзіндей қымбат бір дүние болатыны анық…

Бекжігіт Сердалы,

Фейсбук парақшасынан

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Пікір немесе жауап жазу