Әлем күйресе күйресін, бірақ, әділет салтанат құратын болсын!

1406

И.Әбішев пен С.Түкеевке әділетсіз үкім шығарған сот енді Ө.Ақжігітті, С.Әбілдаханқызын, А.Құспанды жазаламақшы…

Сонымен, Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең әділетсіз, ең сорақы сот үдерісі де аяқталды – сот Ислам Әбішевті 5 жылға, Серік Түкеевті 4 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды, сонымен қатар «адвокат Абзал Құспан, журналистер Өмірзақ Ақжігіт пен Сәуле Әбілдаханқызы  тарапынан процеске қатысушылардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін көрінеу жалған ақпаратты таратып, сотты құрметтемей, орын алған жала жабу фактісін тексеріп, шара қолдануы Нұр-Сұлтан қаласы прокуроры назарына алынсын» деп жеке қаулы қабылдады. («Сотқа жала жапты» дейді, ә? Қызық екен… Жарайды, өзі білсін не десе де, бұл соттың осындай қисынға келмейтін сөздеріне үйреніп қалдық қой).

Соттың әділетсіздігі неде? Жаза­ның қылмысқа сай еместігінде, яғни, қылмыстық іс болмаса да жазаның бар болғанында. Бірін­шіден, сот тергеуінде «пара алу­шының» ғана емес, «пара беру­ші­нің» де жоқ екені дәлелденді. Ал, пара беруші жоқ болса – қыл­мыстық іс те жоқ! Бұл – істің ішкі, құқықтық жағынан.

Екіншіден, Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (бұдан әрмен қарай Агенттік – автор) тергеушілері «И.Әбішев пара алуға оқталды» деп үкі таққан қылмыстық істі Сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай түзілімінде (СДТБТ) тіркемей кетіпті. Яғни, істің сыртқы (формально), ресми жағынан да қылмыстық іс жоқ. Ал, Қылмыстық-процесстік кодекстің талабы бойынша, қылмыстық іс ресми тіркелмесе – күдіктілер шынымен кінәлі болып тұрса да – іс қысқартылуы тиіс. Ондай жағдайлар бұрын біздің елде де кездескен. Адвокаттар ол прецеденттерді алға тартты. Бірақ, одан нәтиже шықпады. Адвокат М.Есқараевтың судья Қ.Мекемтасқа: «Біз істің тіркелмегенін дәлелдеп берген соң, сіз сотты әрмен қарай жүргізе алмайсыз, өйткені ол – заңсыз!» деп шырылдағаны да шыбын шаққандай әсер етпеді…

Сорақылығы – Ислам Әбішев­тің қазынаның қаржысын жеген жемқорлығы үшін емес, ке­рісінше, сол қаржыны үнем­дегені үшін сотталуы! Сенсеңіз де – осы, сенбесеңіз де – осы. Әрине, біз бұны тек жорамал, болжам түрінде айтып отырмыз. Бірақ, өздеріңіз ойлап көріңіздер, Елбасы Н.Назарбаев: «Мемлекет қаржысын қолды етпеу тек маған керек пе?» дейді. Әбішев 1 трлн.300 млрд.теңге үнемдейді. Сондай ердің есімін елге үлгі етудің, Еңбек Ері атағын беріп марапаттаудың орнына соттауға сонша ұмтылуымыз қалай? А.Шәймерденов деген, бұрын Қаржы полициясында аса маңызды істер бөлімінің жедел өкілі болып істеген, кейін одан теріс мінездемемен жұмыстан қуылған, мемлекетке аса ірі көлемде зиян келтіруші ретінде үстінен 2018 жылы іс қозғаған, яғни, Агенттіктің «қармағына» ілініп тұрған, И.Әбішев бас­қаратын Су ресустары коми­тетімен 2018 жылы мердігер компания ретінде 6,7 млрд.теңгеге келісім-шартқа тұрған, бірақ, міндетін орындамағаны үшін комитет келісім-шартты бұзған, сол үшін Комитеттің үстінен сотқа да жүгінген, бірақ, онда ұтылып қалған СМП-610 деген мекеменің қожайынын, яғни, И.Әбішев жеке басының өзінше өкпе-реніші бар, бүгінгі таңда түнде түсіре алатын бейнекамералар секілді арнайы құралдармен арнайы мекемелерді жабдықтаумен айналысатын адамды «имитатор» ретінде ресми түрде жалдап, соның жалғыз арызын негізге алып, киіміне түрлі бейнеқұрылғыны іліп алған ол «имитатор» үш ай бойы жасырын тергеу әрекетімен айналысып, И.Әбішевтің сөзінің бәрін жазып… Соңына соншама шырақ алып түсетіндей не жазып қалып еді Әбішев?..

