Есей Жеңісұлы: Қашан қоғам орнар екен ақ, әділ…

1595
0
Бөлісу:

Дулат Ағаділ өліміне

Бәріңнің де шенділерге өкпең көп,
Даурықпаңдар!
Оны ешкім тепкен жоқ,
Топқа салып, тарпымады көп жендет.
Ғазірейіл төнген кезде көктен кеп…
…Ол өзінің ажалымен кеткен жоқ…

Ақпан күні тауысқанда жарығын,
Үшеу кіріп, есін алып бәрінің,
Алға салып Алашының нар ұлын,
Алып кетті… айтпай сөзің анығын,
Түспеді еңсе, қушимады жауырын.

«Белсендім-ай, шылбырыңды босқа үздің,
Жоғын жоқтап неғыласың бес қыздың?
Жүретіндей құрық көрмей, бос тізгін,
Тұсауыңды кімге сонша кескіздің?» –
деді ме, әлде демеді ме үш құзғын?..

Көрінбесін соққы берген «сый» беттен,
Жендеттерді басқа әдіске үйреткен:
Сорлы болсын құр сүлдерін сүйреткен,
Іштен ұрып, тебу керек бүйректен…
Осы тәсіл талай ерді «билеткен».

Ол ашынған, жаны ауырған ұл еді,
Айналасы құлдық ұрған құл еді…
Абақтыға барғаны сол күн еді…
Аяқ асты «ұстап қалды» жүрегі.
Бәрін Алла, бәрін Алла біледі…

Бұл пенденің тіршілікте ісі көп,
Диірменді айналдырар күші көп.
Таңданбайық, оқиға ғой «кішірек»:
Біздің елдің батырлары – «кісінеп»,
Өзін-өзі атады ғой үш рет.

Талай ерді тізерлеткен дала бұл,
Талай езді қоқырайтқан қала бұл.
Аңыраған алты бала, ана бұл…
Арғы жақта соған қорған бола жүр –
Қашан қоғам орнар екен ақ, әділ…
Бақұл болғын, Дулат бауыр Ағаділ…

Есей Жеңісұлы,

Қазақ үні

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Пікір немесе жауап жазу