Күштіден де күшті бар…                                                                                            

Бюджетті «распил» жасау арқылы (дәл осы жағынан әлемде біздің алдымызға түсетін ешкім жоқ шығар – Астанада автобус аялдамасын салуға 10 млн. теңге, Талдықорғанда қала қақпасын (арканы) соғуға 930 млн. теңге жұмсаймыз, астанадағы тұрғызылғанына он жыл да болмаған триумфалдық арканы күрделі жөндеуден өткізуге 410 млн. теңге сұраймыз, т.т.) қалтаға түспей қалған орасан көп ақшаның күйігінен басқа не себебі болуы мүмкін бұның?.. «Сөздің өтірік-шынына қарама, қисынына қара» депті дана бабаларымыз. 2013 жылы жасалған еліміздегі «Суармалы жерлерді қалпына келтірудің» мемлекеттік бағдарламасында (ары қарай – Бағдарлама) 60 мың га жерді айналымға қосуға, 0,9 млрд. м3 суды үнемдеуге, 0,6 млрд. м3 қар, жаңбыр суын жинауға 1 533 млрд. теңге бюджеттен бөлінетін болады. Ал, И.Әбішев басқаратын комитет 2014 жылы 6 ай тынбай жұмыс істеп, қайта жасап шығарған бағдарламада 610 мың га (10,16 есе көп) жерді айналымға қосуға, 2,4 млрд. м3 (2,66 есе көп) суды үнемдеуге, 1,9 млрд. м3 (3,16 есе көп) қар, жаңбыр суын жинауға бюджеттен 580 млрд. теңге (2,9 есе кем немесе 963 млрд. теңге аз) бөліну көзделген. Сонда бюджетке жер аумағының өзінен 27 есе артық, қалған екі көрсеткішті қоссақ, ең кемі 30 есе артық қаржы салынып отыр. Бір ғана нақты мысал: бұрынғы бағдарламада Астана су қоймасын қоршауға 31 млрд. теңге қаралған екен. Ол жұмысты И.Әбішевтің комитеті 2 млрд. теңгеге орындап шығыпты… Енді осыншама артық есептелген Бағдарламаның Парламентте (Мәжіліс пен Сенатта) мақұлдауына ие болу қатардағы кез-келген министрдің қолынан келеді деген ертегіге сенуге бола ма? И.Әбішев: «Елбасы менің аналитикалық анықтама жазған қағазыма мына төмендегі бұрыштаманы жазды: «Б.Сағынтаевқа, А.Мамытбековке. И.Абишевтің ұсыныстары бұрынғы бағдарламадан ұтымды. Қарап, үкіметте шешім қабылдау үшін. Н.Назарбаев. 19 қараша 2014 ж

Бірінші Президенттің осындай қолдауын алғанына қарамай, жаңа Бағдарламаны Үкіметте бекіттіру үшін И.Әбішевтің екі жыл уақыты кетті: «2014 жылдың желтоқсан айынан бастап, 2016 жылдың желтоқсан айына дейін 2 жыл бойы ескі программаға өзгеріс ендірумен жүрдік.  Сонда 2 жыл тексергенде ешқандай параметр өзгерген жоқ, тек ішіндегі сөздерді «олай жазу керек», біресе «былай   жазу   керек» деген сылтау­лармен созыла берді. Мысалы, 1 трлн. теңге артық жоспарланған бұрынғы программа ішінде біз жүргізген есептердің бір де біреуі болмаса да, мен төрағалықтан кеткеннен кейінгі (2013 жылдың тамызы – Ө.А.) 9 айда оп-оңай қабылданып, қомақты қаржылар бөліне бастаған… Бір жиында Елбасыға бағдарламаның созылып жатқанын айтқанымда, тиісті министрліктер маған жабылып кетіп, мен кінәлі болып шықтым. Ескі программаға бөліне бастаған қаржылар сап тыйылды. Біздің қысқартқан, барлық есеп-қисабы бар нақты дәлелденген бағдарламамызды 2 жыл дегенде әрең қабылдады да, мемлекеттен қаржыландырудан бас тартып, қаржы көзін өзгертіп, «халықаралық қаржы ұйымдарынан несие алыңдар» деп бекітіп берді…»

Ендеше, осындай «дүмі диірмен тартатын» құдыретті жандар ғана И.Әбішевтің қалайда сотталуына мүдделі» деген болжамымыздың қисыны бар шығар? «Бәрібір, қисыны жоқ» десеңіздер өздеріңіз білесіздер. Тек күдіктенуге құқығымыз бар болған соң айтып жатырмыз…

«Жазықсызға жазылған үкім. Өштіктен туған ұйғарым»

«Если у вас нету тети,

Ее вам не потерять».

Сергей Никитин

Тақырып – бүгінгі қазақ журналистерінің арқа тұтар үлкені Марат Бәйділдәұлы (Тоқашбаев) ағамыздың сөзі. Ары қарай ол кісі былай дейді: «Сот екеуін ақтап жіберсе, финпол екі азаматты бір жылға жуық әуре-сарсаңға салғаны үшін жауапты болып қалады. Ондай жағдайда финпол ерегіспен сот саласына шүйлігері анық. Соттамайын десе финполдан қорқады, соттайын десе қоғамдық айыптаудан қорқады. Екі оттың ортасында қалған судья Қажымұқан Мекемтас, жоғары жақтың келісімімен болар, Ислам мен Серікті құрбандыққа шалып жіберді. Бұл Қазақстанда сот саласында әділеттіліктің жоқ екендігін көрсетеді.

Судьяның адвокат Абзалға, журналистер Өмірзақ пен Сәулеге қатысты «сот беделін түсірді» деп арнайы ұйғарым шығаруы тіпті кісі күлерлік жайт. Сот беделін олар емес, нақ өзі түсіріп жүргенін қатысып отырған жұрт талай рет көрді ғой. Сондықтан, мұны мен судьяның жеке мүддемен ӨШ алуы деп есептеймін.

Ислам мен Серік бұл әділетсіз үкімнен соң еңселері түспей, желке жүндері жығылмай, аяғына дейін күресулері керек. Халық көріп отыр, халық Сіздерді қолдайды! Түбінде шындық жеңеді!»

Үкімнің не себепті әділетсіз шығарылғаны жайлы өз пікірімізді айттық. Ал, адвокат А.Құспан мен С.Әбілдаханқызы үшеумізге қатысты жекеше ұйғарым жөнінде ағамыздың өте әділ де дәл бағасына жалғыз ауыз сөз қосқан жөн шығар: «жыласаң тағы ұрамын» деген ұстаныммен шығарылған бұл ұйғарымның түпкі мақсаты қоғамға «жазықсыз жандарға араша боламын, әділеттілік жайлы айтамын деп әуре болмаңдар, «сотқа жала жапты» деп, басқаларыңыздың да аузыңызға құлып салу қолымыздан келеді» деген ишара деп түсінеміз.

«Сот жеңіл жаза берді ғой, неге риза болмайсыздар?» деген сұрақ тууы мүмкін. Меніңше сот ол үкімді амалының жоқтығынан, халық қаһарымен есептеспесе болмайтындықтан, ғана жеңілдетіп беріп отыр. Себебі, соңғы 4-5 айда қалың ел Ислам Әбішевтің шын мәнінде елім деп туған ер екенін танып, біліп, түсініп болды. Кәзір посттың астындағы комментарийлдерде бұрынғыдай білмей беталды сөйлеу азайды, сыртынан күйе жағу сиреді, тіпті, жоқ есебі десе де болады. Өйткені, Шындық, дәлелді дерек пен нақты дәйек кімнің болса да мойнын бұрғызбай қоймайды. Осы 30 жылдық нарық заманында өзінің үй-жайын, компаниясының дүние-мүлкі мен ғимаратын кепілге қойып, қарапайым шаруалардың 3 мың отбасына 1 млрд. теңгеге жуық ақшаны кредитке алып берген Ислам Әбішевтен басқа кім бар? Иә әкім, иә кәсіпкер-бизнесмен бар ма? Жоқ қой! Олигархтар мүлдем жоқ.

Ендеше, осындай халық құрметіне бөленіп, аты дүйім Алаштың аузындағы ұранына айналып келе жатқан адамды аяусыз жазалауға соттың дәті шыдамады деп түсінген абзал. Оның үстіне алда Жоғарғы Сот бар, оған кассациялық шағым беру мүмкіндігі бар. Ал, Жоғарғы Сот тек құжаттармен жұмыс істейді. «Айыптау жағының қорытындысын 100 пайыз жоққа шығардық» деген адвокаттардың сөзі бар. Тіпті, соның 50 пайызының өзі Ислам Әбішевті ақтауға артығымен жетіп жатыр. Демек, шынайы Әділет салтанат құратын күн де алыс емес. Себебі, көне римдіктер дұрыс айтқан, Әділет күйреген күні мемлекет те күйрейді. Мемлекет оған түрлі себеппен жол беріп қоюы мүмкін, ал, қоғам, әсіресе Ислам Әбішевтей халықтың қамын шын мәнінде ойлайтын ерлері бар бүгінгі қазақ қоғамы оған жол бере алмайды…

Өмірзақ Ақжігіт

qazaquni.kz